Батыс Қазақстанда мәдениет ошақтарын жаңғырту жалғасын табады – Сайран Дүйсенов

БҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сайран Дүйсенов Батыс Қазақстан облысында мәдениет саласында қандай жұмыстар атқарылғанын, алдағы мақсат-міндеттер туралы Kazinform тілшісіне баяндап берді. 

Сайран Дүйсенов
Фото: Сайран Дүйсеновтің жеке мұрағатынан

— Сайран Темірғалиұлы, алдымен өткен жылды бір қорытындылап өтсеңіз…

— Бүгінде Батыс Қазақстан облысында 680 мәдениет мекемесі бар. Онда 5 мыңнан астам қызметкер еңбек етеді.

Өткен жылы басқарманың ұйымдастыруымен 12 мыңнан астам мәдени іс-шара өткізілді. Соның ішінде бастыларына тоқталсақ, ҚР еңбек сіңірген әртісі, әнші-термеші Қаламқас Орашеваның 70 жылдығына арналған «Көмейінде күміс жыр» V аймақтық-республикалық қыз-келіншектер байқауы, республика аймағында жазба ақындармен шығармашылық байланыс орнату мақсатында «СӨЗ-соқпақ» поэтикалық перформансы, Домбыра күні және Құрманғазы Сағырбайұлының 205 жылдығына орай облысымызда алғаш рет өткен домбыра жасау шеберлерінің «Домбыра–дастан» облыстық фестивалін айтуға болады. 

Сол секілді «Жас келін — 2023» аймақтық байқауы, аудан көркемөнерпаздарының «Туған жерім — тұғырым» халық шығармашылығы фестивалі, «Түркі әлемі» халықаралық өнер шеберлерінің фестивалі мен халықаралық суретшілер симпозиумы, күйші, термеші Мұрат Каримуллиннің еске алуға арналған кеш, «Мұхит жүрген жолдармен» ғылыми-тарихи сазды экспедициясы және басқа көптеген іс-шара өз деңгейінде ұйымдастырылды.

Облыстық театрларда жаңа премьералар қойылып, олар Атырау, Ақтау, Саран қалаларында гастрольдік сапарларда болды. Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театры Атырау қаласында өткен ақын, батыр М.Өтемісұлының 220 жылдығына орай ұйымдастырылған республикалық театрлар фестиваліне қатысып, төрт бірдей жүлдені еншіледі.

Жыл ішінде концерттік мекемелер де Қазақстан ғана емес, шет елдерге де шықты. Айталық, облыстық камералық оркестрі Астана және Алматы қалаларында, Түркияның Ыстанбұл қаласында концерттер қойды. Жастар шығармашылығы орталығы жанындағы «ARNAU» этно-фольклорлық ансамблі Словакияның Братислава, Аустрияның Вена, Мажарстанның Будапешт қалаларына гастрольдік сапармен барып қайтты. Сонымен қатар Түркияда өткен халықтық ансамбльдер фестиваліне Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның «Назерке» халық биі ансамблі арнайы шақыртылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың отандық кітаптарды басып шығаруды көбейту, жеткіншек ұрпақтың кітап оқуға ынта-ықыласын арттыру бағытында тапсырма бергені мәлім. Осы орайда өңірде 358 кітапхана болса, соның 330-ы ауылдық жерде орын тепкен. Соңғы кезде қуанарлық жайт, оқырмандар саны өткен жылдың 1 желтоқсанында 278 мыңнан асып, алдыңғы жылғыдан 8 мыңға жуық адамға көбейді. Кітап қоры 5 млн 941 мың 760 данаға жетіп, бұл да 23 мыңға өсті. Соның ішінде Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалымен келісе отырып, жергілікті ақын-жазушылардың да кітаптары сатып алынды.

— Музей, архив ісіне де қысқаша шолу жасап жіберсеңіз...

