Батыс Қазақстанда қар күрт еріп, жолды бұзып кетті

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы Дуана елді мекеніне баратын жолды қар суы бұзып кеткені жөнінде әлеуметтік желіде бейнежазба жарияланды.

Батыс Қазақстанда қар күрт еріп, жолды бұзып кетті
Фото: Видеодан скрин

Бейнежазбада ер адам аудандық маңызы бар Сарыөмір-Дуана жолдың үстімен еріген қар суының ағып жатқаны жөнінде айтады.

— Қар суы жолды 24 наурыз күні бұзып кетті. Бүгін, 25 наурызда ағыс бәсеңдеген, — дейді тұрғын.

Осыған орай Kazinform тілшісі Теректі ауданы әкімдігіне арнайы сауал жолдаған еді.

Аудан әкімінің орынбасары Дархан Абдрашитовтың мәлім еткеніндей, 24 наурыз күні дала қарының күрт еруіне байланысты Дуана ауылының кіреберіс жолының 3,5 шақырым бөлігінде су тасуы орын алды.

— Дуана елді мекеніне қатынас бар. Кезекшілік ұйымдастырылды. Қазіргі уақытта судың деңгейі түсіп, тасу азайды. Жағдай қатаң бақылауда. Сарыөмір мен Дуана ауылының арасы 25 шақырым. Дуанада 25 үй бар, — деді Д. Абдрашитов.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда еріген қар суы жолдың үстіне шығып кеткенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар