Батыс Қазақстанда қызылшамен ауырғандар саны 100-ден асты
ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 108 адам қызылшамен сырқаттанды.
БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, соның ішінде 25-і қаңтар, 83-і ақпан айының үлесіне тиеді.
Нұрлыбек Ермекұлының сөзіне қарағанда, аурушаңдылықтың басым бөлігі (84) Орал қаласында анықталса, 9-ы Бәйтерек, 8-і Бөрлі, төртеуі Теректі ауданында, Казталов, Қаратөбе, Шыңғырлауда бір-бірден тіркелген.
- Ауырғандардың 29-ы – 1 жасқа толмағандар, 53-і – 1-4 жас, 16-сы – 5-14 жас аралығындағылар, 10-ы – 18-ден асқандар. Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесіне сәйкес қызылшаға қарсы вакцинация баланың 1 және 6 жасында екі рет жүргізілетінін еске саламыз. Бұл вакцинациядан кейінгі иммунитетті қалыптастыруға мүмкіндік береді, иммунитет вакцинацияланған адамдарда өмір бойы болады, - деді Н.Мұстаев.
Оның айтуынша, қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру мақсатында 2026 жылғы 19 ақпанда ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің –«Қазақстан Республикасында қызылша бойынша санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу жөніндегі шаралар туралы» № 3 қаулысы күшіне енді.
Қаулыға сәйкес қызылшаға, қызамыққа және эпидемиялық паротитке қарсы иммундау жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, 6 айдан 10 айға дейінгі сәбилерге 29 күн-эпидемиологиялық жағдай тұрақтанғанға дейін, Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесі аясында егілмеген 2-ден 5 жасқа дейінгі балаларға қосымша жаппай иммундау жасалып жатыр. Сондай-ақ 7 жастан 18 жасқа дейінгі, бұрын вакцинацияланбаған немесе 2023-2024 жылдардағы қосымша жаппай иммундаумен қамтылмаған балалар, вакцинациялары немесе сол туралы мәліметтері жоқ 30 жасқа дейінгі медицина және денсаулық сақтау ұйымдарының қызметкерлері егіледі.
Барлық профилактикалық егулер ақпараттандырылған келісім алғаннан кейін ғана жүргізіледі.
Департамент басшысы орынбасарының мәлімдеуінше, әскери бөлімдерде санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қосымша шаралар қабылданды.
Ең алдымен әскери бөлімдерге келгеннен кейін қызылшамен ауыратын науқастармен байланыста болған, ауру белгілері бар немесе инфекция ошақтарынан келген әскерилер 21 күнтізбелік күн мерзімге міндетті түрде оқшаулануға жатады. Бұл аурудың ықтимал жағдайларын уақтылы анықтауға және инфекцияның одан әрі таралуын болдырмауға мүмкіндік береді.
Бұдан басқа, Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесіне сәйкес вакцинация болған кезде ғана жастар әскери және арнаулы оқу орындарына қабылданады.
Балаларды қызылшадан қорғау үшін білім беру ұйымдарында шаралар қабылданды. Балабақшаларда топтағы балалар жалпы санының 90 пайызынан төмен емес деңгейде профилактикалық егулермен қамтылады. Бұл ұжымдық иммунитетті қалыптастыру және барлық тәрбиеленушілерді қорғау үшін қажет.
Мектептер мен балабақшаларда күн сайын таңертеңгі сүзгіні өткізу арқылы ЖРВИ немесе қызылша белгілері барларды сабаққа жібермеу үшін балалар мен қызметкерлер тексеріледі.
Балабақшада немесе мектепте қызылша ауруы тіркелген жағдайда науқаспен қарым-қатынаста болған екпемен қамтылмаған балалар медициналық бақылау кезеңінде мекемеге барудан уақытша шеттетіледі.
Денсаулық сақтау саласында қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру бойынша жүйелі шаралар кешені жүзеге асырылуда.
Науқаспен қарым қатынаста болған 30 жасқа дейінгі адамдарға 72 сағат ішінде шұғыл вакцинациялау және оларды 21 тәулік бойы күнделікті медициналық бақылау жүргізіледі. Ауруханаішілік инфекцияны болдырмау үшін медициналық ұйымдарда санитариялық-эпидемиологиялық режим күшейтілді.
Егу және көшпелі бригадалардың дайындығы, суық тізбектің сақталуы, вакцинация пункттерін қажетті препараттармен қамту, сондай-ақ медициналық қалдықтардың дұрыс кәдеге жаратылуын бақылау қамтамасыз етілді.
- Қызылшаға қарсы екпенің құжаттамалық растамасы (жүргізілген вакцинация туралы мәліметтер) болған кезде балалар жоспарлы емдеуге жатқызылады. Бұл шара ауруханаішілік инфекцияның таралу қаупіне жол бермеу және стационар жағдайында қызылшаның алдын алу мақсатында енгізілді, - деп қосты Н.Мұстаев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда қызылшамен ауырған балалардың барлығы екпе алмағанын жазған болатынбыз.