Батыс Қазақстанда газбен қоса бензин тапшылығы туындады

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында газбен қоса бензиннің жетіспеуі байқалып отыр.

бензин
Фото: pixabay.com

БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Бейімбет Мусиннің Kazinform тілшісіне мәлім еткеніндей, өңірде 131 жанар-жағар май құю стансасы болса, соның 26-сында немесе 20 пайызында АИ-92 бензині жоқ.

Оның сөзіне қарағанда, сақтау қоймаларында 3 638 тонна АИ-92, 500 тонна АИ-95 және 10 672 тонна дизельді отын бар. 

Бензин тапшылығы Атырау мұнай өңдеу зауытының 1 қазаннан 25-іне дейін жоспарлы жөндеу жұмыстарына жабылуына байланысты. 

«Жоспар бойынша осы айдың 20-сына таман Атырау мұнай өңдеу зауыты қосылуы мүмкін. Сонда жағдай реттеледі деп ойлаймыз», - деді Б.Мусин.

Орал қаласында кейбір жанар-жағар май құю стансаларында АИ-92 бензинінің жоқ екендігін жүргізушілер де растады.

«Бүгін «Беркут» жанар-жағар май құю стансаларына барып едім. АИ-92 бензині болмады. Қымбаттау түссе де, АИ-95 бензинін құйдырдым», - деді қала тұрғыны Нұржан Ихсанов. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстан облысында сұйытылған газ тапшылығы туындағанын жазған болатынбыз.

Кейінгі күндері Орал қаласында автогаз құю стансаларында ұзына-шұбақ кезек қалыптасқан.

Соңғы жаңалықтар