Батыс Қазақстанда олимпиадалық спорт түрлеріне қаншалықты көңіл бөлініп отыр
Батыс Қазақстан облысында олимпиадалық спорт түрлеріне қаншалықты көңіл бөлініп отыр? Дене шынықтыру мен спортқа жұмсалып жатқан қаражаттың өтемі қандай? Осы бағытта Kazinform тілшісі тараптармен тілдесіп көрді.
Кейінгі жылдарда айтулы додалардағы нәтижеміз қандай?
БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Жеңіс Нығметуллиннің айтуынша, спортшы үшін ең жоғары дода Олимпиада ойындары болып есептеледі. Сондықтан елімізде олимпиадалық спорт түрлерін дамытуға ерекше көңіл бөлінеді.
2021 жылы Токиода өткен ХХХІІ жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан ұлттық құрамасы сапында су добынан қақпашы Павел Липилин, қорғаушы Данил Артюх және спорттық жүрістен Георгий Шейко ел намысын қорғады. Өкінішке қарай мәртебелі сайыста өнер көрсеткен спортшылар көздеген нәтижеге қол жеткізе алмады.
Сол секілді 2022 жылғы Бейжіңдегі ХХІV қысқы Олимпиада ойындарында Әділ Ғалиахметов шорт-тректен жеке сайыста финалға дейін жетіп, 8-орынға табан тіресе, командалық жарыста бесінші сатыдан көрінді.
2022 жылы Бразилияда өткен есту қабілеттері төмен спортшылардың арасындағы XXIV жазғы Сурдлимпиадалық ойындарында өңір тарихында тұңғыш рет облыс спортшысы Дина Ержанова сурдо дзюдодан қола жүлдені иеленді. Ірі сайыста қол жеткізген жоғары нәтижесі үшін спортшыға 75 мың доллар көлемінде сыйақы төленіп, 1 бөлмелі пәтер берілді. Спортшының бапкеріне 60 мың доллар төленіп, өмір бойына ай сайынғы 100 АЕК көлемінде ақшалай төлем тағайындалды.
Басқарма басшысының сөзіне қарағанда, 2021-2023 жылдары облыс спортшылары олимпиадалық спорт түрлерінен Азия чемпионаттарында 6 алтын, 12 күміс, 10 қола, әлем біріншіліктерінде 5 алтын, 7 күміс, 3 қола медальға қол жеткізді.
Батысқазақстандық спортшылар ел чемпионаттарында олимпиадалық спорт түрлерінен бұрын-соңды болмаған көптеген нәтижеге қол жеткізді. Айталық, ересектер арасында Даниил Андросов жүзуден, Өтепберген Әлиев ауыр атлетикадан, Темірлан Көлбай мен Гауһар Ермағамбетова дзюдодан, Дастан Кенжеғұлов, Айдос Кенжеғұлов, Санжар Жұбанов үстел теннисінен командалық сайыста жеңімпаз атанды.
Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен ХІХ жазғы Азия ойындарында 8 спортшы бақ сынап, байдарка мен каноэ есуден Мария Бровкова күміс және қола жүлдеге ие болды. Су добынан ұлттық құрама сапында Данил Артюх үздік үштікке ілікті. Сондай-ақ ІV жазғы Азия пара ойындарына облыстан 3 спортшы қатысып, Марьям Сәлімгереева пара таеквондодан, Талғат Әжіғалиев пара дзюдодан қола жүлдеге ие болды.
«Бүгінде облыс бойынша 22 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істеп тұр. Жалпы, 14 634 бала спортпен айналысады. Соның ішінде 9 161-і немесе 62,6 пайызы олимпиадалық, 2 281-і (15,6 пайызы) ұлттық, 3 192-сі (21,8 пайызы) олимпиадалық емес спорт түрлерімен шұғылданады. Бұлар — біздің болашағымыз. Әсіресе, олар олимпиадалық спорт түрлерінен жоғары нәтиже көрсетеді деп үміттенеміз», — дейді Жеңіс Махамбетұлы.
Басқарма мәліметі бойынша 68 спорт түрінен облыс құрамасы мүшелерінің республикалық, халықаралық жарыстарға қатысуын қамтамасыз ету үшін бюджеттен 533 млн теңге бөлінсе, соның 336,4 млн теңгесі (63 пайызы) олимпиадалық, 57 млн теңгесі (10,6 пайызы) ұлттық, 140,1 млн теңге (26,4 пайызы) олимпиадалық емес спорт түрлеріне қаралды.
