Батыс Қазақстанда ауыл көшелерінің суға толғаны рас па
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Жайық ауылында қос көшенің суға толып тұрғаны жөнінде әлеуметтік желіде бейнежазба жарияланды.
Осыған орай Kazinform тілшісі Ақжайық ауданы әкімдігіне хабарласып, нақты жағдайды білген еді.
Аудан әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, Чапаев ауылдық округіне қарасты Жайық ауылындағы Жақсығұлов және Қазақстан көшелеріне қар суы жиналғаны туралы жарияланым Instagram әлеуметтік желісіне 27 наурызда салынған.
Әкімдіктің нақтылауынша, бейнетаспа шамамен 17 наурызда түсірілген. Сол күні «ЖайықТехСервис» МКК техникасымен су бұру жолдарын тазалау жұмыстары жүргізілген.
Тұрғын үйлердің суға кету деректері тіркелген жоқ. Сондай-ақ ауыл тұрғындары 15-20 күн бойы үйлерінен шыға алмады деген дерек шындыққа сәйкес келмейді. Аудан орталығы Чапаев ауылымен қарым-қатынас ұйымдастырылып, балалар мектепке уақытылы барды.
— Бұдан бөлек, 2024 жылы Жайық елді мекенінің ауылішілік жолдарын күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама жасалды. Жолдың жалпы ұзындығы — 2,6 км, жоба құны — 260,3 млн теңге. Алайда қаржыландырудың жоқтығына байланысты аталған ЖСҚ мемлекеттік сараптамаға жіберілген жоқ, — делінген ресми жауапта.
Сонымен қатар Теректі ауданы Тақсай (Донецк) ауылының тұрғындары әлеуметтік желі арқылы аудан орталығымен байланыстыратын жолдың жоқтығын айтып шағымданды.
— Тақсай аудан орталығы Теректі ауылынан 5 шақырымдай қашықтықта орналасқан. Әйтсе де жөні түзу жол жоқ. Жолдың жоқтығы ауыл тұрғындары, автобус қатынасы, басқа да қызметтер үшін үлкен қиындық туғызып отыр. Мектепке, ауруханаға жету мұңға айналды. Бірнеше рет жүгінгенімізге қарамастан, осы кезге дейін әкімдік тарапынан еш шара алынған жоқ, — дейді тұрғындар.
Бұл мәселеге байланысты Теректі ауданы әкімдігінен мәлім еткеніндей, аудандық маңызы бар аталған жол 2026-2030 жылдарға арналған облыстық даму бағдарламасына енгізілген. Құм-қиыршықтас төсеу жұмыстарын жүргізу үшін жобаны жасау 2027 жылға жоспарланған. Ауа райы жақсарып, жер кепкеннен кейін Тақсай ауылына кіреберіс жолды мердігер ұйым «АСФА» ЖШС тегістейтін болады.
Теректі ауылдық округіне қарасты Тақсай елді мекенінде 45 отбасы тұрады. Тұрғындар саны — 108.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда еріген қар суы жолдың үстіне шығып кеткенін жазған едік.
Сондай-ақ Батыс Қазақстанда қар күрт еріп, жолды бұзып кетті.
Батыс Қазақстанда қар суы ауылға кіреберіс жолды шайып кетті.