Батыс Қазақстанда мал азығы алдағы қысқа жеткілікті ме

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында мал азығын дайындау науқанының беталысы қалай? Шөп шығымы көңіл көншіте ме? Осы орайда Kazinform тілшісі БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллинге бірнеше сауал қойған еді.

мал азығы
Фото: Қайрат Насимуллин

— Жасұлан Жолдыбайұлы, биылғы мал азығын дайындау науқаны қалай өтіп жатыр, алдымен соған тоқталсаңыз? 

— Облыс бойынша алдағы мал қыстағына кірмекші 1 млн 222 мың шартты мал басына 2 млн 318 мың тонна шөп, 276 мың тонна жем, сонымен қатар қосымша мал азығы ретінде 14 мың тонна сүрлем, 8 мың тонна пішендеме дайындау жоспарланған еді. Оған қоса өткен жылдан қалған 422 мың тонна пішен қолда бар. Нақтырақ айтсақ, өңірде алдағы қыста 971 мың бас ірі қара, 1 млн 466 мың бас ұсақ мал, 296 мың жылқы және 2,6 мың түйе қыстатылмақшы. Мал қыстағына қажетті шөптің көлемі аудандардағы мал басының минималды өсім болжамымен алынып отыр (101-105 пайыз). Биылғы 31 шілдедегі мәліметке сәйкес 3 млн гектар шабындық шабылып, әр гектарына 3,4 центнерден келді. 1 млн 17 мың тонна мал азығы әзірленді, бұл — жоспардың 44 пайызы. Қалдық шөпті қоса есептегенде, 1 млн 440 мың тонна шөп немесе 62 пайызы дайын.

Облыста 15 шілдеден пішендеме дайындау жұмыстары басталды. Он бес күнде 6 мың тонна пішендеме, сондай-ақ 10 мың тонна жемдік мал азығы әзірленді. Жалпы, мал азығын дайындау науқанына 3 213 орақ қатысуда. Өңірге көктемгі-далалық жұмыстарды жүргізуге 8,4 мың тонна дизель отыны бөлініп, «Petro Retail» ЖШС жеткізуші оператор ретінде белгіленді. Дизель отынын Орал қаласындағы мұнай базаларынан жіберу бағасы 1 литріне 254 теңгеден келеді.

Егінге 6,5 мың тонна дизель отыны пайдаланылған болса, қалған 1,9 мың тоннасы мал азығын дайындау жұмыстарына бөлінді. Облыс аумағындағы 40,3 мың га лимандық шабындықтарға су шығарылды. Мұндағы өнімділік жоғары: гектарына 5-14 центнерден келеді. Өңірде жеткілікті мал азығын дайындауға мүмкіндік бар. Биыл егін де бітік шығуда, қазіргі кезде бағасы қолайлы болып тұр. Егін алқаптарындағы жемнің сату бағасы тоннасына 65 мың теңгеден басталады. Облыста 1 рулон табиғи және екпе шөптің бағасы 3 500-12 000 теңге аралығында. 31 шілдедегі ақпарат бойынша 22 шаруа қожалығында 16 мың рулон шөп, 1,1 мың тонна жем саттыққа дайын тұр.

а
Фото Жасұлан Халиуллиннен

— Аудандарда шөп шығымы әр түрлі екендігі белгілі. Осы орайда келісіп, басқа жерлерден мал азығын дайындап жатқандар бар шығар? 

— Иә, қазірге кезде шөп өнімділігі төмен болып отырған Жәнібек және Казталов ауданының кейбір округтерінің шаруалары облысымыздың басқа аумақтарынан мал азығын дайындау жұмысын жүргізіп жатыр. Мәселен, Казталов ауданының Казталов ауылдық округінен «Ерген», «Мерлан», «Ерікті қала», Қайыңдыдан «Али», «Әділхан», «Алибай», Біріктен «Қызылту», «Багисов», Талдықұдықтан «Бибарыс», «Мадияр» шаруа қожалықтары Ақжайық ауданы ауыл шаруашылығы құрылымдарымен келісім бойынша шөп шабуды бастады. Тереңкөл ауылдық округінен «Ұлан», Көктеректен «Қасым», «Мамай», «Сержан», «Көктерек» шаруа қожалықтары Тасқала ауданында шөп шабу жұмыстарын жүргізуде. Казталов ауылдық округіне қарасты «Муслим», «Бозой» шаруа қожалықтары Бәйтерек ауданы Көшім ауылында шөп дайындап, тасымалдауда.

