Батыс Қазақстанда консервіленген киік еті сатылымға шығады

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысындағы кәсіпорында киік етін консервілеп сату үшін дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.

ет
Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

«Кублей» ЖШС директорының сыртқы экономикалық байланыстар жөніндегі орынбасары Азамат Сейтбаталовтың Kazinform тілшісіне мәлім еткеніндей, киік етінен консерві өндірудің өз жолдары бар.

— Атап айтқанда, алдымен ұшалар сүйектен ажыратылады. Содан кейін ет тазартылып, сіңірі де қалмайды. Сосын ет ұсақталып, қосымша ингредиенттермен араластырылады. Банкілерге салынып, герметикалық жабу, таңбалау және этикет жапсыру жұмысы жүргізіледі, — дейді А.Сейтбаталов.

Азамат Орынбайұлының сөзіне қарағанда, ауыл шаруашылығы жануарлары, мысалы, ірі қара малының етінен консерві жасаумен салыстырғанда, елеулі айырмашылық жоқ. 

Бірақ тексеруге көп уақыт қажет. 

— Күні бүгін кәсіпорында 250 тоннадан астам киік еті жинақталды. Ақбөкеннің ішек-қарнын, басқа да бөліктерін, терісін пайдаға асыру мәселесіне келсек, мұндай жұмыс жоспарланып отырған жоқ. Сонымен қатар киік етінен жасалған консервілер тек ішкі нарыққа ғана жөнелтіледі, — деп қосты А.Сейтбаталов. 

БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Нұрлан Рахымжановтың нақтылауынша, күні бүгінге дейін Батыс Қазақстан облысында 62,5 мың бас киік ауланған.

— Соның ішінде 54,5 мың бас ақбөкен ұшасын өңірдегі ет өңдейтін кәсіпорындар, 8 мың басты көршілес Атырау облысындағы «Батыс KZ 25» ЖШС алды. Бірақ біздің облыстың кәсіпорындары да киік етін басқа өңірлерге жөнелтіп жатыр, — дейді Н.Рахымжанов.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 30 мыңдай киік ауланғанын жазған едік. 

Сондай-ақ Ақтөбеде киік етіне сұраныс жоғары екендігі хабарланды.  

Соңғы жаңалықтар