Батыс Қазақстанда киіктердің арасында іш тастау кездесіп отыр
ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында ауыл шаруашылығы саласы, ғалымдар мен шаруа қожалықтары басшыларының қатысуымен дөңгелек үстел отырысында киік мәселесі талқыланды.

Жиынды жүргізген облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетовтің мәлім еткеніндей, өңірде киіктер, әсіресе, оңтүстік аудандар тұрғындарына, шаруа қожалықтарының жерлеріне үлкен зиянын тигізіп отыр.

Ғалымдардың биологиялық негіздемесі бойынша Батыс Қазақстан облысында киіктердің саны 500-550 мыңнан аспауы тиіс.
- Қазір киіктердің саны 2,3 млн басқа жетті. Биыл да әуе санағы жүргізіліп жатыр, жуық арада қорытындысы айтылатын болады. Шаруа қожалықтарының егістік және шабындық жерлерін киіктердің таптауынан қорғау мақсатында облыста және аудандарда штабтар құрылды. Жергілікті атқарушы органдар, «Охотзоопром» мекемесі, «Бөкейорда» табиғи резерваты, Батыс Қазақстан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясымен бірігіп, егістік пен шабындық жерлерді қорғау жұмыстарымен айналысатын боламыз. Оңтүстік аудандарда егістік аз, кейбірінде жоқ десе де болады, негізінен жайылымдық жерлер екендігі белгілі, - деді Қ.Айтмұхамбетов.
БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Нұрлан Рахымжановтың сөзіне қарағанда, егістік алқаптарын киіктен қорғау жұмыстары сәуір айының басынан басталып кетті.

- Аудандардың берген мәліметі бойынша тапалу қаупі бар алқаптар анықталып, қажетті адам саны нақтыланып жатыр. Бұл жұмыстарға барлығы 452 адам автокөліктерімен тартылуы керек. Күні бүгін 210 адам бар. Әлі 242 адам қажет. Бұл мәселені министрлік біледі, айналысып жатыр. Өткен жылы да облыста адам саны жетіспегендіктен, өзге өңірлерден инспекторлар тартылған болатын, - деді Н.Рахымжанов.
Еңбек ардагері Табылғали Сапаровтың пікірінше, киік санын реттеу бойынша облыста арнайы бағдарлама жасалғанымен, министрлік тарапынан қолдау таппай отыр.
- Киіктің санын реттеу үшін оларды бұрынғы мекендеу орталықтарына қайтару керек. Мысалы, әскери полигон жерлеріне киік қыста барады да, су жоқ болғандықтан, көктем шыға қайтып оралады. Бөкей ордасының құмында да су жоқ. Сол сияқты Тайпақ-Азынабай арнасы бітпегендіктен, Тайпақ жағына жете алмайды. Жаңақала ауданы аумағында да жағдай солай. Киіктерді осындай жерлерге қоныстандыру үшін сол аумақтарға әуелі су жеткізу қажет, - деді Т.Сапаров.
Ауыл шаруашылығы саласының ардагері Лавр Хайретдинов келтірген мәліметке қарағанда, оңтүстік аудандарда облыс малының 60-70 пайызы өсіріледі. Биыл қыстан мал да, киік те аман шықты.
- Мал басын көбейту үшін қаншама жұмыс атқарылды, мемлекет тарапынан қолдау көрсетілді. Енді сол еңбектің бәрі зая кететін түрі бар. Өткен жылы шөп шықпай, барын киік тапап кеткендіктен тұрғындар мен шаруа қожалықтарының малын қыстан шығару үшін миллиардтан астам теңге берілді. Егер бұл мәселе шешілсе, осы қаражатты облыстың басқа қажеттеріне жұмсауға болар еді. Биыл жағдай қалай болмақшы? Сондықтан сөзімізді жоғары жаққа жеткізіп, іске кірісу керек, - деді Л.Хайретдинов.
Бөкей ордасы ауданынан келген шаруа қожалығының басшысы Нағым Тәжімұратов шабындық жерлері киік қазып кеткендіктен, шұңқыр-шұңқыр болып қалғанын, қазір аталған жануардың құмға кіріп, төлдеп жатқанын жеткізді. Киік мәселесі қаншама айтылғанымен, жүйелі жұмыс жоқтығын, оған қоса ақбөкеннің саны кемітіп көрсетілетінін, аулағанда, етін сасытып алмау керектігін айтты.
«Ecoclub» ЖШС басшысы Бауыржан Сабанов киік саны реттелмейтін болғанның өзінде жергілікті тұрғындарға қолдау көрсету қажеттігін атап өтті.
- Киікпен қатар мал басы да өсті. Соған байланысты жер тозды. Сондықтан ауылдардан халықтың көшпеуінің амалдарын қарастыру керек. Мысалы, Ресеймен шекаралас орналасқан Жәнібек ауданы Жақсыбай ауылы тұрғындары кооперативке қосылуға қарсы емес. Осыған орай «Ақжайық» ӘКК арқылы пилоттық жоба есебінде 500 млн теңге берілсе деген ұсыныс бар. Сол қаржыға 5 мың гектарға екпе шөп егіп, кооперативке біріккен тұрғындарды мал азығымен қамтуға болар еді, - деді Б.Сабанов.
Жақсыбай ауылынан келген «Ағайын» ШҚ басшысы Алик Досқалиев киіктің биыл ерте, наурыз айының басында келгенін тілге тиек етті.
- Қазір жайылым жоқ. Бұрынғыдай шөп те шықпайтын болды. Өткен жылы тұрғындар мен шаруа қожалықтарына мал азығынан көмек берілді. «Аузы күйген үріп ішеді», деген, киіктің зардабын тартып отырған ел біледі. Киік жаппай індетке ұшыраса ше? Қазірдің өзінде құрттап, үсті-басын таскене басып кеткен киікті көруге болады. Биыл бір байқағаным, іш тастау көп. Бұл бруцеллездің белгісі емес пе? Жалпы, табиғатқа бейімделе білетін киік – аса сезімтал жануар. Мысалы, соңғы кезде бір-екі күн салқындағанда, жоқ болып кетті, - деді А.Досқалиев.
Ветеринария ғылымдарының докторы, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің профессоры Қайсар Кушалиев өлген киікті сойып қараған кезде пастереллезден басқа да аурулардың шығып жатқанын қосты.
Жаңақала ауданындағы «Венера» ШҚ басшысы Венера Нұрғалиева бұл мәселенің қозғалғанына үш жыл болса да, нәтиженің жоқтығына, шөп түгілі, киіктің көптігінен мал тұратын орын қалмағанына назар аударды.
- Менің ойымша, осылай кете берсе, шаруа қожалықтарының 70 пайызы жабылады. Не киік, не мал өсірейік. Киікті жаз бойы қанша айдасаң да, қайтып келіп тұрады, - деді В.Нұрғалиева.
Бөкейордалық Қайрат Насимоллин мал баққан ағайынның пайымдауынша, киік саны ресми санақтағыдан әлдеқайда көп екендігін айтты.
- Киіктің санын реттеу мәселесі заңға сәйкес қолға алынса, біз оны қолдауға дайынбыз. Бөкей ордасы ауданында 580-нен астам шаруа қожалығы болса, жоқ дегенде соның тең жартысы «Охотзоопром» мекемесіне, «Бөкейорда» резерватына көмектесуге әзір, - деді Қ.Насимоллин.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын киік санын қалай реттеуге болатыны жөнінде ғалымның пікірін жазған едік.