Ал Жәнібек ауданының Борсы ауылдық округінің «Марал», «Ерсайын», «Ақниет», «Хамен» шаруа қожалықтары Ақжайық ауданынан мал азығын дайындап алмақшы. Талов ауылдық округіне қарасты «Равиль», «Аманат», «Бірлік», Нұрай», «Виктория», Құбаш», «Құрман» шаруа қожалықтары Тасқала ауданында шөп шабу жұмыстарына кірісіп жатыр. Жақсыбай ауылдық округінің «Ағайын», «Ерана», «Серік», «Мирболат» шаруа қожалықтары Бәйтерек ауданы Үлкен Шаған ауылы маңынан шабылған шөпті тасымалдау жұмыстарын жүргізуде.

— Өткен жылы қуаңшылыққа және шабындықты киіктің тапауына байланысты Бөкей ордасы, Жәнібек аудандарында, Жаңақала мен Казталовтың кей ауылдық округтерінде төтенше жағдай жарияланып, шаруалар мен тұрғындарға бюджеттен көмек көрсетілді. Биыл мұндай қауіп бар ма? 

— Облысымыздың Жәнібек және Казталов аудандары жеке қосалқы шаруашылықтарының мал азығымен толық көлемде қамтамасыз етілмеу қаупі бар. Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары ауа райының қолайсыздығы және киік санының күрт артуы аталған аудандардағы екпелі, жайылымдық және шабындық алқаптардың жағдайына айтарлықтай кері әсерін тигізуде. Өнімділік жекелеген округтерде гектарына 1 центнерге де жетпейді. 

Алайда қолданыстағы мал шаруашылығын субсидиялау қағидаларына сәйкес бұл аудандарда гидрометеорологиялық қызметтің расталуы тиіс ауа райы жағдайы туралы анықтамасына сай биыл ылғал жақсы, ауа райы қалыпты деген қорытынды беріліп отыр. Екі аудан бойынша басқа аудандардан жеке тұрғындар үшін 45 014 тонна шөп тасымалдау қажеттігі туындап отыр. Қазіргі кезде тасымалдау жұмыстары ұйымдастырылып, жүргізілуде. Дегенмен шөптің бағасы рулонына 12-14 мың теңгеден келіп отыр. Күні бүгінге дейін Жәнібек ауданында 2 100, Казталов бойынша 1 250 тонна шөп тасымалданды.

мал азығы шөп
Фото: БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы

— Киікпен қатар соңғы кезде өңірде төрт түлік мал да көбейді. Шаруа қожалықтарының үнемі бір аумақта отыруы жердің тозуына, Нарында құмның көшуіне соқтырады. Мұны реттеудің жолдары бар ма? 

— Соңғы 10 жылда өңірде төрт түлік малдың саны едәуір өскені байқалады. 2015 жылы ірі қара 470,5 мың, ұсақ мал 1 млн 129,3 мың, жылқы 131,5 мың, түйе 2,8 мың бас болған еді. Ал 2024 жылы ірі қара 924,9 мың, ұсақ мал 1 млн 345,1 мың, жылқы 309,8 мыңға жетті. Түйе ғана (2,6 мың бас) кеміген. Яғни, ірі қара мал екі есеге, ұсақ мал 19,1 пайызға, жылқы екі есе жарымға көбейіп отыр. «Жайылым туралы» ҚР Заңына сәйкес мал басына жайылымдардың жалпы алаңына түсетін жүктеменің шекті рұқсат етілетін нормасының сақталуын шаруашылықтар орындауы қажет. Шаруашылықтарға уәкілетті органмен жайылымдық жерлер беру кезінде жердің тозуын болдырмау, оны үнемі жақсартып отыру, жайылымдарды ауыстырып отыру керектігі жөнінде келісім-шарттарда көрсетіледі.