БҚО әкімдігінің қаулысы негізінде спорттық нәтижелерге сәйкес 400-ге жуық спортшы ай сайын ақшалай төлемдерін алады. Бұған 296,4 млн теңге берілді.
Сонымен қатар балаларды тегін спортпен қамтамасыз ету мақсатында 2021 жылдың 1 мамырынан облыста мемлекеттік спорттық тапсырыс бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Қазір кез келген ата-ана «Даму бала» ақпараттық порталы арқылы 4 жастан 18 жасқа дейінгі балаларын тегін спорттық секцияға тіркей алады. Осы бағдарлама бойынша бүгінгі таңда 12 мыңға жуық бала спортпен тегін айналысады.
2024 жылдың қаңтар айында Оңтүстік Кореяда жасөспірімдер арасында өтетін қысқы Олимпиада ойындарына шорттрекшілер Мейіржан Төлеген, Ерасыл Шыңғысхан және шаңғышы Дамир Қабекесов қатысудан үмітті.
«2024 жылы Франция елінің астанасы — Париж қаласында ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындары өтеді. Осы дүбірлі жарысқа біздің де спортшыларымыз жолдама алып, бақ сынайды деп ойлаймыз. Жалпы, алдағы уақытта да олимпиадалық спорт түрлерін дамытуға басымдылық берілетінін атап өткім келеді», — дейді басқарма басшысы.
2016 жылғы Рио Олимпиадасында батысқазақстандық балуан Екатерина Ларионованың қола жүлдегер атанған болатын. Оған қоса Батыс Қазақстаннан түлеп ұшқан Данияр Елеусінов олимп шыңына көтерілді. Ал Токио Олимпиадасында қазақстандықтардың мүлдем алтын жүлдесіз қалғаны және мәлім.
БҚО байдарка мен каноэ есу федерациясының президенті, Орал қалалық мәслихатының депутаты Юрий Казанин Олимпиада циклі өткен сайын қазақстандықтар алған жолдамалар санының азайып келе жатқанын айтады.
Рио Олимпиадасына байдарка мен каноэдан 11, жеңіл атлетикадан 22 лицензия алсақ, Токиоға сәйкесінше 6, 17 жолдамаға ғана қол жеткізілді. Нәтиже төмендеп бара жатыр.
«Алдағы Париж олимпиадасына да байдарка мен каноэдан 5 лицензия алсақ, қуанатын шығармыз. Мұның бәрінің себебі неде, соған жан-жақты талдау жасап, ескек есу, ауыр атлетика, велосипед, садақ ату секілді олимпиадалық спорт түрлеріне бөлінетін қаржыны көбейтіп, оның тиімді жұмсалуына назар аударуымыз керек. Біз Кеңес дәуірінде Өзбекстан құрамасымен құйрық тістесіп, бірде озып, бірде қалып жүретінбіз. Қазір олар әлдеқайда алға кетті. Мұны түзеу үшін жүйені қайта құрып, жоғары білікті мамандарды тәрбиелеуге, олардың жалақысын лайықты деңгейге жеткізуге көңіл бөлуіміз қажет. Оқу-жаттығу жиындарын өткізуге, жарыстарға баруға спортшыларға қаржының кемдігі қолбайлау болып жатады. Меніңше, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы жыл басында қаржы бөлер кезде мамандармен ақылдасуы, сосын қаражаттың қайда кетіп жатқаны ашық, жария түрде болуы керек», — деді Ю.Казанин.
Ескек есуден есеміз кетпесе екен
Олимпиада ойындарында медальдар көп ойнатылатын спорт түрінің бірі — байдарка мен каноэ есу. Бұл спорт түрінен Батыс Қазақстан облысы тарихында үш әлем чемпионы шықты. Ең алдымен Александр Акунишников 1986 жылы КСРО құрамында топ жарса, одан кейін Андрей Ергучев 23 жасқа дейінгілер арасында үздік шықты. Кейінгі бір-екі жыл көлемінде Мария Бровкова жасөспірімдер арасында екі мәрте әлем чемпионы атанды. Міне, батысқазақстандықтар Парижге жолдама туралы айтыла қалса осы Мария еске түседі.