— Облыста 24 музей болса, олардың бәрі қалыпты жұмыс істеп жатыр. Дегенмен бірқатарын жаңарту қажет. Мысалы, Сырым ауданында Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейі жаңа ғимаратқа көшіріліп, тың экспозициямен жасақталуда. Бәйтерек ауданындағы М.Шолохов музейін күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалық-сметалық құжаттамасы жасалды, қазіргі таңда сараптамадан өтіп жатыр. Теректі ауданындағы музей ғылыми паспорттаудан өтуде, биылғы бірінші тоқсанда ашылмақшы. Жаңақала ауданында Д. Нұрпейісова атындағы өнер музейінің ғимаратын күрделі жөндеу жұмыстарының негізсіз екенін дәлелдейтін құрылымды техникалық тексеру қорытындысы әзірленіп, жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталып жатыр. 

Облыста мемлекеттік қорғауға алынған жалпы саны 2 148 тарих және мәдениет ескерткіштері бар екенін айта кетелік. Орал қаласының тарихи-сәулет тірек жоспары (тиісті жергілікті жердегі тарих және мәдениет ескерткішінің аумағы мен орналасқан жерін тіркейтін құжат) жасақталды. Бүгінде жоба ҚР Мәдениет және спорт министрлігімен келісілді.

Облыста тарихи-мәдени ескерткіштерге ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізілуде. Хан ордасы музей-қорығы құрамындағы 3 нысанға ғылыми-реставрациялау жұмыстары республикалық бюджет есебінен жүргізіліп, қоғам қайраткерлері С. Меңдешев пен А.Оразбаева үйлерінде жаңа музей экспозициялары ашылды.

Өткен тарихты сақтау үшін архивтерге көңіл бөлу аса маңызды. Өңірдегі архивтермен барлығы 97 707 іс, 14 245 049 парақ цифрлық форматқа ауыстырылды, бұл осы архивтерде сақталатын құжаттар санының 9,5 пайызды құрайды.

Мемлекеттік архив мекемелерін қаржыландыра отырып, бұл саладағы істерді жандандыру биыл да жалғасады. Сол сияқты ономастика, тіл дамыту салаларында тиісті жұмыстар атқарылып келеді.

— Тоқсаныншы жылдары ауылдардағы клуб, кітапханалардың жабылып қалғаны белгілі. Осы олқылықтың орнын толтыру бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

— Иә, бұл жұмыс басты назарда. Өткен жылы облыста 9 мәдениет нысаны құрылысы жоспарланса, соның төртеуі апаттық ғимараттар еді. Осы кезге дейін Ақжайық ауданы Бударин ауылындағы мәдениет үйі және Бөкей ордасы ауданы Хан ордасы музей-қорығының визит-орталығы мен әкімшілік ғимараты пайдалануға берілді. Қалған 7 нысанның құрылысы биыл аяқталмақшы.

Бұдан бөлек 2023 жылы Ақжайық ауданы Мерген, Бөкей ордасы Хан ордасы және Сырым ауданы Алғабас ауылдық мәдениет үйлерін күрделі жөндеу жұмыстары мәресіне жетті.

Биыл 6 ауданда мәдени-спорт кешендерін салу, 7 нысанға күрделі жөндеу, 10 нысанға жөндеу жұмыстарын өткізу көзделуде. Мұның бәрі ауылдардағы мәдениет саласын қайта түлетуге септеседі деп ойлаймыз.

— Барлық істің тетігін кадр шешеді. Осы орайда қала ғана емес, ауылдардағы мәдениет ошақтары мамандармен қалай қамтылып отыр? Олардың жалақысы жөнінде не айтар едіңіз?

— Нақтырақ айтсақ, мәдениет саласындағы 5 мыңнан астам қызметкердің 461-і — әкімшілік, 2 094-і — шығармашылық қызметкерлер, 2 802-сі — техникалық персонал. Бұл көрсеткіш соңғы үш жылда өсті. Сонымен қатар басқармаға қарасты мекемелерде тиімсіз штаттық бірліктерді қысқарту немесе қажетті бірлікке ауыстыру жұмыстары жүргізілуде.

Мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысы 2019 жылдан бастап 35, 2022 жылы 23 пайызға өскені мәлім. Еңбекақы көлемін 2025 жылға дейін 100 пайызға арттыру ойлатырылуда. Бұл, әрине, мемлекет тарапынан үлкен қолдау.