Бұл жерде мынаны ескеру қажет, ата-бабаларымыз ежелден мал тұяғымен жердің тозуын болдырмау үшін жазғы орындарға көшіп, мал жаюдың технологиясын сақтап келген. Алайда қазіргі уақытта мал басының артуына және шаруашылықтардың тығыз орналасуына байланысты бұл әдісті қолдану мүмкін болмай отыр. Тағы бір айта кететін жағдай, оңтүстік аудандарда қыста ауа температурасы жылы болып, мал қыстақта тек 1-2 ай тұрып, жайылымда 10-11 ай бойы бір жерде жайылады. Бұл да сол жерлердің тозуына әкеп соқтыруда. Қазақстан жемшөп өндірісінің жол картасына сәйкес биылдан бастап елді мекендер айналасындағы жайылымды жақсарту шаралары көзделген. Аталған жол картасы бойынша Бөкей ордасы, Жәнібек, Казталов аудандарында елді мекендер айналасындағы жайылымдық жерлерді жақсарту бағытында жұмыс жүргізу жоспарланған. 

сено в поле даладағы шөп
Фото: Kazinform

— Алқаптарды қоршап, екпе шөп егу — мал азығын жеткілікті дайындаудың бір жолы. Бұл бағытта не істеліп жатыр?

— Көктемгі далалық жұмыстар барысында облыста 208,8 мың га (2024 жылы — 200 мың га) жерге мал азықтық дақылдар егілді, оның ішінде 40,6 мың га — біржылдық шөптер, 2,1 мың га — сүрлемдік дақылдар және 18,0 мың га — көпжылдық шөптер егілді, өткен жылдардан қалған 147,9 мың га көпжылдық шөптер және бар. Мал азықтық дақылдардың егіс көлемі өткен жылға қарағанда, 4,4 пайызға немесе 8,8 мың гектарға артты. Мал азықтық дақылдарды егуді оңтүстік аудандарда енгізуді ұлғайту мақсатында шаруашылықтар арасында үгіт-насихат жұмыстарын үнемі жүргізіп келеміз. Бұл бағытта Орал ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасымен семинар, вебинар және кеңес беру іс-шаралары тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Сондай-ақ Жәнібек ауданында «Агрокомплекс Арсен» ЖШС базасында суармалы мал азықтық дақылдары егісі тәжірибесі бойынша семинар өткізілді.

Екпе шөп егумен нәтижелі айналысып отырған Бөкей ордасы ауданынан «Боранбаев», Казталовтан «Ер Қожа» шаруа қожалықтарын атап өтуге болады. Екпе шөп егу кезінде суару техникаларын пайдаланудың маңызы зор. Осы орайда суару техникаларын сатып алуда жеңілдіктер қарастырылған. Ауыл шаруашылығы министрінің 2018 жылғы 23 шілдедегі № 317 бұйрығымен бекітілген «Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағидаларына» сәйкес шаруашылықтармен сатып алынған суару техникалары құнының 80 пайызы мемлекетпен қайтарылады.

Биыл облыс бойынша суарылған алқап көлемі 12 441 га болса, соның 3 585 гектарына судан шөбі, 1 515 гектарына жоңышқа, 1 664 гектарына жүгері егілген. Бұл шаруалардың сапалы мал азығын дайындауға көшкенін көрсетеді. Бұдан бөлек, Ауыл шаруашылығы министрінің 2018 жылғы 23 шілдедегі № 317 бұйрығымен бекітілген «Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағидаларына» өзгерістер енгізілді. Онда ауыл шаруашылығы жерлерін шарнирлі тормен қоршауға жұмсалған шығындарды субсидиялау қарастырылған. Яғни тордың әрбір метрінің құнының 50 пайызы және бір дана баған құнының 50 пайызы мөлшерінде субсидияланады.
Қорыта айтқанда, шаруалар озық технологияларды енгізіп, замана көшінен қалып қоймауды ойластыра білсе, одан ұтылмайтыны анық. Мал баққан ағайынға заң аясында көмек-қолдау да барынша көрсетіледі. 

жемшөм
Фото: БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-ның оңтүстік аудандарында мал азығын дайындауға байланысты қиындықтар туындап отырғанын жазған едік.

Сондай-ақ қуаңшылыққа байланысты БҚО аудандарында төтенше жағдай жарияланды. 

Соңғы жаңалықтар