Өзі де спортпен, бапкерлікпен айналысқан Юрий Казанин осындай нәтиже беретін спорт түріне тиісінше назар аудару керек деп есептейді. Оның сөзіне қарағанда, № 1 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінен 1956 жылдан бері 47 спорт шебері тәрбиеленіп шыққан. Алты ескекші халықаралық дәрежедегі спорт шебері, біреуі, Александр Акунишников еңбек сіңірген спорт шебері атанды. Қазіргі кезде Мария Бровковадан басқа Андрей Копняев пен Екатерина Казанина — Қазақстан жасөспірімдер құрамасының мүшелері. Осы жерден спорттық жолын бастап, кейін Астанадағы Қ.Мұңайтпасов атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде білім алған Дильназ бен Диана Алмағамбетовалардың нәтижелері айтарлықтай. Дильназ Азия чемпионы атанып үлгерді.
Аталмыш мектеп ғимаратының қазіргі жағдайы көңіл көншітпейді. Шатыры жөнделгенімен, төбесінен тамшы аққан жер әлі сол күйінде тұр. Құрал-жабдықтары әбден ескірген.
«Осы ғимараттың жанынан қосымша құрылыс салсақ, үлкен спорт залда 500-ден астам адамның жаттығуына мүмкіндік туар еді. Байдарка мен каноэдан басқа академиялық есу бар. Барлығы 200 спортшы бар. Егер қыста мұнда 200 шаңғышы жаттығатын болса, бәріне де орын табылар еді. Жазда біз 100 спортшыдан артық ала алмаймыз. Өйткені құрал-жабдық жетпейді. Мысалы, 5 адамға бір қайықтан келеді. Осының бәрін ретке келтірсек, мұнда Қазақстан ұлттық құрамасының жаттығу базасын жасауға болады. Біріншіден, база орталықта орналасқан, екіншіден, ауа райы қолайлы, жазда ыстық емес, айнала қоршаған орман желден қорғайды. Қазақстан құрамасы осында шеберлігін шыңдаса, шетелге сабылмай-ақ, қаржы үнемделер еді. Әрі Еуропаға Оралдан ұшу оңай», — дейді Ю.Казанин.
«Біз шетелге жарысқа барғанда, жағдайдың мүлде басқа екенін көреміз. Мысалы, Әзербайжанда, Словакияда болдық. Оларда спортшының дұрыс тамақтануына, дәрумендермен, басқа да керек-жарақтармен қамтылуына баса көңіл бөледі. Оқу-жаттығу жиындарын жиі өткізіп, турнирлер ұйымдастырады. Бізде олай емес. Алдағы жылы Қазақстан чемпионатында үздік шығып, болашақта ел намысын абыроймен қорғағым келеді. Қазір 17 жастамын. Алтыншы сыныпқа дейін қазақша оқыдым. Үйдегі апа-сіңлілерім де қазақ тілінде білім алды. Ескек есуден біраз табысқа қол жеткізген, қазіргі кезде Түркияда туризм саласында еңбек ететін апам Антонина басқа да тілдерді жақсы біледі. Көкжиегі кең болуы үшін спортшыға да кемінде екі тіл білуі керек деп есептеймін», — деген пікірін қосты Екатерина Казанина.
Күрес түрлеріне де көңіл бөлу керек
Батыс Қазақстан облысы тарихында ел атағын шығарған балуандар аз емес. Соның ішінде Рио олимпиадасының жүлдегері Е.Ларионованың есімі ерекше аталады. Бүгінде «осы спортшының ізін жалғастыратын бұрымдыларымыз бар ма?» деген сауал жиі қойылып жүр.
Әйелдер күресінен БҚО-ның аға жаттықтырушысы Мұсабек Нарегеевтің пікірінше, ондай балуандар бар. Мысалы, Зейнеп Баянова биыл 20 және 23 жасқа дейінгілер арасында Қазақстан чемпионатын ұтты, Азияда қола және күміспен күптелді. Сондай-ақ Анастасия Панасович 23 жасқа дейінгілер арасында ел чемпионы атанды. Әйелдер арасында V жазғы спартакиаданың күміс, ТМД елдері ойындарының қола жүлдегері болды.
«Ендігі алдағы мақсат — 2024 жылдың қаңтар айының соңында әйелдер күресінен өтетін Қазақстан біріншілігінде топ жару. Сонда ғана Азия мен әлемдік лицензиялық турнирлерде күресіп, Олимпиада жолдамасы үшін таласуға мүмкіндік туады. Біздің спортшыларымыз жас, соған қарамастан, бар күшімізді саламыз. Балуандар күреске келгеннен бастап аянбай тер төгіп, тынымсыз жаттығады, талай жиынға қатысып, додаларда сынға түседі. Қаншама жарақат алады, міне, солардың өтеуі болса екен дейміз. Зейнеп пен Анастасиядан кейін де өсіп келе жатқан жасөспірімдеріміз бар», - дейді М.Нарегеев.
БҚО әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы мүмкіндіктері шектеулі адамдарға арналған спорт клубының директоры Әскербек Нұрмұхановтың ойынша, еркін күрес өңірде кенжелеу қалғанымен, Нұржан Исағалиев сынды талантты жас һрен бар. Дзюдодан Аңсарбек Ғайнуллин түрлі жарыста олжа салып жүр. Саят Сейтқалиев болашағынан үлкен үміт күттіреді.
«Пара дзюдодан Бөрлі ауданы Ақсу ауылынан шыққан Рустам Мәмбетқұлов Қытайдың Ханжчоу қаласында өткен Азия пара ойындарында қола жүлде үшін бәсекеде қарсыласына есе жіберіп, 5-орынға тұрақтады. Дегенмен Токиода өтетін Гран-при турнирінде сәтті күресіп, ұпайларын толықтырса, Париж Паралимпиадасына жолдама алатын мүмкіндігі бар. Азия пара ойындарында қола жүлдегер атанған Талғат Әжіғалиевтің салмағында Абай облысының балуаны Ерлан Конкиев бар. Ол рейтингте жоғары тұрғандықтан, Париж Паралимпиадасына сол спортшы жол тартатын болар. Сурдодзюдодан резерв өте көп. Облыстық есту қабілеті бұзылған балаларға арналған арнаулы мектеп-интернатымен бірлесе отырып, жұмыс жасау нәтижесінде Дина Ержанова, Мүсілім Сұлтанғалиев, Азамат Сайфеден, Анастасия Тимошенкова сияқты жастарымыз шеберлігін жетілдіріп келеді. Олардың алдағы бес жылда әлемдік жарыста жарқырап көрінетіндей мүмкіндіктері бар. Дзюдо, грек-рим, еркін күрес немесе әйелдер күресі болсын, қаржы осындай олимпиадалық спорт түрлеріне әлде де көп бөлінуі керек. Ал волейбол, баскетбол, футболдан Қазақстан таяу жиырма жылда Олимпиадада жүлде алады деп ойламаймын», - дейді Ә.Нұрмұханов.
Шорт-трек шеберлерінің жаттығу мәселесі шешілді ме?
Орал қаласында жалғыз ғана жабық мұз айдыны спорт сарайы бар. Бұдан бұрын аталмыш сарайда «Ястребы» шайбалы хоккей клубының жаттығуына баса көңіл бөлініп, шорттрекшілердің дайындық жасау мерзімі қолайсыз уақытқа қойылғаны жөнінде дау көтерілген болатын. Мұнда сонымен қатар мәнерлеп сырғанаушылар да жаттығады. Қазір бұл мәселе шешілді ме?
Жеңіс Нығметуллинің түсіндіруінше, мұз айдыны сарайы 2019 жылы «Стекло-Сервис» ЖШС-ға сенімгерлік басқаруға берілген. 2020 жылы облыста қысқы спорт түрлерін қарқынды дамыту мақсатында шайбалы хоккейден жастар кәсіби клубы ашылды. Әйтсе де қалада бір ғана мемлекеттік мұз айдыны бар, оның қамту қабілеті төмен. Бұл жеткіліксіз екені анық. Оқу-жаттығу жұмысы таңнан кешке дейін өткізіледі. Сондықтан жаттығу уақыты бойынша көп дау-талас болатыны жасырын емес.
