Батыс Қазақстанда есірткіге тәуелді 720-дан астам адам есепте тұр
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында «Орал – есірткісіз қала» атты есірткіге қарсы бағдарлама таныстырылды. Баспасөз мәслихатына БҚО полиция департаментінің басшылығы, құқық қорғау және мемлекеттік органдардың өкілдері, еріктілер, депутаттар, спортшылар, психологтар, нарколог-дәрігерлер қатысты.

Жиынды ашқан БҚО полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Арман Оразалиевтің атап өткеніндей, жаңа бағдарламаның ерекшелігі, пилоттық жоба ретінде ұзақ мерзімді іс-шаралар жыл соңына дейін жүргізілетін болады.

«Бұған дейін біз нашақорлыққа қарсы күрес бойынша қысқа мерзімді іс-шаралар, акциялар, рейдтер өткіздік. Соның нәтижесінде белгілі бір ақпарат бойынша жұмыс істеп, күдіктілерді ұстап, құрықтадық. Енді бұл бағыттағы жұмысқа барлық мүдделі қызметтерді, педагогтарды, ата-аналарды, жалпы қоғамды жұмылдыру көзделуде, сондықтан барша азаматтарды бей-жай қарамауға шақырамыз. Жыл соңында бағдарламаның әрбір тармағы бойынша атқарылған жұмыстарға талдау жасап, тиімділігі мен кемшіліктерді анықтаймыз. Барлық құқық қорғау органдарымен, мемлекеттік мекемелермен, қоғамдық бірлестіктермен бірге 2025 жылға арналған жоспар құрып, талдау нәтижесі бойынша бағдарламаны жетілдіретін боламыз», - деді А.Оразалиев.
Департамент бастығының айтуынша, бағдарламаның негізгі мақсаты – есірткісіз дені сау, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Бұл бағдарлама есірткінің салдарын жоюға, алдын алуға бағытталады.

«Балаларға түсіндіру үшін көрнекі құралдар жетіспейді, сол себепті олар есірткінің не екенін түсінбейді. Ерте кезден темекі, вэйп тартады, кейін синтетикалық есірткілерге көшеді. Міне, біздің бағдарламаның мақсаты – жастарымызға соның салдарын түсіндіру. Себебі мұндай әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілік 14 жастан бастап көзделген, сот практикасы бойынша 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Осы жылы ұсталғандардың ішіндегі біреуі – оқушы, үшеуі – колледждің 1-2 курс студенттері, 1 жасөспірім 7,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесіліп, колонияға қамалды. Былтыр кәмелетке толмаған 3 жасөспірім бас бостандығынан айырылды. Қазіргі таңда есірткі тарататындарды, зертханаларды, есірткіні жасыратын адамдар мен орындарды анықтап жатырмыз. Әлеуметтік желілердегі есірткімен байланысты хабарландырулар бойынша жұмыс жүргізіледі. Кейбір балалар хабарландыруға қызығып, өзінің есірткіні жасырушы болып жүргенін білмейді. Осындай жағдайларды болдырмау үшін түсіндіру жұмысын ерте жастан бастап жүргізу ұсынылады. Осы ретте айтарым, Заңды білмеу қылмыстық жауапкершіліктен босатпайды», - деді Арман Оразалиев.
Оның мәлімдеуінше, облыста есірткіге тәуелді 722 адам есепте тұр. Нашақор есебіндегі адамдар жасарып барады, орта есеппен 30 жасқа дейінгілер, ең жасы 14-те. Өткен жылы Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарының, Алматы мен Шымкент қалаларының 8 тұрғынынан құралған қылмыстық топ ұсталды. 1,5 тоннадан астам көкнәр сабағы тәркіленді, мұнда 150 млн доза бар, құны 14 млрд теңгеден асады. Қылмыстық іс сотқа жолданды.
«Биыл 162 құқық бұзушылық тіркелсе, оның 54-і – есірткі қылмысы, соның ішінде 26-сы есірткіні өткізу бойынша. Заңсыз айналымнан 32 кг есірткі алынды, оның ішінде 25 кг марихуана, 600 гр гашиш. Орал қаласының 5 тұрғынынан құралған 1 қылмыстық топ ұсталды, олар 2 интернет-дүкен ашқан. 2500 дозадан астам гашиш тәркіленді, құны - 6 млн теңге. Ұйымдасқан қылмыстық топтың 2 мүшесі ұсталды», – деді департамент бастығы.
Жиында сондай-ақ облыс прокурорының орынбасары Азамат Сәтбаев, БҚО қоғамдық даму басқармасының басшысы Дархан Қадыралиев, облыстық психикалық денсаулық орталығы директорының орынбасары, дәрігер-нарколог Ерлан Шомбалов және басқалар сөз алып, полицейлердің бастамаларын қолдады. Өз ұсыныстарын да жеткізді.