Батыс Қазақстанда карьерлер заңды пайдаланылып отыр ма

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында мемлекеттік орман қоры жерлерінен карьер қазып, пайдалы қазбалар алу экологтар мен тұрғындар қарсылығына ұшырап, жиі алаңдаушылық туғызып келеді. Kazinform тілшісі мамандарға жолығып, осы күрделі мәселені зерделеп көрді.

Батыс Қазақстанда карьерлер заңды пайдаланылып отыр ма
Фото: ҚазАвтоЖол

Теректі ауданындағы карьер заңды ма?

Заңгер, БҚО қоғамдық кеңесінің мүшесі Бауыржан Ахметжанның Facebook әлеуметтік желісінде мәлім еткеніндей, оған Теректі ауданы Шаған ауылдық округі аумағында бульдозерлер жер қазып, топырақ алып жатқаны жөнінде ақпарат түскен. 

БҚО геоақпарат порталынан анықталғандай, «АтырауСпецТрансСервис» ЖШС Теректі ауданында Шаған және Ақсуат ауылдық округтерінде екі жерден учаске алып, карьер қазған. 

— Алынған топырақ Shacman және «КамАЗ» ауыр жүк көліктерімен тасылып, Теректі ауданы Постепный ауылы маңындағы жол құрылысына пайдаланылуда. Республикалық маңызы бар Подстепный-Теректі-РФ шекарасы автожолын (0-144 км) реконструкциялау жүргізілуде. Аталмыш трассаны жөндеу төрт бөлікке бөлінген, — дейді Б.Ахметжан. 

Бауыржан Ахметжан
Фото: Бауыржан Ахметжанның жеке мұрағатынан

Оның айтуынша, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ қазіргі уақытта екі мердігермен келісім-шарт жасаған. Оның бірі — «Казкомсервис» ЖШС — 0-36 км, келісім-шарт құны — 31 млрд 532 млн 650,542 мың теңге.

Екіншісі — «ДСК Приоритет» ЖШС аталмыш жолдың 108-144 км аралығын салуда. Келісім-шарт құны — 15 млрд 735 млн 378,638 мың теңге.

Қалған екі учаскені БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы өзіне алып, оны «ҚПО б. в.» компаниясы арқылы қаржыландырған. Жолдың 36-72 км бөлігі — «Адал арна» ЖШС, 72-108 км — «ДСК Приоритет» ЖШС еншісінде. Алайда бұл учаскелердің келісім-шарт құны белгісіз.

— Біз карьердің көлемін есептеп, топырақ үлгісін алдық. Енді соны сынамадан өткізіп, бақылау жасамақпыз, - дейді БҚО қоғамдық кеңесінің мүшесі. 

Батыс Қазақстанда карьерлер заңды пайдаланылып отыр ма
Фото: БҚО әкімдігі

БҚО бойынша экология департаментінің басшысы Мұрат Ермекқалиевтің нақтылауынша, «АтырауСпецТрансСервис» ЖШС 2023 жылдың желтоқсан айында Подстепный-Теректі-РФ шекарасы автомобиль жолын реконструкциялау үшін «Подстепный кен орнының сазын игеру» жобасы бойынша қоршаған ортаға әсерді бағалау қорытындысын алды.

Жобаға ықтимал әсерлер туралы ұсынылған есепті экология департаменті көзделген қызметті іске асыруға жіберді. Осыдан кейін «АтырауСпецТрансСервис» ЖШС БҚО әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасынан экологиялық рұқсат алды.

Топырақ алынбаса, жол салынбайды

Бұл жерде мәселенің екінші ұшы бар. Топырақ, құм-қиыршық тас қоспасынсыз жол салынбайтыны белгілі.

Осы орайда «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ БҚО филиалының директоры Асылбек Мардан республикалық маңызы бар Подстепный-Теректі-РФ шекарасы автожолына қатысты түсінік берді. 

Оның сөзінше, аталмыш автожолдың 0-36 км учаскесі бойынша 2022 жылы конкурстық рәсім нәтижесінде бас мердігер ретінде «Казкомсервис» ЖШС бекітілген. Аталмыш жоба «КарагандаКаздорпроект» ЖШС-мен дайындалып, 2021 жылдың маусымында мемлекеттік сараптамадан өткізілген.

ҚазАвтоЖол БҚО филиалының мәліметі бойынша 2022 жылы құрылыс-монтаж жұмыстарының құны 21,9 млрд теңге болды. Алайда сол жылдың басында әлемде және соның салдарынан Қазақстанда құрылыс және жанар-жағар май материалдарының құны өсіп кетті.

Бұл жол құрылысының қымбаттауына соқтырды. 2024 жылы жоба қайтадан мемлекеттік сараптамадан өткізіліп, құрылыс-монтаж жұмыстарының бағасы 31,5 млрд теңгеге дейін жетті.

БҚО әкімдігі
Фото: БҚО әкімдігі

Аталған жобаға сәйкес бұрыннан бар 22 шақырым жолды реконструкциялаумен қатар Подстепный ауылы мен әуежайға соқпай өтетін ұзындығы 15,2 км жаңа жол учаскесін салу көзделді. Бұдан бөлек, 14 км жолды орташа жөндеу қарастырылды.

Сонымен қатар 3 жол өткелі бар екі жол айрығын салу жөнінде шешім қабылданды. Бұл облыс орталықтары Орал, Ақтөбе, Атырау қалалары мен Ресейге қарай көлік құралдарының кедергісіз және қауіпсіз өтуіне мүмкіндік береді. 

Оған қоса жаңадан бір көпір, су өткізетін 39 құбыр салу жоспарланды.

— Ұзындығы 15,2 км жаңа жол учаскесін салу үшін 1,2 млн текше метр топырақ керек. Топырақты тасу мен өңдеу едәуір уақыт алады әрі қосымша материалдық-техникалық шығын екендігі белгілі. Аталмыш жолдың 108-144 км бөлігі (бас мердігері — «ДСК Приоритет» ЖШС) — 34,1 км, бұл «Казкомсервис» алған учаскеден 3 километрге кем. Мұнда құрылыс-монтаж жұмыстарының бастапқы құны 15,7 млрд теңге. Оған қоса 1 жол өткелі бар жол айрығын, 1 көпір және су өткізетін 42 құбыр салу жоспарланды. Нақтыланғаннан кейін бағасы 19,5 млрд теңге болды, — дейді А.Мардан.

Оның тілге тиек еткеніндей, «Казкомсервис» ЖШС жоба бойынша Теректі ауданындағы 3 топырақ карьерін пайдалануды көздеген.

Алайда жобаны жүзеге асыру барысында № 3 карьер орналасқан аумақтағы жер иесі учаскені мердігерге пайдалануға беруден бас тартқан. 

Сондықтан балама жол іздеуге мәжбүр болған мердігерге басқа учаске берілген. 

— Әлеуметтік желіде жарияланған бейнежазбаға сәйкес № 3 карьерден топырақ сынамасы алынған. «АтырауСпецТрансСервис» компаниясы ауданы 11,95 га жер учаскесін уақытша қысқа мерзімге пайдалануға рұқсат алған. Құрылыс маусымы басталған кезде зертханалық хаттамаға сәйкес бұл учаске топырағы нормаға сай келеді. Сонымен қатар «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК БҚО филиалы аталған материалды мезгіл-мезгіл сынамадан өткізіп отырады, бұл да нормативтік көрсеткіштерге сәйкес, — деп тұжырды ҚазАвтоЖол БҚО филиалының директоры.

БҚО әкімдігі
Фото: БҚО әкімдігі

Қазбаларды өндірудің реті қандай?

ҚР Орман кодексінің 54-бабына сәйкес мемлекеттiк орман қорында тиісті экологиялық рұқсат не мемлекеттiк экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған кезде уәкiлеттi органмен келiсу бойынша жергілікті атқарушы органның шешiмi негiзiнде жалпы кең таралған пайдалы қазбаларды өндiруге болатыны жөнінде айтылған.

БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мамандарының сөзіне қарағанда, карьер қазуға рұқсат беруден бас тарту қиын. Өйткені кәсіпкерлер сотқа шағымданып, ақыры рұқсат алады.

