Батыс Қазақстанда электромобильдер көбейді ме

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында электромобильдер саны қанша, бұл көліктер тұрғындар үшін қолжетімді ме, міне, осыны Kazinform тілшісі анықтап көрді.

электромобиль
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

Оралда бір ғана электрмен зарядтау станциясы бар

БҚО энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Бейімбет Мусиннің мәлім еткеніндей, ҚР Президентінің 2022 жылғы 26 қарашадағы № 2 Жарлығында 2029 жылға қарай еліміздің барлық ірі қалаларында электромобильдер үшін қажетті инфрақұрылым құру көзделген. Бұл бастама экологиялық таза көліктер санының артуына және қоршаған ортаға зиянды шығарындыларды азайтуға бағытталған.

Оның сөзіне қарағанда, статистикалық деректерге сәйкес Қазақстанда электр қозғалтқыштары бар 11 706 автокөлік тіркелген. Бұл электр қозғалтқыштары бар көлік түрінің саны өсіп келе жатқанын көрсетеді. Сонымен бірге елімізде 425 электр зарядтау станциясы (ЭЗС) жұмыс істейді. Зарядтау станцияларының ең көбі Алматыда (314), одан кейін Астанада (21), Шымкентте (11). 

— ЭЗС-тің таралуы еліміздің әр аймағында теңдей бөлінбеген, бұл көрсеткіш басқа қалаларда әлдеқайда аз. Бұл жағдай электромобильдерді кеңінен пайдалану үшін қажетті инфрақұрылымды жетілдіру қажеттігін көрсетеді. Қазіргі таңда жергілікті атқарушы органдармен электр зарядтау станцияларының санын көбейту және олардың жұмысын тиімді ұйымдастыру мақсатында техникалық шарттар алу және қосымша 196 ЭЗС орнату мәселелері пысықталуда. Бұдан, әрине, Батыс Қазақстан облысы да тыс қалмайды, — дейді Б.Мусин.

Оның айтуынша, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың тапсырмасымен бекітілген жол картасы аясында электр зарядтау станциясы орындары жол бойында және автовокзалдар аумағында орналастырылып, олардың тиімді қызмет көрсетуі қамтамасыз етілмек. Электр қозғалтқыштарының өрт қауіпсіздігін сақтау үшін арнайы талаптар енгізіледі. ЭЗС-тің дұрыс жұмыс істеуіне бағытталған техникалық стандарттар мен регламенттер әзірленеді. Электромобильдердің аккумуляторлық батареяларының экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі де қарастырылады.

Батыс Қазақстанда электр қозғалтқышы бар 66 көлік тіркелген 

Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің мәліметіне сәйкес өңірде қазіргі уақытта электр қозғалтқышы бар 66 көлік тіркелген.

— 2020-2024 жылдар аралығында қалада сатып алынған электр көліктерінің арасында ең көп таралған маркалар төмендегідей: Zeekr — 21, Lixiang — 11, Tesla — 8, Volkswagen — 7, BYD — 5 дана. Қалған электр көліктері әртүрлі маркалар, бұл электромобильдер нарығының әртүрлі брендтермен толықтырылып, тұтынушылардың таңдауының кеңейгенін көрсетеді, — дейді Бейімбет Мусин.

Статистикалық мәлімет бойынша Батыс Қазақстан облысында 2021 жылы 4 дана, 2022 жылы 18, 2023 жылы 28, ал 2024 жылы тек 12 дана электрокөлік есепке алынған.

— Күні бүгін Орал қаласында бір ғана электр зарядтау станциясы М.Шолохов көшесі 39 мекенжайында орналасқан. Бұл станциядағы зарядтау құны — 1 кВт үшін 85 теңге. Орташа есеппен алғанда, электр көліктерінің энергия шығыны — 100 км жолға 20 кВт/сағ. Демек, бір километрді жүріп өту құны — небәрі 17 теңге. Алдағы уақытта облыс орталығында осындай станцияларды көбейту ойластырылуда, — дейді басқарма басшысының орынбасары.

Көлік иесі не дейді?

Электромобильді пайдаланып жүрген тұрғындардың бірі, «Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы» ЖШС қызметкері Миржан Нысанов бұл көлікті қолдану тиімді екендігін жеткізді. Ол Lixiang көлігін Қытайдан тапсырыспен алдырған.

— Мұндай көлікке әркім өз жағдайына қарай қол жеткізе алады деп ойлаймын. Қалада бір электр зарядтау станциясы бар дейді. Мен өзімнің қуаты аз құрылғыммен зарядтаймын. Түнде қойғанда, таңға дейін зарядталып тұрады. Электромобильдің артықшылығы, оны қыздырып жатпайсың, отырасың да, жүре бересің. Екіншіден, қаланың ішінде ыңғайлы. Қоршаған ортаға зияны жоқ. Енді алыс сапарларға шыққанда, менің көлігім гибрид, аккумуляторды зарядтап алып, бензинмен де жүремін. Бензинге ауыстырғанда, өзін-өзі зарядтайды. Содан кейін қайтадан электрмен жүруге болады, — дейді М.Нысанов.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда автогаз бірде бар, бірде жоқ екендігін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар