Батыс Қазақстанда киік өлекселері неге көбейді

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстанда жергілікті халықтан, шаруалардан далада киік өлекселерінің көбейіп кеткені жөнінде шағым түсіп жатыр. Kazinform тілшісі тиісті мекемелер мен маман-ғалымдарға жолығып, мәселені зерделеп көрді.

ақбөкен
Фото: Исатай Сисенғалиев

Киіктің дені құмда жүр 

Бөкей ордасы ауданы Бөрлі ауылында тұратын «Сисенғалиев» шаруа қожалығының басшысы Исатай Сисенғалиевтің мәлім еткеніндей, жаз бен күз мезгілінде киіктер шығынға ұшыраған. Сондай-ақ қасқыр жеп жатқандары да бар.

— Қазіргі таңда киіктің дені құмда жүр. Қыс жайлы болғанымен, әлсіреп жүргендері бар. Күйек науқаны өткеннен кейін қаңтар айында текелерінің көпшілігі өледі. Айтарымыз, ауру таратпау үшін киік өлекселерін уақытында жинау керек, — дейді И.Сисенғалиев. 

БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Нұрлан Рахымжановтың нақтылауынша, киіктің өмір сүру мерзімі — 5-6 жыл. 

— Күні бүгін Батыс Қазақстан облысында 2,5 млн-дай киік мекендейді. Әрине, өлімі де көбейіп жатыр. Заң бойынша өлексені жою жұмыстарын жергілікті атқарушы органдар, яғни ауыл әкімдері ұйымдастыруы қажет. Бірқатары мұнымен «Охотзоопром» мекемесі айналысуы керек деп әлі түсінбейді. Дегенмен инспекторлар санаспай, көрген жерден өлекселерді көміп жатыр. Мамандардың аз болуына байланысты кейде үлгермейді, — дейді Н.Рахымжанов. 

«Охотзоопром» ӨБ» РМҚК Батыс өңірлік филиалының директоры Арман Қожахметов былтырға қарағанда биыл киік өлекселерінің аз екендігін жеткізді. 

Айтуынша, инспекторлар жергілікті атқарушы органдар және полиция қызметкерлерімен бірлесіп киік өлексесін жоюмен айналысып келеді. 

— Шілде айында Астана қаласынан Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталық қызметкерлері келіп, сынама алып, ол оң қорытынды берді, яғни ешқандай ауру жоқ деген сөз. Оған қоса Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университет қызметкерлері сынама алып, зерттеу жұмысын жүргізіп отырады. Киік өлексесі табылған жағдайда тұрғындар оның нақты мекенжайын хабарлағаны дұрыс. Күні бүгін 1 желтоқсан — 15 қаңтар аралығында «Киік» кең ауқымды табиғат қорғау іс-шарасы өтіп жатыр, — деді А.Қожахметов.

Филиал мамандарының айтуынша, қазіргі уақытта БҚО аудандарында киік аз қалды, сондықтан олардың өлексесі соңғы кезде тіркелмеген. Ақбөкеннің дені Атырау облысының аумағында. 

Соңғы рет Атырау облысы Құрманғазы ауданы Сүйіндік ауылдық округінің аумағынан өздігінен өлген киік өлекселерін «Охотзоопром» инспекторлары, ветеринарлық қызметкерлер, учаскелік полициямен бірлесіп жинап, өртеу арқылы жойды.

Дегенмен басталып жатқан күйек науқанында текелерінің әлсіздері өледі. 

Атыраудың Құрманғазы ауданында жағдай қалай?

Атырау облысы Құрманғазы ауданы әкімдігінен алынған мәліметке қарағанда, биылғы қазан айында Азғыр, Сүйіндік ауылдық округтері көлемінде өлген киіктерден сынама алынып, Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталығы зертханасына жіберілген.

Қан сынамасы және өлексенің ішкі органдарынан паталогиялық материал алынып жолданған.

— Жүргізілген сараптаманың қорытындысы пастереллез ауруына оң нәтиже берген. Осыған байланысты далада өліп жатқан киіктердің өлекселерін жинауға және орындарын заласыздандыру жұмыстарын ұйымдастыруға «Охотзоопром» мекемесіне хат жолданды. Қараша айында аталған мекеме мамандарымен, аудандық ветеринария станциясымен бірлесіп, екі рет рейдтік шаралар ұйымдастырылды. Сүйіндік, Азғыр ауылдық округтерінің көлеміндегі барлығы 84 киіктің өлексесі жинақталып, оларды жою бойынша арнайы шаралар жүргізілді, — делінген Құрманғазы ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы берген ақпаратта. 

Әлеуметтік желіде, чаттарда тараған «өлген киік еті сатылуда» деген ақпарат жалған. Жергілікті құқық қорғау органдарында мұндай дерек тіркелмеген. Аталған мәселе аудан әкімдігінің бақылауында тұр. 

Киіктің қырылуына аштық та себеп болуы мүмкін — ғалым

Жәнібек ауданының әкімі Тимур Шиниязов өлексе бойынша ветинспекторлардан, ауыл әкімдерінен ақпарат түспегенін мәлімдеді. Киік шығыны бұрыннан бар болғанымен, олардың жаппай қырылуы биыл ауданда тіркелмеген. 

