Батыс Қазақстанда мәдениет саласының үздіктері марапатталды
ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласындағы «Атамекен» өнер ордасында Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай салтанатты іс-шара өткізілді.

Жиынға Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев қатысып, сала қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтады.
Оның мәлім еткеніндей, облыс бойынша мәдениет саласында 6 мыңға жуық адам қызмет етіп жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың ІҮ отырысында «Мәдениет пен өнер — ел өміріндегі өте маңызды сала. Өнер — ұлттың жаны, ал мәдениет — рухани келбеті. Бұл қос құндылықты өркениетіміздің өзегі деуге болады. Оны сақтап, байыта түсу — ортақ парыз» деген болатын.

— Мемлекет басшысы Ақордада өткен мәдениет пен өнер саласы қызметкерлерінің салтанатты жиынында еліміздегі іргелі мәдениет ошақтары туралы сөз қозғай келе, Ақ Жайық елінің мақтанышы Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияға академиялық мәртебе беру туралы пікірін білдірді. Бұл мекеменің 60 жылдық мерейтойы қарсаңында мемлекет басшысы тарапынан берілген үлкен баға, Ақ Жайық жұртына сағынышпен жеткен «ақжолтай сүйінші» деп білеміз, — деді Нариман Төреғалиев.
Тағы бір жақсы жаңалық, Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының солисі Жаскелең Ғайсағалиевке «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілсе, «Жастар мәдениет сарайының» вокалды-аспаптар ансамблінің солисі Омар Хибашев «Ерен еңбегі үшін» медалімен наградталды.

Әкімнің сөзіне қарағанда, жыл сайын мемлекет тарапынан мәдениет саласына қолдау көрсетіліп, мәдениет мекемелерінің инфрақұрылымын дамыту, материалдық-техникалық базасын жаңарту жұмысы тұрақты істеліп жатыр.
Өткен жылы Жаңақала, Бөкей ордасы, Казталов және Сырым, 4 ауданда жаңа мәдениет үйлері халық игілігіне пайдалануға берілді. Тарихи нысандар — Хан ордасы музей-қорығы құрамындағы Хан сарайы (1828 жылы ірге көтерген) мен Қазынашылық ғимараты (1867 жыл) ескерткіштеріне ғылыми-реставрациялық және облыстық халық шығармашылығы орталығына жөндеу жұмысы жүргізілді.

Сәуір айында өңірдің өнерін өрге сүйреп, рухын асқақтататын — жастар мәдениет сарайы күрделі жөндеуден өткізіліп, базасында шығармашылық бағыттағы «Ozge Epic Oral creative hub» ашылды.
Биыл облыс бойынша 11 нысанның құрылысы мен 7 нысанның күрделі жөндеуі және 2 ғылыми-реставрациялық жұмыстары қолға алынып отыр.

Бәйтерек ауданы Щапов, Макаров, Көшім ауылдық клубтары мен Достық мәдени-спорт кешені, Сырым мен Жәнібек аудандық кітапханалары, Ақжайық ауданы Көнеккеткен мен Қабыршақты ауылдық клубтары, Қаратөбе ауданы Аққозы ауылдық клубы мен Шөптікөл ауылындағы мәдени-спорттық кешен, Жәнібек ауданы Жақсыбай ауылдарындағы мәдени-спорттық кешенінің құрылыс жұмысы басталды.

А.Островский атындағы драма театрына, Бәйтерек ауданындағы М.Шолохов музейіне, Бөрлі ауданы Кеңтүбек, Бумакөл, Жарсуат ауылдарындағы мәдениет үйлеріне күрделі жөндеу жұмысы, Хан ордасы музей-қорығы құрамындағы Хан мешіті мен Жәңгір хан кесенесіне ғылыми-реставрациялық жұмыс жүргізіліп жатыр.
Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театрының күрделі жөндеу жұмыстарын биыл маусым айында бастау жоспарланып отыр.

— Елімізде алғаш рет мәдениет саласында «Қазақстан халқына» қорымен бірлесе 25 ауылдық кітапхананы модернизациялау бойынша жоба жүзеге асырылып жатыр. Бүгінгі күні 25 кітапхананың 16-сы ашылды. Маусым айының соңына дейін 9 ауылдық кітапхана халыққа пайдалануға беріледі. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады, — деді өңір басшысы.
Салтанатты жиын барысында облыс әкімі Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының солисі Жаскелең Ғайсағалиевке «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын табыс етті.

Құрылғанына 25 жыл толуына орай Ғ.Құрманғалиев атындағы БҚО филармониясының Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі және отыз жылдық белесті бағындырған «Атамекен» халық би ансамблі Президенттің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясы «Атамекен» вокальды-камералық ансамблінің жетекшісі Күнсұлу Көптілеуова мен Ш.Қажығалиев атындағы эстрадалық-симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі Никита Пологнюк Президенттің алғыс хатына ие болды.

Сала ардагерлері Кәрім Өтеғұлов, Марат Бигалиев, Қанатқали Қожақов, Людмила Шевелева «Еңбек ардагері» медалін тақты.

Батыс Қазақстан облысы әкімінің алғысхатымен марапатталғандар қатарында БҚО тарихи-мәдени мұраларды қорғау жөніндегі инспекциясының бөлім меңгерушісі Абзал Байбеков, БҚО зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы кітапханасының бас есепшісі Зәмзагүл Жантуринова, Хан ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығының бөлім басшысы Гүлмира Елемесова, Бәйтерек ауданы Дариян ауылдық мәдениет үйінің билеттік кассирі Гүлнар Есенжанов бар.
Жұмысшы мамандығы жылына орай техникалық қызметкерлер де ұмыт қалмай, барлығы 20 адамға қаржылай сертификаттар берілді.
Бөкей ордасы ауданы мәдени-демалыс орталығының хореографы Сәуле Сүндетова, Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармонияның суретшісі Қалел Қазиев және Шыңғырлау аудандық мәдени-демалыс орталығының директоры Сайын Әжіғалиев «Мәдениет саласының үздігі» атанды.
Бір топ қызметкерге басқа да марапаттар табыс етілді.

— Еліміз бойынша Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні кең көлемде аталып өтіліп жатыр. Әріптестеріміз бүгін марапаттар алып, қуанышқа кенелді. Менің де көп жылғы еңбегімді ескеріп, «Еңбек ардагері» медалімен марапаттады. Жасымыз келсе де, сахнадан түскен емеспіз. Оған қоса Мемлекет басшысының Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияға академиялық атағы берілетіні жөнінде айтқаны бізді одан сайын жігерлендіріп, қанаттандырып отыр. Көптен күткен арманымыз еді, ол да орындалмақшы, — деді Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қанатқали Қожақов.
Салтанатты іс-шара концерттік бағдарламаға ұласты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Президент мәдениет саласындағы бір топ азаматты мемлекеттік наградамен марапаттағанын жазған едік.