Батыс Қазақстанда ауыл ішіне қасқыр кіріп кеткен

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданында ауыл ішіне қасқыр кіріп кеткен.

қасқыр
Фото: Видеодан скриншот

Әлеуметтік желіде таралған бейнежазбада мәлім болғанындай, қасқырды ауыл адамдары автокөлікпен таптап өлтірген.

Ескерту: Видеода балағат сөздер бар

Казталов ауданы әкімдігі оқиғаның 10 желтоқсан күні Әжібай ауылында болғанын растады.

— Қасқырды ауыл тұрғындары өз күшімен залалсыздандырған. Ветеринариялық станция өкілдері түз тағысының денесін жою жұмыстарын жүргізген. Қасқырдың басы облыстық ветеринариялық зертханаға жолданды. Ауылда жағдай тұрақты, — деп хабарлады ведомстводан. 

Көршілес Бөкей ордасы ауданы Бөрлі ауылында тұратын «Сисенғалиев Р.А.» шаруа қожалығының басшысы Исатай Сисенғалиев соңғы кезде қасқырдың малға шабуы жиілегенін жеткізді.

— Қазіргі кезде ит-құс күнде малды жеп не тартып кетіп жатыр. Қасқырдан зиянға қалған тұрғындар әлсін-әлсін хабарласады. Мұның бәрі — бөрінің көбейіп кетуінің кесірінен, — деді Kazinform тілшісіне И.Сисенғалиев. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда шаруалар мал қыстағына қаншалықты дайын екендігін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар