Батыс Қазақстанда игерілмеген 119 мың гектар ауыл шаруашылығы жері мемлекетке қайтарылды
Батыс Қазақстан облысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу нәтижесінде игерілмеген 119 мың гектар 121 ауыл шаруашылығы жер телімі жергілікті атқарушы органдардың араласуымен мемлекетке қайтарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО бойынша департаментінің басшысы Әділхан Сабуровтың мәлім еткеніндей, Батыс Қазақстан агроөнеркәсіптік өңір болғандықтан, ауыл шаруашылығы жерлерінің тапшылығы туралы хабарлама көптеп түседі.
Оның сөзіне қарағанда, департамент сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға ерекше мән береді. Осы орайда өңірдің ерекшеліктері ескеріле отырып, жеті маңызды бағыт айқындалған. Атап айтқанда, жер қатынастары, жолдар мен инфрақұрылым, экология, ауыл шаруашылығы, медицина, білім беру, сондай-ақ бизнесті қорғау мәселелері.
Департамент басшысының айтуынша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізу аясында 248 жер телімінің заңсыз берілгені анықталды. Соған орай қаулылардың күшін жою туралы нұсқамалар берілді.
Сол секілді Теректі ауданы әкімдігі 1014 азаматқа жеке тұрғын үй құрылысы үшін газ және электрмен жабдықталмаған жер берген. Департаменттің ұсынысымен жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, коммуникациялар жүргізу жұмыстары басталды.
Сондай-ақ департаменттің ұсынысымен әкімдіктің жерді жалға беруден (ұзартудан) бас тарту туралы, кейіннен жер пайдаланушылардың пайдасына жаңа құқықтық актілер шығарудан бас тарту туралы 9 қаулысының күші жойылды.
Оған қоса энергия беруші ұйым электр қуатын пайдалану ережесін бұза отырып, бизнес нысандарынан техникалық шарттар алуды заңсыз талап еткен. Бұл тәжірибе тоқтатылды.
Халыққа ауызсуды субсидиялау саласында да кемшіліктер анықталып, мемлекетке 108 млн астам теңге залал келтірілген. Қазіргі уақытта аталған қаржы көлемін өтеу бойынша шаралар қабылданды.
Департамент сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлармен бірлесіп, 37 мың тұрғыны бар 52 елді мекен үшін су құнын арзандатуға субсидия бермеу деректерін анықтады.
Атап айтқанда, Батыс Қазақстан облысының ауызсумен жабдықтаудың баламасыз көздері болып табылатын сумен жабдықтаудың ерекше маңызды оқшау жүйелерінің тізбесіне 52 елді мекеннің жергілікті су құбырлары енгізілмеген, соның салдарынан тұрғындар ауызсуды субсидиялау мүмкіндігінен айырылған. Мысалы, Теректі ауданының бірқатар ауылдарында судың құны 643 теңгені құрап отыр. Күні бүгін 3 мыңнан астам тұрғыны бар 5 елді мекендегі су құбырлары сумен жабдықтаудың ерекше маңызды оқшау жүйелерінің тізбесіне енгізілді.
Алдағы уақытта ауызсуды субсидиялау мүмкіндігі қарастырылатын болады. Қалған елді мекендердегі су құбырлары бойынша жергілікті атқарушы органдар тарапынан тиісті жұмыстар атқарылуда.
«Агенттік жыл басынан бері «Бизнеске жол» жобасын жүзеге асыруда. Бүгінгі таңда біз 400-ден астам кәсіпкердің жер қатынастары, бақылау және қадағалау, инфрақұрылым, әкімшілік тәжірибе, мемлекеттік сатып алу, ауыл шаруашылығы, мемлекеттік мүлікті басқару, экология салалары бойынша проблемалық мәселелерін шештік. Мәселен, білім беру саласында мемлекеттік сатып алу туралы шарттарды орындау мерзімдерін заңсыз қысқарту деректері белгілі болды. Қырықтан астам білім беру ұйымдары 180 бизнес нысанымен мемлекеттік сатып алу туралы шарттар жасасқан кезде күнтізбелік он бес күннен аз мерзім көрсетіп, кәсіпкерлердің құқығын шектеген. Бұдан басқа Орал қаласының білім беру бөлімі жеке кәсіпкерлерге 30 білім беру ұйымында турникеттер орнату үшін төтенше жағдайлар жөніндегі органмен келісу түріндегі міндетті негізсіз жүктеген. Бұл келісім кәсіпкерлер үшін қосымша уақытты талап етті, салдарынан жекелеген мектептерге тауарлар уақтылы жеткізілмей, тұрақсыздық айыбы қойылды. Қорыта айтқанда, азаматтар сыбайлас жемқорлық деректері бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің 1424 Call-орталығына жүгіне алады», - Әділхан Бәделханұлы.