Батыс Қазақстанда қызылшамен ауырғандар саны 100-ден асты

Батыс Қазақстан облысында биыл 119 адамның қызылшамен ауырғаны зертханалық түрде расталды, деп хабарлайды Kazinform.

Ақтөбеде қызылша вирусын жұқтырғандарға тағы бір емдеу орны берілді
Фото: iStock

БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мәлім еткеніндей, аталған дерт Ақжайық, Бөрлі, Бәйтерек, Сырым, Казталов, Қаратөбе, Тасқала, Теректі, Шыңғырлау аудандары мен Орал қаласында тіркелді.

Оның сөзіне қарағанда, науқастардың көпшілігі – денсаулығына байланысты екпе алмаған балалар және екпе алу мерзімі әлі келмеген бір жасқа дейінгі бөбектер, сондай-ақ ата-анасы екпеден бас тартқандар.

Соның ішінде 18-і – бір жасқа дейінгілер, 63-і – 1-14 жас аралығындағылар, 38-і – ересек тұрғындар.

Тағы бір айта кететін жайт, мектептерде 17, балабақшаларда 13 дерек тіркелді.
Қазіргі кезде ауру ошақтарында эпидемияға қарсы іс-шаралар кешені жүргізілуде. Атап айтқанда, 21 күн бойы байланыста болған адамдарға бақылау орнатылды, оған қоса эпидемиологиялық көрсетілім бойынша екпе салынды.

«ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысы негізінде қызылшаға қатысты күрделі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, 6 қарашадан бірнеше кезеңнен тұратын қосымша жаппай иммундау жүргізу науқаны басталды. Қосымша жаппай иммундау 6 айдан 10 ай 29 күнге дейінгі, сондай-ақ 2 мен 4 жас 11 ай 29 күн аралығындағы балаларды қамтиды. Өйткені осы жастағылар қызылшамен көп ауырады. Дерттің алғашқы белгілері байқалғанда, тұрғындар өздігінен емделмей, бірден медициналық көмекке жүгінуі қажет», - деді Н.Мұстаев.

БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айнаш Ғұбайдуллинаның нақтылауынша, барлығы 183 адамда қызылша ауруы күдікті жағдай ретінде тіркеліп, соның 119-ы расталған.

«Науқастардың 102-сі немесе 85,7 пайызы – екпе алмағандар. Жыл басынан бері стационарға жатқызылған 133 адамның 99-ы жазылып шықты. Күні бүгін 35 адам емделіп жатса, соның 27-сі – балалар (1 жасқа дейінгілері – 2), 8-і – ересек адамдар. Олардың жағдайы орташа ауыр. Сонымен қатар ауру жеңіл өтіп жатқан 17 адам амбулаторлық ем алуда, бұлардың біреуі – жүкті әйел», - деді А.Ғұбайдуллина.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда қазан айында 13 мыңнан астам адамның ЖРВИ-мен ауырғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар