Батыс Қазақстанда қуғындалған дінбасылар жөнінде не білеміз

Қазбек Құттымұратұлы
Фото: Қ. Құттымұратұлының жеке мұрағатынан

ОРАЛ. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі жарлығына сәйкес Батыс Қазақстан облысында өңірлік комиссия құрылып, тиісті жұмыстар атқарды. Соның бір саласы дін өкілдеріне қатысты болды. Осы орайда, қуғынға ұшыраған дін өкілдерін анықтау бойынша жұмыс тобының жетекшісі, өлкетанушы, журналист Қазбек Құттымұратұлы өз білген-түйгенімен бөлісті.

Қазбек Құттымұратұлы
Фото: Қ. Құттымұратұлының жеке мұрағатынан

- Қазбек Құттымұратұлы, өткен ғасырдың 20-шы және 30-жылдары кеңес өкіметіне қарсы элементтер ретінде дінбасылардың қуғынға түскені белгілі. Осы орайда олардың есімдерін анықтау және ақтау бағытында не істелді, алдымен соған тоқталсаңыз?

- Иә, совет өкіметінің репрессиясына алдымен ұшыраған топтың бірі дін өкілдері еді. Большевиктердің 1917 жылы шығарған алғашқы заңының бірі «Шіркеудің мемлекеттен және мектептің шіркеуден бөлінуі туралы» декрет болуы тегін емес.

Белгілі тарихшы, тарих ғылымдарының докторы Нәзира Нұртазина «Борьба с Исламом. Религиозная политика Советской власти в Казахстане в 20-40-е годы ХХ века» (Алматы, 2008) атты кітабында Қазақстандағы дінге қарсы күресті екі кезеңге бөледі. Оның біріншісі – 1917-1927 жылдар алғашқы либералдық кезең болса, екіншісі – 1928-1938 жылдар – жауынгер атеизм кезеңі. Аты айтып тұрғандай, осы екі кезеңде дін өкілдеріне қарсы репрессия қарқыны да сәйкесінше болған.

Соңғы жылдары жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Батыс Қазақстан өңірінде дін өкілдерін қудалау бірнеше сатыдан тұрғанын байқадық.

Оның біріншісі – совет үкіметіне сенімсіз элементтерді сайлау пұрсатынан айыру (1923-1927). Бұл кезеңде облыс аумағындағы барлық діни ғибадат орындары және дін қызметкерлері есепке алынып, молдалар «жат элемент» ретінде сайлау және сайлану құқынан ажыратылған. Бұл науқан сайлау құқынан айрылғандарға үстеме салық салуымен, ол уақтылы төленбеген жағдайда халық сотының шешімімен мал-мүлкін саудаға салып, салық қарызын өтеп, өздерін соттау және жер аудару жазасын беруімен ерекшеленеді.

Осы сайлау құқынан айыру науқаны кезінде, әсіресе, дін өкілдері ерекше қудаланды. Мұны сол кездегі советтік сарапшылардың өзі де мойындаған. Мысалы, 1924 жылы Орал уезінде даусы алынған 907 адамның 355-і, Гурьев уезіндегі 1495 адамның 310-ы, Елек уезіндегі 1207 адамның 528-і, Жымпиты уезіндегі 4207 адамның 2286-сы, яғни барлық даусы алынған тұлғалардың шамамен 40 пайызы дін өкілдері болыпты. «Бұлардың бәрі дін қызметкері емес, арасында қарапайым діндарлар да болар» делінеді. (Заключение по материалам перевыборной компании 1924 года по уездам Уральской губернии. БҚОМА, Қор №24, Тізімдеме №2, Ic №360 Материалы по передаче 3-х волостей Букеевскому уезду (Чижинской, Сламихинской, Глининской).

Дін өкілдерін қудалаудың екінші кезеңі 1928 жылмен сәйкес келеді. Бұл кезде саяси репрессияның екпіні күшейіп, бай-молдаларды, жат элементтерді тәркілеумен, панисламистік топтарды әшкерелеудің алғашқы оқиғаларымен сипатталады.

Қазақстанда кәмпеске науқаны ресми түрде 1928 жылы 27 тамызда басталды. Қазақ Советтік Социалистік Автономиялық Республикасы Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлар Кеңесі «Бай шаруашылықтарын кәмпескелеу туралы» қаулысын (декретін) жариялап, әр округ бойынша кәмпеске жасалатын байлардың санын көрсетті. Бұл «жоспар» бойынша Орал округінен бірінші категорияда 56 ірі бай және 15 «аса қауіпті элемент» – барлығы 71 адамның мал-мүлкі тәркіленіп, Жетісу округіне жер аударылатын болды. Осы 71 адамның ішінде – Ғабдолғазиз Көбеев, Халық Мәшекенов, Қуанай Қосдәулетов, Махмуд Сүйінішәлиевтер болатын.

Сталиндік репрессияның дін өкілдеріне қатысты соңғы, қорытынды үшінші кезеңі 1937-1938 жылдарға сәйкес келеді. Бұл кезеңде адам тағдыры шыбын ғұрлы болмай, үштіктің шешімімен жаппай ату жазасына кесілген. Репрессияның бұл үшінші толқынынан аман қалған хазірет-ишан жоқ деп айтуға болады. Батыс Қазақстан аумағында туған жерінен безіп, Ішкі Ресейді паналаған бірен-саран ишан-молдалар ғана аман қалып, жат топырақта құсалықтан қайтыс болған.

Қазбек Құттымұратұлы
Фото: Қ. Құттымұратұлының жеке мұрағатынан

- Өңірлік комиссияның мүшесі ретінде архивтерде отырып, қызмет атқардыңыз, осы кезеңде қандай тың деректерді жолықтырдыңыз?

- Біз жұмысымызды 2021 жылы тамыз айында бастадық. Топ мүшелеріне арнайы архивтердегі құпия құжаттармен танысу үшін тиісті рұқсат берілді. Осының нәтижесінде БҚО полиция департаментінде сақталған НКВД архивінің құжаттарымен танысуға мүмкіндік алдық. Одан өзге Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архиві, ҰҚК, прокуратура арнайы қорлары, аудандық архивтерді ақтардық. Алматы қаласына іссапармен барып, Қазақстан Республикасы орталық мемлекеттік архиві, Қазақстан Республикасы Президентінің архиві, Алматы қалалық архиві, Алматы қалалық ішкі істер департаментінің архиві, Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасы, Ғылыми кітапхана, М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының қолжазба қорларында сақталған құнды құжаттармен танысуға, көшірме алуға мүмкіндік болды. Осының нәтижесінде 2021 жылы «Сенім үшін сергелдең» атты жинақ дайындалды. Онда Батыс Қазақстан облысында саяси қуғын-сүргінге ұшыраған 894 адам – мұсылман діні өкілі, 107 православие діні өкілінің аты-жөні анықталып, қысқаша биографиялық анықтама жасалды. Кейін бұл адамдарды ақтау, саяси құқығын қалпына келтіру үшін Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына арнайы ұсыныс жолданды.

2022 жылы Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің арнаулы архивінде сақталған 1930 жылдардың репрессия құжаттарымен танысуға басымдық берілді. Бұл құжаттарды Алматы қаласына алып кеткенге дейін барынша қарап шықтық. Нәтижесінде 1937-1938 жылдары Орал облысынан әшкереленген 18 панисламистік антисоветтік ұйым болғанын анықтадық. Бір ғана №02368 қылмыстық іс бойынша 125 адам айыпталып, ату жазасына кесілген.

Бірақ бұл құжаттардың құпиялылық грифі алынбағандықтан, көшірме алу және табылған деректерді кеңірек жариялау мүмкін болмады.

Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архивімен де тұрақты қарым-қатынаста болдық. Жүздеген іспен танысып, көшірме алып отырдық. Архив басшылығы жұмыс тобының нәтижелі қызмет етуіне барынша көмек етті. Қажетті құжаттардың құпиялылығын алу, көшірме жасауда кідіріс болмады. Дін өкілі болғаны үшін қудаланған, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған тұлғалардың тізімі толыға түсті.

- Сонда қанша адам қуғынға түскен?

- Олардың толық саны әлі нақтыланбаса да, шамамен 4 мыңдай адамның діни сенімі үшін қуғындалғаны анықталды. Мәселен, 1924 жылы Орал уезінде даусы алынған 907 адамның 355-і, Гурьев уезіндегі 1495 адамның 310-ы, Елек уезіндегі 1207 адамның 528-і, Жымпиты уезіндегі 4207 адамның 2286-сы, яғни барлық даусы алынған тұлғалардың шамамен 40 пайызы дін өкілі болған. (БҚОМА, №24 қор, №2 тізім, №360 іс)

Бұл кезеңде жұмыс тобы облыстың Шыңғырлау, Бөрлі, Қаратөбе, Сырым, Бөкей ордасы, Жәнібек, Тасқала аудандарындағы архивтерінде болып, репрессия құжаттарымен танысты. Репрессияға ұшыраған дін өкілдерінің ұрпақтарымен кездесіп, еш жерде жарияланбаған тың деректер, фотосуреттер қолға түсті.

2022 жылы 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында жекелеген белсенді азаматтардың қолдауымен Қазақстанның жалпыұлттық киелі нысандары тізіміне енген әулие Дәдем ата – Жұмағазы хазірет зияратында Батыс Қазақстан облысының дін тарихы музейі ашылды. Музейдің алғашқы экспозициясының бірі – «Репрессияға ұшыраған дін өкілдері» атты көрме болды.

Жергілікті «Орал өңірі» облыстық газетіне, «Егемен Қазақстан» республикалық басылымына бірнеше мақала жарияланды. Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Түркістан облыстарындағы өңірлік жұмыс топтарымен әріптестік байланыс орнатып, тәжірибе бөлісіп, ақпарат алмасып отырдық.

БҚО полиция департаменті архивінде сақталған Үштік хаттамалары тізімінен (шамамен 17 томнан тұрады) Батыс Қазақстан облысы бойынша қуғын-сүргінге ұшырап, атылғандардың аты-жөні, үкімнің орындалған уақыты, айыпталушының кім екендігі, қызмет орны, отбасы және басқа да қысқаша болса да маңызды мағлұматтар табылды. Осы үштік хаттамалары бойынша Батыс Қазақстан облысында панисламистік топ құрып, антисоветтік үгіт-насихат жүргізді деген, диверсиялық террористік топ құрып төңкеріс жасамақ болды деген 20-дан астам топтың тізімі анықталды. Мұның ішінде Қуанай Қосдәулетұлы, Хасан Нұрмұхамедұлы сынды ишан-хазіреттердің қылмыстық ісі толығырақ зерттелді. Бұл аталған тұлғалардың ұрпақтарын тауып, кездесіп, архив құжаттарын куәгерлердің естеліктерімен толықтыра түстік.

Өңірлік жұмыс тобының 2022 жылғы атқарған қызметінің нәтижесі ретінде желтоқсан айында «Қуғындалған хазіреттер» атты жинақ дайындалды. Бұл жинақ ХХ ғасырдың басында Батыс Қазақстан өңірінде өмір сүріп, сол кезеңдегі қоғамдық-саяси оқиғаларға белсене араласқан дін қайраткерлерінің бір шоғыры туралы. Жинақ кейіпкерлерінің өмірбаяндық деректері саяси репрессия құрбандарын толық ақтау бойынша құрылған комиссиясының жұмысы аясында, БҚО өңірлік жұмыс тобының екі жылға жуық еңбегінің нәтижесінде жаңадан анықталған болатын.

