Батыс Қазақстанда өрттен келтірілген шығын 2,9 есеге өсті
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 721 өрт оқиғасы тіркелді.

БҚО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Мереке Жұмағалиевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, 20 желтоқсандағы мәлімет бойынша бұл өткен жылғы осы кезеңдегіден (554) 30,1 пайызға көп.
Мереке Бауыржанұлының сөзіне қарағанда, өрт салдарынан 5 адам (2023 жылы — 10) қаза тауып, 11-і (2023 жылы — 11) түрлі жарақат алды. Өрттен келтірілген 473 млн 421,5 мың теңгеге жетіп, өткен жылғыдан (157 млн 850 мың теңге) 2,9 есеге асып түсті.
— Биылғы 1 желтоқсаннан бастап Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығына сәйкес елімізде өрт қауіпсіздігі айлығы өткізілуде. Төтенше жағдайларға жол бермеу мақсатында департамент қызметкерлері жергілікті атқарушы және мүдделі мемлекеттік органдармен, еріктілермен, блогерлермен және бұқаралық ақпарат құралдарымен бірлесіп, кең ауқымды профилактикалық жұмыстар жүргізуде, — дейді М.Жұмағалиев.
Оның айтуынша, жаңа жыл қарсаңында халықтың түрлі пиротехникалық бұйымдарды пайдалануына байланысты төтенше жағдайлардың туындау қаупі бар. Мұндай бұйымдарды дұрыс қолданбау және қарапайым ережелерді сақтамау соңы қайғылы оқиғаларға соқтыруы ықтимал.
— Жаңа жылдық іс-шараларды өткізу кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау аса маңызды. Қазіргі таңда жаңа жылдық мерекелерді өткізетін 400 нысан есепке алынған. Соның 354-і немесе басым көпшілігі — білім беру ұйымдары. Осы нысандардың өртке қарсы жай-күйі тексерілді. Жаңа жыл қарсаңында БҚО ТЖ департаменті өрт қауіпсіздігінің барлық шараларын қатаң сақтау керектігін еске салады, — деді М.Жұмағалиев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ақсайда тұрғын үйде өрт салдарынан 2 бала, 1 әйелдің жансақтау бөліміне жатқызылғанын жазған болатынбыз.