«Өткір мәселені шешу үшін сенімгерлік басқарушымен кездесу өткізіліп, шорт-трек спортының жаттығу уақытына басымдық беру жөнінде ұсыныс берілді. Бір мезгілде мәселе шешілсе, енді бір мезгілде уақыт қайта тығыз болып қалып тұр. Себебі, шайбалы хоккей бөлімі спортшыларының жарысқа кетуі мен келуі бар. Кеткен уақытта мұз алаңының уақыты босайды. Жылдың аяғында шайбалы хоккейден жастар командасын ұстау мәселесінің тиімділігі қарастырылатын болады», - дейді Ж.Нығметуллин.
Шын мәнісінде қысқы спорт түрлері ішінде шорт-трек бойынша медаль көп таратылатыны белгілі. Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мәдіғали Қарсыбеков кезінде Оралдан көптеген шорт-трек шеберін тәрбиелеп шығарды. Олардың алды Олимпиадаларда жүлдеге қол созым жерден тоқтағанымен, әлем кубогі кезеңдерінде құр алақан қалып жүрген жоқ. Қазіргі шорт-тректен Қазақстан құрамасының бас бапкері Нұрберген Жұмағазиев те Оралдан. Ендеше, шорттрекшілердің алдағы жарыстардан олжалы оралуы үшін оларға жағдай туғызу қажет-ақ деп есептейді бапкерлер.
Басқарма басшысының пайымдауынша, даму деңгейі жоғары мұндай спорт түрлерін сол деңгейде ұстап қалу, одан әрі жетілдіру аса маңызды. Сонымен қатар даму деңгейі төмен, кенже қалған спорт түрлері де баршылық. Мұнын себебі — тиісті материалдық-техникалық базаның жоқтығы немесе олардың ескіруі, тозығы жетуі, спорттық құрал-жабдықтардың жетіспеушілігі, білікті кадрлардың тапшылығы.
Мысалы, медаль көп беретін жеңіл атлетикадан облыста спортшыны жоғары жетістіктерге жеткізе алатын, бағыт-бағдар беретін білікті кәсіби маман жоқ. Оған қоса жеңіл атлетика спорты бойынша оқу-жаттығу жұмысы жүргізілетін П.Атоян атындағы стадионның жүгіру жолы әбден тозығы жеткен, ешқандай сын көтермейді, спортшылардың толыққанды шыңдалуына кедергі туғызады. Сол себепті стадионды күрделі жөндеу, соның ішінде жүгіру жолын қалпына келтіру көзделуде.
Екіншіден, велосипед, академиялық есу сияқты техникалық спорт түрлерінен құрал-жабдықтардың жетіспеуі оқу-жаттығу жұмысының сапасына кері әсерін тигізеді. Кәсіби түрде спортшыны қамтамасыз ету үшін тек қана бір велосипед немесе қайықтың құны 2 млн теңгеден басталады. Уақыт өткен соң спорттық жабдықтың тозығы жетіп, оны жаңарту қажет болады. Осындай спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуді қажет ететін спорт түрлері көптеп саналады. Барлығын қосқанда, қомақты қаражат қажет. Мұның бәрін шешу қаржылық мүмкіндіктерге қатысты.
«Баталы ер арымас, батасыз ер жарымас», дегендей, басқарма басшылығына келгеннен кейін жауапты қызметімді спорт ардагерлерімен кездесуден бастадым. Олардан көптеген ұсыныстар түсті. Әсіресе, балалар спортына көңіл бөлу, ұмыт болған дәстүрлерді жаңартып, әскери-патриоттық іс-шараларды өткізу, жалпы білім беретін мектептер мұғалімдерінің спартакиадаларын жаңғырту, балабақшалардағы дене тәрбиесі мұғалімдері үшін біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыру керектігі айтылды. Спорт мектептеріне балаларды қабылдауда іріктеу жұмысын дұрыс жүргізу, жүлде көп әкелетін спорт түрлерін дамытуға басымдық беру, шахмат пен тоғызқұмалақ спорты түрлерінен қауымдастық құру, спортты қаржыландыруға меценаттарды тарту да ұмыт қалған жоқ. Осының барлығын ескере отырып, жұмыстанатын боламыз», - деп түйіндеді ойын Ж.Нығметуллин.
Қорыта айтқанда, облыста олимпиадалық спорт түрлері бойынша шешілуге тиісті мәселелер аз емес. Мұны осы салаға жауапты басшылар шеше алады ма, оны уақыт көрсетеді.