Облыс бойынша кадрлармен қамтамасыз ету мәселесі жоспарлы түрде шешілуде. Алайда аудандарда кейбір мамандықтар бойынша кадр жетіспеушілігі байқалып отыр. Бұл мәселені шешу мақсатында басқарма тарапынан аудан әкімдіктерімен бірлесіп «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 2021 жылы 13, 2022 жылы 16 маман жолданды. Ауылдардағы мәдениет үйлерін мамандармен қамту ісі жалғасады.

— Биыл мәдениет саласында қандай бағыттарға баса көңіл бөлінеді?

— Биылғы жылы да мәдениет ұйымдарының құрылысы мен жөндеуін жүргізу, материалдық-техникалық базасын нығайту, концерттік мекемелер мен театрлардың ел ішінде және жақын шет елде гастрольдік сапарларын ұйымдастыру, жаңа қойылымдар дайындау, кітапхана мен музей қорларын толықтыру, жоспарға сәйкес мәдени-көпшілік шараларды ұйымдастырып, өткізу жұмыстары өз жалғасын табады.

Мәдениет саласы қайраткерлерінің шығармашылығын насихаттауға арналған түрлі форматтағы іс-шаралар өтпекші. Соның ішінде ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақұштап Бақтыгереева, ҚР халық әртістері, атақты әнші Ғарифолла Құрманғалиев пен әнші-композитор Ескендір Хасанғалиев, ҚР еңбек сіңірген әртістері, күйші Оқап Қабиғожин, әнші Жұмағаным Рахимова және басқалардың құрметіне іс-шаралар ұйымдастырылады.

— Барлық аудан орталықтарында архив ғимараттары салынбақшы екен. Бұл жұмыс қашан мәресіне жетеді?

— Батыс Қазақстан облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына қарасты 14 мемлекеттік архив (1 облыстық, 11 аудандық және 2 филиал) жұмыс істейді. Күні бүгін Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік архивтерінде 3 782 қор, 1 027 448 іс мемлекеттік сақтауда тұр.

2023 жылы «Архивтік анықтамалар, архивтік құжаттардың көшірмелерін немесе архивтік үзінділер беру» мемлекеттік қызметіне қатысты 13 108 сұраныс орындалды. Облысымыздың мемлекеттік архивтері ғимараттарының архив қоймалары қазіргі уақытта орташа есеппен 98 пайызға толықтырылған.

Осыған сәйкес, аймақ басшысының тікелей қолдауы арқасында өңірдің бес ауданында (Ақжайық, Бәйтерек, Бөкей ордасы, Жәнібек, Сырым) архив ғимараты құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталды. Оған қоса 5 аудандық архивтің құрылысы 2024 жылы әлеуметтік-инвестициялық жоба аясында салынбақшы. Бұл жұмыстар алдағы жылдары да жалғасын табады. 

— 2026 жылы Бөкей хандығына 225 жыл, тарихи Хан ордасы ауылына 200 жыл толмақшы. Осыған орай қандай жұмыстар қолға алынады? 

— Бөкей хандығының 225 жылдығына орай бірқатар іс-шара өткізуді жоспарлап отырмыз. 2026 жылға дейін де істелетін жұмыстарымыз бар. Бөкей ордасы өңіріміздегі туристердің көп баратын аймағына айналып келеді. Жылына 20 мыңнан астам турист келіп кетеді. Биыл Хан ордасы музей-қорығында Қазынашылық ғимараты мен Хан сарайына ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізілетін болады. Бұған республикалық бюджеттен 136 млн теңге бөлінді. Бөкей хандығының 225 жылдығына орай елордада көрме және ғылыми-тәжірибелік конференция өткізу, пошта маркалары және Ұлттық банк монеталарын, осы өңірдің тарихына қатысты жаңа кітаптар шығару, республикалық мәдени байқаулар және басқа шаралар ұйымдастырылмақшы.

Ұлттық салт-дәстүрлерімізді дәріптеу мақсатында Хан ордасы ауылында облыстық ұлттық өнімдер, бұйымдар, тағамдар жәрмеңкесін өткізу көзделуде. Облыс әкімі Нариман Төреғалиұлының тапсырмасына сәйкес «Хан жәрмеңкесін» қайта жаңғырту ойластырылып жатыр. Бұдан басқа да іс-шаралар кезегімен тындырылады. 

— Әңгімеңізге рахмет. Қызметіңізге табыс тілеймін. 

Соңғы жаңалықтар