Кей жағдайда сот шешімі табиғат қорғаушылардың пайдасына шешіледі. Мысалы, 2023 жылы Теректі ауданы Ақсуат ауылының тұрғындары Жайық өзені жайылмасында өскен өз орманын қорғап қалды.

Бұған қарамастан, жер қойнауын пайдаланушылар тоғайға көз тігуін қоймай, тұрғындар қарсылығына қарамастан, қоғамдық тыңдауларды өткізіп келеді. 

Аталмыш басқарма басшысының орынбасары Дархан Закарин өңірде жүз шақты карьер бар екендігін, рұқсат алу үшін өтініштер толастамай түсіп жатқанын жеткізді. 

— Айталық, Ақсуат және Қарабек кен орындары орналасқан Орал ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесіне сәуір айынан бері 8 жаңа жер қойнауын пайдаланушыдан өтініш түсті. Оннан астам қоғамдық тыңдау өткізілді. Тұрғындар негізінен қарсы. Әйтсе де мәселе мынада. Аталған жерлер кеніш орындары ретінде белгіленген, сондықтан кәсіпкерлер соны негізге алып, игергісі келеді. Біз экология департаментінен қоршаған ортаға әсерді бағалау қорытындысын алғаннан кейін ғана рұқсат береміз, — деді Д. Закарин.

Экология департаментінің басшысы М.Ермекқалиевтің түсіндіруінше, қазіргі таңда мемлекеттік экологиялық бақылау департамент құзіретінен алынып тасталды.

Сол себепті құқық қорғау органдарынан, прокуратурадан материалдар түскен кезде залалды бұрынғыдай департамент мамандары санамайды.

Жергілікті атқарушы органдарының есебімен түскен материал бойынша экология департаменті Әкімшілік құқық бұзу туралы кодексінің 802-бабына сәйкес хаттама толтырып, құқық бұзушыны жауапқа тартады. 

— Биыл 26 наурызда Бөрлі ауданы полиция бөлімінен «БатысНурЛогистик» ЖК-ға қатысты тексеру бойынша материал түсті. Аталмыш кәсіпорын 2024 жылы 14 400 тонна құм-қиыршық тас қоспасын заңсыз өндіріп, «НазТур» ЖШС-ға жеткізген. Шын мәнісінде «БатысНурЛогистик» ЖК-ға 2014 жылы 7 сәуірде берілген келісім-шарт мерзімі 2023 жылы 12 желтоқсанда біткен. Осылайша, «БатысНурЛогистик» ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 139-бабы 1-бөлігіне (жер қойнауына мемлекеттік меншік құқығын бұзу) қайшы әрекетке барған, — дейді департамент басшысы.

«БатысНурЛогистик» ЖК-ға аталмыш кодекстің 802-бабына сәйкес хаттама толтырылып, 28 млн 047,184 мың теңге айыппұл салынды.

Заңмен көрсетілген уақытта әкімшілік айыппұлдың төленбеуіне байланысты іс материалы «Бөрлі ауданаралық сот актілерін орындау жөніндегі аумақтық бөлімі» филиалына жіберілді. 

БҚО әкімдігі
Фото: БҚО әкімдігі

БҚО жер қатынастары басқармасының басшысы Нұржан Мақсотов ұсынған ақпаратқа сәйкес қазіргі таңда облыс аумағында жалпы кең таралған пайдалы қазбаларды өндіретін 50 жер қойнауын пайдаланушы бар. Олар 56 нысанда өз қызметін жүзеге асыруда.

— Жалпы, жер қойнауын заңсыз пайдалану дерегі облыс аумағында бар. Басқарма тарапынан мұндай дерек анықталған жағдайда, яғни жеке және заңды тұлғалардан арыз-шағымдар және құзырлы органдардан түскен материалдарға сәйкес кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру кезінде жер қойнауын заңсыз пайдалану салдарынан келтірілген залалдың мөлшері есептеліп, құзырлы органдарға, полиция департаментіне тиісті құқықтық баға беру үшін жіберіледі. Сол себепті лицензиясы бар жер қойнауын пайдаланушылар тиісті заңнамаларға сәйкес жұмыстанып, заңсыздыққа жол бермеуі керек. Жер қойнауын заңсыз пайдалану дерегін болдырмау мақсатында басқарманың бастамасымен құзырлы органдардың және жер қойнауын пайдаланушылардың қатысуымен ақпараттық түсіндіру жұмыстары да үнемі жүргізіліп келеді, — деді Н.Мақсотов.

Облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов заңсыз жер қойнауын пайдалану деректерін болдырмау, алдын алу және болған жағдайда дереу әрекет етудің маңыздылығын атап өтті. 

— Осы мақсатта облыстық мамандандырылған табиғатты қорғау прокуратурасы, БҚО полиция, экология және мемлекеттік кірістер департаменттерінің басшылары мен өкілдерінің қатысуымен кеңейтілген жиналыс өткізілді. Соның қорытындысы бойынша осы салада жер қойнауын заңсыз пайдалану деректерін анықтау бойынша әрбір мемлекеттік органға құзыреттеріне сәйкес міндеттер жүктеліп, «Іс-әрекет ету алгоритмі» бекітілді. Аталған алгоритмге сәйкес әр мүдделі мемлекеттік орган өзіне жүктелген міндеттерді орындауы тиіс, — деді Қ.Айтмұхамбетов.

Қолда барды сақтап қала аламыз ба?

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің ғылыми жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры, география ғылымдарының кандидаты, профессор Қажымұрат Ахмеденов жалпы кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру осылай жалғаса берсе, топырақтың өз құнарын жоғалтатынын айтады.

Ғалымның пайымдауынша, Батыс Қазақстан өңірінде құнарлы топырақтың бір сантиметрі 250-300 жылда қалыптасады. Пайдалы қазбалар алынатын карьерлердің жері бүлінетіні өз алдына, соған іргелес аумақ та өзгеріске ұшырайды.

БҚО әкімдігі
Фото: БҚО әкімдігі

Үлкен жүк көліктері жерді таптап, бірнеше шақырым бойына барлық өсімдік құриды. Бұл топырақтың су ұстау қабілетін төмендетіп, эрозия мен шөлейттенуге соқтырады. 

— Әрине, мұның бәрі қауіпті. Техникалар өту үшін ағаш кесіледі, сондықтан жануарлар мен құстардың мекендейтін ортасы бұзылады. Біздің облыс өсімдіктер мен жануар-құстарға бай. Батыс Қазақстанда еліміздегі құстардың 30 пайызы өмір сүреді. Суға жақын жерлерде пайдалы қазбалар өндіру тіпті зиян. Бұл өзендердің тепе-теңдігі бұзылып, ластануына әкеледі. Оған қоса өзен арнасын өзгертіп жіберуі де ықтимал. Қоғамдық тыңдаулар болған кезде біз де қатысып, өз ұсынысымызды айтамыз. Негізінде шешімдер шығарған кезде мәселенің мән-жайын терең білетін экологтардың пікірін ескеру қажет. Екпін түсіріп, айтқым келеді, әрбір пайдалы қазба кен орнын игеруді жоспарлағанда, оның экожүйе мен биоалуантүрлілікке әсерін нақты зерттеген кәсіби ғалымдардың қорытындыларына сүйену керек, — дейді Қ.Ахмеденов.

Қорыта айтқанда, Батыс Қазақстан облысына тән болып келетін құрғақшылық жағдайында орман негізінен өзен жайылмаларында жайқала өсетіні белгілі. Құм-қиыршық тас, топырақ кеніштері де осы жағалау маңында орналасқан.

Бір жойып алған нәрсені қалпына келтіру қиын. Тұрақты экожүйені қалыптастыру үшін кемінде 30-50 жыл қажет. Оның үстіне БҚО-да ағаштардың жерсіну көрсеткіші көңіл көншітпейтінін мамандар айтып жүр.

Мұндай жағдайда қолда барды сақтап қалу аса маңызды болса керек. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда ағаштардың неге жерсінбейтіні жөнінде министрлік жауап берген еді. 

Соңғы жаңалықтар