Батыс Қазақстанда қызылшамен мектеп оқушылары да ауырып жатыр
Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері қызылшамен ауырған 72 адам тіркелді, деп хабарлайды Kazinform.

БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мәлім еткеніндей, облыста қызылша деректерінің көбеюі байқалады. Соңғы үш-төрт жылды алғанда, 2019 жылы 122 дерек тіркелген болатын.
Оның сөзіне қарағанда, ауру көбіне қызылшаға қарсы екпе алмаған балалар арасында кездесіп отыр. Мұның себебі – ата-аналардың вакцинадан бас тартуы, денсаулығына байланысты медициналық қарсы көрсеткіштердің болуы және баланың егу жасына жетпегені (бір жасқа дейінгілер).
Қызылшамен ауырғандардың 43,6 пайызы – ұйымдастырылған топтағылар, 4,2 пайызы – мектепке дейінгі ұйымдағы бүлдіршіндер, 16,9 пайызы – мектеп оқушылары, 1,4 пайызы – студенттер, 33,8 пайызы – басқа да топ өкілдері.
Ауырғандардың басым бөлімі немесе 69,4 пайызы – Орал қаласының тұрғындары.
«Жаңа оқу жылы басталғаннан бері облыстағы төрт мектепте 7 оқушы қызылшаға шалдықты. Соның ішінде Орал қаласында 3, Сырым ауданында 1 мектепте тіркелді. Қызылшаға шалдыққандардың 43 пайызы ауруды отбасы мүшелерінен жұқтырған, яғни қызылшаға қарсы екпе алудан бас тартқан және дертті жұқтырғаннан кейін эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша шұғыл вакцинациядан бас тартқан адамдар. Науқастармен қарым-қатынаста болған 645 адам анықталып, медициналық бақылауға алынды, эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша қарым-қатынаста болғандарға қызылшаға қарсы шұғыл екпе жасалды. Қызылша ауруы ауыр түрде өтуі мүмкін. Бұл пневмония, отит, энцефалит, менингоэнцефалитке ұласып, медициналық көмекке кеш жүгінген кезде өлімге де соқтыруы ықтимал. Қызылшадан тек екпе алу арқылы ғана қорғануға болатынын тұрғындардың есіне саламыз. Қызылшаға қарсы вакцина Ұлттық иммундау күнтізбесіне енгізілген. Балаларға қызылшаға қарсы егу 1 жаста, ал ревакцинация 6 жаста жүргізіледі. Екпеден кейін инфекциядан қорғайтын иммунитет пайда болады», - деді М.Арыспаев.