Батыс Қазақстанда киіктен пастереллез ауруы анықталды
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында ауру киіктердің неден өлгені белгілі болды.
ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Марат Отарәлиевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, 8 сәуір күні БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясынан 20-30 бас киіктің өлексесі табылғаны жөнінде хабар түскен.
Марат Егінбайұлының сөзіне қарағанда, басқа да мүдделі органдар мамандарымен бірге оқиға орнына барып, екі киіктен сынама алынып, «Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталық» РМК-ға жолданған.
- 23 сәуір күні ұлттық референттік орталықтан келген мәлімет бойынша сынамадан пастереллез ауруы анықталды. Сонымен қатар жыл сайын жүргізілетін мониторинг аясында мамандармен бірге Казталов, Жәнібек, Жаңақала, Бөкей ордасы аудандарында болдық. 17-30 сәуір аралығында Казталовта үш, Жәнібекте екі, Бөкей ордасында бір киіктен сынама алынды. Қазіргі кезде нәтижесін күтіп отырмыз, - деді М.Отарәлиев.
Оның айтуынша, бұдан екі жыл бұрын суға батып өлген 5 мыңдай киіктен де пастереллез ауруы табылған.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда киіктердің малға ауру таратып жатқаны рас па, соны жазған болатынбыз.
Сондай-ақ ғалым ауру киіктен малды аман сақтап қалудың амалын жасау керектігін айтты.