Қазбек Құттымұратұлы
Фото: Қ. Құттымұратұлының жеке мұрағатынан

«Қуғындалған хазіреттер» кітабына ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамдық-саяси өміріндегі дін қайраткерлерінің ықпалы мен орнын айқындап, репрессия кезеңінде олар көрген қуғын-сүргінді көпшілікке таныстыру үшін ең танымал 10 тұлға таңдалып алынды. Олар – Қайырша Ахметжанов, Қуанай Қосдәулетов, Хасан Нұрмұхамедов, Қажығали Мәулімбердиев, Нығметолла Ибрагимов, Дәулетияр Айсариев, Ғабдолғазиз Көбеев, Ғұбайдолла Ахметов, Құрманғали Қуанышқалиев, Лұқпан Тұрсынов. Бұл тұлғалар Совет Одағында, соның ішінде Қазақстанда болған сталиндік репрессияның, саяси қуғын-сүргіннің барлық толқынын басынан өткерді. Осы он тұлғаның тағдыры сол кезеңдегі саяси репрессияның ауқымы мен қарқынын анық көрсетіп тұрған еді.

- Мешіттердің қиратылып, хазіреттердің қуғындалуы сол кездегі қоғамға қалай әсер етті деп ойлайсыз?

- Әрине, советтік репрессия салдарынан ұлттық діни элитаның тып-типыл жойылуы ұзақ жылдарға созылған рухани тоқырауға алып келді деп ойлаймын. Әсіресе, көненің көзі саналатын, дәстүрлі тәрбие көрген аға буын дүниеден өткен соң, 1960-1970 жылдардан бастап советтік Қазақстанда дінсіз қоғам қалыптасты. 1991 жылы тәуелсіздік алған тұста елімізде дәстүрлі рухани жолды нұсқайтын бірде-бір танымал тұлға болмады. Ұлттың рухани иммунитеті әлсіреді. Сөйтіп, сол кезеңде шетелден келген түрлі діни идеологияға қарсы тұра алмай қалдық. Мұның зардабын әлі күнге тартып келеміз.

- Ал, мемлекеттік комиссия жұмысы жалғаса ма?

- Жалпы, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия өте маңызды жұмыс атқарды деп ойлаймын. Қазір комиссия өз жұмысын аяқтағанымен, XX ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерделеу орталығы құрылып, арықарай қызмет ететін болды. Бұл орталық ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін туралы құжаттарды цифрлы форматқа көшіріп, электронды қор қалыптастырады. Оның бәрі ғалымдарға, зерттеушілерге және қалың көпшілікке қолжетімді болады.

- Қазақтың өткен тарихының бір бөлігін құлпытастарға қарап анықтауға болады. Бұл ретте не айтар едіңіз?

- Рас, Батыс Қазақстан өлкесінде XVIII-XX ғасырлар кезеңіне жататын араб жазулы құлпытастар өте көп. Олардың саны бірнеше мыңдап саналады. Осы ескерткіштерді 2010 жылдардан бастап оқып-зерттей бастадық. 2012 жылы өзім редакторы болған «DANAqaz» тарихи-танымдық журналында «Құлпытас сырын ашайық» атты айдар ашылды. Біздің бұл жұмыстарымызды кейін белгілі исламтанушы ғалым, профессор Әшірбек Мүминов көріп, қолдау көрсетті. 2015-2017 жылдар аралығында ҚР Білім және ғылым министрлігінің Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты мамандарымен бірге «Қазақ халқының мәдени ескерткіштері рухани мұраны сақтау мен жеткізудің жолы ретінде (Батыс Қазақстан облысының эпиграфикалық ескерткіштері негізінде)» атты үшжылдық жобаға қатыстық. Осылайша облыс аумағында сақталған эпиграфикалық ескерткіштерді тұңғыш рет толық көлемде зерттеу жұмысы басталды.

