Батыс Қазақстанда Атырау мен Ақтөбе бағытындағы жолдар жабылды
Батыс Қазақстан облысында Атырау мен Ақтөбе бағытындағы жолдар жабылды, деп хабарлайды Kazinform.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ БҚО филиалының мәліметі бойынша 5 желтоқсан күні жергілікті сағат 19.00-ден бастап ауа райының нашарлауына байланысты республикалық маңызы бар екі жол бөлігінде барлық көлік түрлері үшін шектеу енгізілді.
Атап айтқанда, Атырау-Орал (189-372 км, Атырау облысының шекарасынан — Чапаев ауылына дейін) және Самара-Шымкент (393-526 км, Жымпиты ауылынан Ақтөбе облысының шекарасына дейін) жолы жабық тұр.
Жабылу себебі — қар аралас жаңбыр, жел, көктайғақ.
Осыған байланысты БҚО ТЖ департаменті ескерту жариялап, тұрғындарға хабарлама жіберді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да ауа райының күрт бұзылуына байланысты бірнеше жол жабылғанын жазған болатынбыз.