Шаруалардың бірқатары киікке екпе егілмейтінін, далада өлгендерін ит-құс жеп кететінін, солардан малға түрлі ауру тарайтынын алға тартады. 

Бұған байланысты ветеринария ғылымдарының докторы, профессор, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті ветеринария және биотехнология ғылыми-зерттеу институтының директоры Ғайса Әбсатиров өз уәжін келтіреді. 

— Соңғы екі жылда киік саны шектен тыс көбейіп кеткені рас. Сол себептен ақбөкен мекендеген аудандардағы шаруа қожалықтары мен ауыл тұрғындары жұмысын қалыпты жүргізе алмай, зардап шегуде. Бірақ біз төрт түліктің саны өздері жүретін жайылымдар мен шабындықта қанша болуы керек, соның есебін алмаймыз. Олардың саны сол жайылымға сәйкес келе ме, жоқ па? Оны есепке алып отырған ешкім жоқ. Үкімет тарапынан шаруа қожалықтарына, жеке қосалқы шаруашылық иелеріне мал азығынан көмек көрсетіліп отыр. Ал киіктер болса, өз күнін өздері көріп жүр. Сондықтан олардың арасында өлім-жітім болып тұрады, — дейді Ғ.Әбсатиров. 

қаңқа
Фото: Исатай Сисенғалиев

Ғалым киіктің қырылуын тек ауруға жабу қате деп есептейді. Аштықтан, басқа да себептен болуы мүмкін. 

— 2023 жылы Казталов ауданында 243 киік өлексесін сойып көрдік. Басым көпшілігі — лақтары. Сойып қарағанда, ішінде түк азық жоқ, асқазанынан бір түйір көк шөп шықты. Жылдан-жылға киіктің арасында өлім-жітімнің көбеюі байқалады. Бұл — табиғи процесс. Егер Үкімет тарапынан өндірістік реттеу болмаса, онда өзін-өзі табиғи шектеу басталады. Соның уақыты келді. Киіктердің арасында түрлі инфекциялық және паразитарлық ауру белгілері анық байқалады. Мұны киіктер жергілікті жануарлардан жұқтырып жүр. Өңірдегі эпизоотиялық жағдай өте күрделі. Түрлі жұқпалы аурулар белең алып бара жатыр. Киіктен монизиоз жұғады деген пікір мүлдем дұрыс емес. Бұл — жануарлар арасында баяғыдан бар дерттің бірі. Өкінішке қарай, паразитарлық ауруларға қарсы кешенді іс-шаралар Қазақстан бойынша тиісті деңгейде жүргізілмейді. Бұған ветеринария саласының мамандары тікелей жауапты. Ұлттық статбюро мәліметіне сәйкес биыл елімізде мал шығыны 40 пайызға өскен екен. Мұны да киікке жауып отыра алмасақ керек, — дейді Ғ.Әбсатиров.

Ауыл тұрғыны киік еті мен мүйізін өңдеп, пайдасын көруді ұсынады

Казталов ауданы Қараоба ауылының тұрғыны Айдын Сүндетовтің пікірінше, әркім өз малына вакцина салдырып отырады. Ал киік олай тексеріліп жатқан жоқ.

— Мал саны артып, шаруашылық жерлерінің көлемімен сәйкес келмейтін де болар, бірақ бәрі бірдей емес қой. Ал малдан шыққан аурулар болса, ол ең алдымен ветеринария мамандарының олқылығы деп есептеймін. Өйткені, менің байқағаным, биылдың өзінде оңтүстік аудандарда мал өлімі көп болды. Оны зерттеп қарап жатқан ешкім жоқ. Мысалы, жуырда шаруалардың бірі «Малым өлейін деп жатыр, мал дәрігерін шақырсам, келмейді» деп бейнежазба жіберді. Ал киік аштан өліп жатыр, сойғанда шөп шықпады дегенге сену қиын. Себебі киік қай жерде шөп шүйгін, сонда жүреді. Асқазанында шөп болмаса, ауырып жүргендіктен шөп жеуге шамасы жетпеген шығар. Киік өлімінің көбеюі оның шектен тыс артуына байланысты. «Сонда киік саны оның өрісіне сәйкес те, шаруашылық, ауылдың малдары сай келмей ме?» деген заңды сауал туындайды. Марқұм атам «Табиғатта бәрінің де киесі бар, тек оларды ысырап қылмай, орынды пайдалану қажет» деп айтушы еді. Сол сияқты киікті де киелі деп бетіне қарап отыра бермеуіміз керек шығар. Жабайы жануар шектен тыс көбейді, енді еті мен мүйізін өндірістік мақсатта өңдеп, одан халық та, мемлекет те пайдасын көруі тиіс деп есептеймін, — деді А.Сүндетов. 

өлексе
Фото: Исатай Сисенғалиев

Осы орайда «менің ғана айтқаным дұрыс» дей бермей, бүкіл тараптар ортақ мәмілеге келіп, бірлесе қимылдағаны маңызды екендігі дау туғызбаса керек. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда киіктердің көбеюі шаруа қожалықтарын алаңдатып отырғанын жазған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар