Батыс Қазақстанда энергетика саласын жаңғырту бағытында не істеліп жатыр

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында электр желілерінің 80 пайыз тозғаны жөнінде айтылып-ақ жүр. Желді күндері электр жарығы аудан, ауылда ғана емес, қаланың өзінде өшіп қалып жатады. Үзілген электр сымдарына қоса бағаналар құлап, одан сайын қиындық келтіреді. Ендеше, өңірде энергетика саласын жандандыру бағытында қандай жобалар қолға алынып жатыр? Осы орайда Kazinform тілшісі сала мамандарымен тілдесіп көрді.

БҚО
Фото: БҚО Энергетика және тұрғын үй-үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы

Электр желілерінің тозу деңгейін қалай төмендетуге болады?

БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Мирас Мүлкәйдің мәлім еткеніндей, облыста электр беру желілері мен қосалқы станциялардың негізгі бөлігі 80,67 пайыз тозған.

Жыл басынан бері өңірде 241 апаттық айырылу дерегі тіркелді. Жөндеу жұмыстарын «Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы» ЖШС жыл сайын жүргізеді. 

БҚО
Фото: БҚО Энергетика және тұрғын үй-үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы

«Электр желілерінің тозуын төмендету мақсатында коммуналдық меншіктегі аталмыш компанияның электр желілеріне несие беру мәселесі күн тәртібіне қойылды. «Электр энергетикасы туралы» ҚР Заңына тиісті өзгерістер енгізілді. Қазіргі уақытта энергетика және энергетикалық инфрақұрылымды дамыту жобаларына жеңілдікпен несие беру мәселесі пысықталды. Осы орайда Қазақстан Республикасы Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы жобаларын қаржыландырудың 2024-2029 жылдарға арналған бағдарламасы мүдделі мемлекеттік органдармен келісілуде. Аталмыш бағдарлама бекітілгеннен кейін электр желілерін қайта құру бойынша дайын 12 жоба кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Бұл іс-шаралар электр желілерінің тозу деңгейін 62 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді», - дейді Мирас Рүстемұлы.

Биыл көктемде қардың тез еруі салдарынан облыс бойынша 626 бағана құлап, 12 трансформатор істен шықты. 5 кешенді трансформаторлық қосалқы станция жабдықтары, автоматты ажыратқыштары және қосқыштары бұзылды. Сол себепті кабельдік желілерді, сондай-ақ кернеуі 10 кВ және 35 кВ жоғары вольтты желілерді ауыстыру қажет болды. Жарықсыз қалған абоненттердің жалпы саны 14 мыңға жетті. 

БҚО
Фото: БҚО Энергетика және тұрғын үй-үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы

Басқарма басшысының айтуынша, «Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы» ЖШС-ның жедел күштері технологиялық бұзушылықтардың ошақтарын жойып, абоненттерді электрмен қамтуды қалпына келтірді.

Батыс Қазақстан облысы әкімінің «Табиғи сипаттағы төтенше жағдайды жариялау туралы» 2024 жылғы 1 сәуірдегі № 6 шешімімен облыс аумағында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланғаны мәлім.

«Күні бүгінге дейін облыстың жергілікті атқарушы органының резервінен 242 млн 257,286 мың теңге аталған компанияның зақымданған электр желілерін бірінші кезекте қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге берілді. Сонымен бірге Қазақстан Республикасы Үкіметінің төтенше резервінен «Батыс Қазақстан облысы, Бәйтерек ауданы 10 кВ Шалғай – Таловая әуе желісін күрделі жөндеу», «Батыс Қазақстан облысы, Бөрлі ауданы 35 кВ Кеңтүбек (Григорьевка) – Александровка әуе желісін күрделі жөндеу», «Батыс Қазақстан облысы, Шыңғырлау ауданы 35 кВ Шыңғырлау – Ащысай (Мырзағора) әуе желісін күрделі жөндеу» жобаларына 1 млрд 127 млн. 998,981 мың теңге бөлінді. Құрылыс-монтаждау жұмыстары жылыту маусымына дейін аяқталады»,  - дейді М.Мүлкәй.

Оның мәлімдеуінше, сондай-ақ 2024 жылы бірінші кезектегі арнайы машиналар мен жабдықтарды (барлығы 58 техника) сатып алу үшін компанияға жергілікті бюджеттен 1,9 млрд теңге бөлінді.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген Батыс Қазақстан облысының кешенді даму жоспары аясында үш жыл ішінде жалпы сомасы шамамен 20 млрд теңгеге 2019,5 шақырым электр желілері мен жабдықтарын (0,4-110 кВ қалалық және ауданаралық электр желілері) қайта құру (2023 жылы – 6 млрд теңге, 2024 – 7 млрд теңге, 2025 жылы – 7 млрд теңге) жоспарланған болатын.

Қазіргі уақытта 12 жобалық-сметалық құжаттама жасақталды.

«Дегенмен 0,4-35 кВ желілерін реконструкциялау бойынша жоспарланған іс-шараларды іске асыру үшін, атап айтқанда, коммуналдық меншіктегі өңірлік электр компанияларының электр желілерін несиелеу үшін «Электр энергетикасы туралы» ҚР Заңына, «Жылу, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салуды, реконструкциялауды және жаңғыртуды кредиттеу қағидаларын бекіту туралы» ҚР Ұлттық экономика министрінің бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет. Аталған Заңға қажетті түзетулер «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жаңартылатын энергия көздерін, электр энергетикасын және табиғи монополияларды пайдалануды қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы аясында пысықталуда», - дейді басқарма басшысы.

Оның атап өткеніндей, Мемлекет басшысының 2021 жылғы 26 қаңтардағы ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысының қорытындысы бойынша берген №21-01-7.1 тапсырмасының 2.45-тармағына сәйкес биыл ҚР Энергетика министрлігі, ҚР Ұлттық экономика министрлігі және БҚО әкімдігі арасында Батыс Қазақстан облысының электр желілерінің тозуын азайту бойынша жол картасы бекітілді.

Электр қуатын өзімізде өндіру маңызды

Басқарма басшысы бөліскен мәліметке қарағанда, облыста 5 кәсіпорын («Жайықжылуқуат» АҚ, «Орал газ турбиналық электр станциясы» ЖШС, «ҚПО б.в. газ турбиналық электр станциясы», «Батыс Пауэр» ЖШС, «Жайықмұнай» ЖШС) электр қуатын өндіреді. Өндіру көзі – табиғи газ. Жалпы қуаты 388,46 МВт болса, қолда бары – 343,01 МВт.

2023 жылы 2141,2 млн кВт сағат электр энергиясы өндірілді. Қажеттілік – 2182,4 млн кВт сағат. Ресей Федерациясынан 41,2 млн кВт сағат (1,9 пайыз) импортталды.

Биылғы алты айдағы көрсеткіш 1106,4 млн кВт сағат электр қуаты (қажеттілік – 1127,3 млн кВт сағат, Ресей импорты – 20,9 млн кВт сағат) болды.

«Батыс Қазақстан облысы Қазақстанның Бірыңғай энергетикалық жүйесінен оқшауланған шалғайдағы Бөкей ордасы және Жәнібек ауданына электр қуатын Ресейдің энергетикалық жүйесінен алады. Әлемдегі қазіргі геосаяси жағдайды және Мемлекет басшысының еліміздің энергетикалық қауіпсіздігіне қатысты осы салада өз ресурстарымызға сүйену қажеттігі туралы айтқан сөзін ескере отырып, электр энергиясының импортынан біртіндеп бас тартуды қарастыру қажет. Аталмыш мәселені шешу үшін Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауылында қуаттылығы 6 МВт газ поршенді электр станциясының құрылысына инвестор тарту ұсынылып отыр. Газ қозғалтқыштарына негізделген газ поршенді электр станциясын 110/35/10 кВ Жәнібек қосалқы электр станциясының тікелей жанынан орналастыру ойластырылуда», - дейді М.Мүлкәй.

Нендей жаңа жобалар жүзеге аспақ?

БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, Батыс Қазақстан облысы әкімдігі турбоагрегатты ауыстыру бөлігінде «Жайықжылуқуат» АҚ-да Орал жылу-қуат орталығын қайта құру жобасын жүзеге асыруда. Бұл электр қуатын 12 МВт көлемінде ұлғайтуға мүмкіндік береді. Яғни жылу-қуат орталығында қазір 46 МВт болса, ол 58 МВт-ға жетпек.

«Жобаның жалпы құны – 3,2 млрд теңге. 2023 жылы жергілікті бюджеттен 2,2 млрд теңге бөлініп, соның 1,6 млрд теңгесі игерілді. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары 96 пайызға атқарылды. Турбинаны іске қосу-реттеуге дайындық және басқа қажетті жұмыстар жүргізілуде. Бұл жоба облыс орталығының тұрғындары үшін маңызды. Өйткені турбинаны ауыстыру электр энергиясын тұрақты өндіру есебінен энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді», - дейді М.Мүлкәй.

Тағы бір маңызды жоба – Орал қаласында жаңадан бой көтеріп жатқан «Ақжайық» шағынауданын электр қуатымен үздіксіз қамту үшін жалпы құны 2,9 млрд теңге тұратын қосалқы станция салынды. Өткен жылы бұған республикалық бюджеттен 1 млрд 086,503 млн теңге, жергілікті қазынадан 573,485 млн теңге қаралып, соның 1 млрд 108 млн теңгесі игерілген еді. Республикалық бюджеттен биыл 1 млрд 109 млн 106,5 мың теңге бөлініп, құрылыс-монтаж жұмыстары толықтай орындалды. Аталмыш нысан 120 мың абонентті жарықпен қамтиды. Жобаны облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының тапсырысымен «Электромонтаж» АҚ жүзеге асырды. Станцияға қажетті құрылғыларды жергілікті «Alageum Electric» компаниясы дайындады.

Сонымен қатар Орал қаласында ГТС-54 маңында қосалқы станция құрылысы басталды. Бұл жобаның құны – 3 млрд 731,02 млн теңге. Республикалық бюджеттен 3 млрд 291,251 млн теңге, облыстан 365,695 млн теңге қарастырылды. Жергілікті бюджеттен 84,776 млн теңге аванс ретінде төленген. 2025 жылдың басында пайдалануға беру көзделіп отырған бұл жоба қаланың солтүстік-шығыс бөлігіндегі шамамен 230 мың тұрғынды электр қуатымен тұрақты қамтуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ қалаға қарасты Зачаган кентінде 622,481 млн теңгеге жөндеу-өндірістік базасы салынуда. Мұндағы мақсат – электр желілерінде пайда болатын зақымдар мен апатты жедел жою.

Өңірлік компания әлеуеті қандай?

«Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы» ЖШС директоры Қуат Мусиннің айтуынша, биыл жөндеуге 500 млн теңге қаралса, соның 248,049 млн теңгесі аудандық электр тораптарына бағытталмақ. Осы қаржыға жылыту маусымына дейін 594,58 км 0,4-110 кВ әуе желілерін, Бәйтерек пен Шыңғырлау ауданында 19 қосалқы станция, 214 жинақты-трансформаторлық қосалқы станцияларды жөндеу көзделіп отыр.

«Көктемгі су тасқынынан кейін аудандарда төтенше жағдай бойынша қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Күні бүгін Қаратөбе ауданы Қоржын ауылында 15,22 км, Теректінің Аңқатысында 3,6 км, Бөрлінің Бөрлі кентінде 3,83 км, Жаңақала ауданы орталығы Жаңақалада 1,2 км электр желілері, Тасқалада Оян, Бәйтеректе Белес, Раздольное, Рубежка 35/10 қосалқы станциялары жөнделді. Сырым ауданы Жымпиты ауылында әкімшілік ғимарат бой көтеруде», - дейді Қуат Наурызұлы.

Сонымен қатар инвестициялық бағдарлама аясында 874 млн 354,35 мың теңгеге Орал қаласы мен аудандарда 74,66 км электр желісін жөндеу жоспарланып отыр.

