Батыс Қазақстанда Келешек мектебі есігін айқара ашты

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданы Байқоныс ауылында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған 600 орындық Қадыр Мырза Әлі атындағы қазақ орта мектебінің жаңа ғимараты пайдалануға берілді. 

Батыс Қазақстанда келешек мектебі есігін айқара ашты
Фото: БҚО әкімдігі

Жаңа ғимараттың ашылу рәсіміне қатысқан Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев құттықтау сөзінде Қазақстан Республикасының Конституциясының ел бірлігін, тұрақтылығын және азаматтардың тең құқықтарын қамтамасыз етудегі рөліне тоқталды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың орта білім сапасын арттыруға қатысты тапсырмаларының өңірде нақты жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

Батыс Қазақстанда келешек мектебі есігін айқара ашты
Фото: БҚО әкімдігі

— Орта білімнің сапасы — табысты ұлт болудың маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Бүгінгі Байқоныстағы еңселі мектеп — осы міндеттің нақты орындалуының көрінісі, — деді аймақ басшысы.

Батыс Қазақстанда келешек мектебі есігін айқара ашты
Фото: БҚО әкімдігі

Әкімнің мәлім еткеніндей, соңғы үш жылда облыс көлемінде 7 526 орынға арналған 26 жаңа мектеп салынды. Соның ішінде 16-сы «ҚПО б. в.» компаниясының әлеуметтік инвестициялық жобасы аясында бой көтерсе, жетеуі жергілікті бюджет есебінен іске қосылды. Үш мектеп «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында пайдалануға берілді.

Батыс Қазақстанда келешек мектебі есігін айқара ашты
Фото: БҚО әкімдігі

Бұған дейін жаңа оқу жылы қарсаңында Казталов ауданы Қоныс ауылында 60 орындық шағын мектеп ашылған болатын.

Жаңа мектеп ғимараты оқушыларға сапалы білім мен саналы тәрбие алуға, мұғалімдерге шығармашылықпен жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Батыс Қазақстанда келешек мектебі есігін айқара ашты
Фото: БҚО әкімдігі

Облыс әкімі Нариман Төреғалиев сөзінің соңында ауыл тұрғындарын, ұстаздар мен оқушыларды айтулы оқиғамен құттықтап, жас ұрпақтың отаншыл, білімді әрі парасатты азамат болып өсуіне тілектестік білдірді.

Батыс Қазақстанда келешек мектебі есігін айқара ашты
Фото: БҚО әкімдігі

Байқоныс ауылының тұрғыны, ардагер ұстаз Қуаныш Таубай да сөз алып, ауыл үшін бұл оқиғаның айрықша тарихи сәт екенін жеткізді.

Мектеп заманауи білім беру талаптарына толықтай сай: STEM, робот техникасы, визуалды дизайн, хореография, ерекше білімді қажет ететін балаларға арналған сенсорлық және инклюзивті кабинеттер жұмыс істейді. Оқу бөлмелері кең де жарық, спорт және акт залдары да бар.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстан мектептерінде 126 мыңнан астам оқушы білім алатынын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар