23:16, 25 Қазан 2024 | GMT +5
Батыс Қазақстанда аумағы 300 шаршы метр қойма жанып кетті
ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданы Мичурин ауылында қойма отқа оранды.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, 25 қазан күні шамамен сағат 20.15-те Заводская көшесі 10-мекенжайында ангар үлгісіндегі қойманың жанып жатқаны жөнінде хабар түскен.
«Аумағы 300 шаршы метр қойманың төбесі өртенген. Оны сөндіру екінші ранг бойынша жүргізілді. «Тілсіз жау» сағат 21.05-те оқшауланып, 21.31-де ауыздықталды. Зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталу үстінде. Оны сөндіруге жеке құрамнан 37 адам, 11 техника жұмылдырылды», деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда тұрғын үйдегі өрт саны 2,5 есе артқанын жазған болатынбыз.