Батыс Қазақстан облысының барлық ауданына экспедиция жүргізу барысында жаңа, кейде тек жергілікті деңгейінде ғана белгілі, әлемдік деңгейде аз зерттелген мәдени ескерткіштер табылды. Әсіресе, Кіші жүз хандары Есім хан Нұралыұлы, Айшуақ хан Әбілқайырұлы, Жантөре хан Айшуақұлының құлпытастары, Есенгелді тархан Жанмырзаұлы, Дәуқара батыр, Науша батыр Қаржауұлы, т.б. тарихи тұлғалардың зираты табылып, нақты өмірдерегі анықталғаны үлкен тарихи оқиға дер едік. Бір өкінішті жағдай, бұл ескерткіштер табиғи-климаттық өзгерістер зардабынан қирап жатыр, кейбіреулері әдейі қиратылған, басқа жерге көшірілген. Оларды сақтау, тауып алу, тіркеу, мүлік ретінде түгендеу, картаға түсіру, бұл нысандарды мемлекет қорғайтын мәдени ескерткіштер тізіміне енгізу және оларда сақталған эпитафиялардың мәтіндерін ғылыми басып шығару жұмыстары уақыт күттірмейтін іс-шара болатын. Осы жылдар ішінде көп жұмыс атқарылды, жүздеген көне қорым анықталып, мыңдаған құлпытас суретке, қағазға түсірілді. Алайда осы жұмысты үйлестіріп отырған Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының жабылып қалуы себепті қазір құлпытас зерттеу ісі де тоқырап қалды.

Қазбек Құттымұратұлы
Фото: Қ. Құттымұратұлының жеке мұрағатынан

- Тағы бір сауал, мешіттерде ерте кезеңде метіркелер толтырылғаны белгілі. Осы тақырыпқа бойлап көрдіңіз бе?

- Мешіт метіркелері туралы да осылай деуге болады. Ресейде 1868-1869 жылғы реформа кезінде бүкіл қазақ даласы Орынбор мүфтилігінен шығарылды. Тек Астрахань губерниясына қарасты Бөкей ордасының мешіттері ғана толық мәнінде қызмет жүргізіп, жыл сайынғы есебін – метірке дәптерін діни басқарманың архивіне тапсырып отырған. Өз басым Уфа қаласындағы Башқұртстан Республикасы мемлекеттік архивінде екі мәрте болып, осы құжаттармен танысып көрдім. Бұл метіркелердің бір бөлігі қазір Астрахан облыстық архивінде де сақтаулы. Расын айтқанда, бұл метірке құжаттарында қазақ үшін өте құнды мәлімет көп.

Бұл құжаттардың өзектілігі, тарихи құндылығы жөнінде бірер мысал айта кетейін: дәл осы метірке құжаттары арқылы белгілі ақын, ағартушы Ғұмар Қараштың 1874 жылы туғаны дәлелденді. Халқымыздың әйгілі этнограф ғалымы Мұхамед-Салық Бабажановтың, күйші Дина Нұрпейісованың өміріне қатысты тың деректер шықты. Сондықтан бұл құжаттарды жүйелі зерттеу қажет-ақ. Кезінде Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығын басқарған Жантас Сафуллиннің бастамасымен бөкейлік метіркенің бірнеше жылғы көшірмесі елге әкелінген болатын. 1871 жылғы жазбалар қазіргі әліпбиге аударылып, үш томдық жинақ есебінде сүйінші данасы шықты да. Алайда бұл бастамаға жергілікті билік тарапынан қолдау болмады. Оны айтасыз, көптеген маңызды жобаларды жүргізіп келе жатқан Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығы 2020 жылы жабылып қалды. Осылайша, бүгінде Батыс Қазақстан облысындағы араб жазулы құлпытастар мен мешіт метіркелерін зерттеу ісі тоқырап тұр деуге болады.

- Әңгімеңізге рахмет. Еңбегіңізге жеміс тілеймін.

Соңғы жаңалықтар