Батыс Қазақстанда қабан аулаған браконьер ұсталды
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің табиғатты қорғау полициясы заңсыз аң аулау дерегін анықтады.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға Бәйтерек ауданы аумағында болды.
Түнгі уақытта Үлкен Шаған-Переметный тас жолының 15-шақырымында Орал қаласының 53 жастағы тұрғыны айдап келе жатқан Toyota Land Cruiser автокөлігі тоқтатылды.
— Көлікті тексеру барысында салоннан екі қабанның ұшасы, 7 дана оқ-дәрі, екі пышақ және бір балта табылып, тәркіленді. Көлік айып тұрағына қойылды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, — деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да қару мен киік мүйізін заңсыз сақтаған шаруа қожалығының басшысы ұсталғанын жазған едік.
Сондай-ақ Батыс Қазақстанда 3 автокөлік соқтығысып, жүргізуші көз жұмды.