Компания құрамына 16 аудандық электр торабы, қалалық филиал, материалдық-техникалық қызмет көрсету базасы және бас басқарма кіреді. Кәсіпорын теңгерімінде кернеуі 220-дан 0,4-ке дейін кВ 20 531 км электр желісі, 35-220 кВ 152 қосалқы станция (жалпы қуаты 1 135,841 МВА), 10-35/0,4 2 988 трансформаторлық пункт (жалпы қуаты – 533,589 МВА) бар.

Жыл соңына дейін электр желілерінің тозуын 80,67-ден 1,33 пайызға, яғни 79,34 пайызға дейін төмендету межеленген.

«Компанияда қызметкерлердің штаттық саны 1 665 болса, тарифтік сметада бекітілгені – 1 454. Қазіргі таңда 1 499 адам жұмыс істейді. Орташа айлық еңбекақы – 171 404 теңге», - дейді Қ.Мусин.

Өңірдегі тәжірибелі маманның бірі, Сырым аудандық электр торабының бас инженері Серікбол Мұқанов энергетика саласын жаңғыртудың бәрі қаржыға тірелетінін айтады.

«1973 жылы салынған әуе желілері ескірген. Күшті жел тұрса немесе қыста боран соқса, жарық жиі сөнеді. Мен осы салаға 1978 жылы келгенде, әуе желілері жаңа еді. Қазіргі таңда 35 кВ, 10 кВ әуе желілерін, 35/10 кВ қосалқы станцияны жаңғырту қажет. Кадр мәселесіне келетін болсақ, жоғары оқу орнын бітіріп келетін жастарға көбірек көңіл бөлу керек. Үймен қамтып, көтермеақы беру қажет. Сосын, әрине, көп нәрсе айлыққа байланысты. Өкініштісі, біздің салаға келген жас маман 1 жыл жұмыс істеп, үйреніп, тәжірибе алып, басқа компанияға кетіп қалады. Біздің де мақсатымыз – білікті мамандарды даярлап, олардың шеберлігін ұштау», - деді С.Мұқанов.

Орал қаласының тұрғыны, еңбек ардагері Қапиет Ғиниятұлы жел болса да, жаңбыр жауса да, электр жарығы сөніп қалатыны ащы шындық екендігін жеткізді.

«Қала шеті өз алдына, тіпті орталық көшелердің өзінде мұндай жағдайдың жиі орын алатыны өкінішті. Мен бұл саланың маманы емеспін. Дегенмен өз ойымды айтсам, электр желілерін жаңғыртып, күш-қуатын тепе-тең қылып, трансформаторларға бөлмесе, жағдай оңалмасы анық. Себебі кейде «Не болды?» деген сұраққа «Трансформатор қысымды көтере алмай, жанып кетті» деген жауапты естіп жатамыз. Сондықтан электр желілерін жаңғыртып қана қоймай, трансформаторларды да ретке келтіріп, күш түсу қуатын тең бөлу керек деп есептеймін. Жаңа шағынаудандар салынған кезде осыны ескерсе екен. Қаланың әр бөлігінде үйлер бой көтеріп жатыр, жаңа трансформатор салынып жатқан жоқ. Оларды бұрынғыларына қоса салады. Қысымды көтере алмау содан шығады. Желілер үзілмей, апатты жағдай болмай, электр қуаты бірқалыпты беріліп тұрса, үйлердегі тұрмыстық техникалар жанып кетпес еді. Бұл халыққа да зиян. Осылардың бәрін алдын ала жан-жақты зерделеу керек деп ойлаймын», - деді Қ.Ғиниятұлы.

Міне, біз Батыс Қазақстанда энергетика саласын жаңғырту бағытында мамандардың уәждерін, бұл мәселеге бей-жай қарамайтын тұрғынның пікірін ортаға салдық. Ең бастысы, салада жылдар бойы қордаланып қалған мәселелердің шешілуі қажеттігі күмән туғызбайды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда елді мекендер газбен қалай қамтылып отырғанын жазған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар