Батыс Қазақстанда полицияға күш қолданғандар жауапқа тартылды

Батыс Қазақстан облысында билік өкіліне бағынбай, полиция қызметкеріне күш қолданғандар жауапқа тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Іс
Фото: ҚазАқпарат

БҚО полиция департаменті тергеу басқармасының бөлім басшысы, полиция подполковнигі Ерлан Әлиевтің айтуынша, кейбір адамдар полиция қызметкерлерінің билік өкілі екендігін ескермей, олардың заң аясында талап еткендеріне бағынбай, елемеушілік танытады.
Ерлан Талапқалиұлының сөзіне қарағанда, билік өкіліне бағынбағандар ҚР Қылмыстық кодексінің 379-бабына сәйкес аса ірі көлемдегі айыппұл төлеуден бастап екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына тартылады.
Сонымен қатар билік өкіліне қатысты қорқыту немесе күш көрсету де жазасыз қалмайды. Осыған қатысты жыл басынан бері ҚР ҚК 380-бабына сәйкес 14 дерек тіркеліп, соның ішінде қылмыс құрамының болмауына байланысты 2 іс қысқартылып, жетеуі сотқа жолданды. Бұл бапқа сәйкес айыпты деп танылғандар (билік өкілінің өз қызметтік міндеттерін атқаруына байланысты одан кек алу мақсатында оған немесе жақындарына қатысты өлтірумен, денсаулыққа зиян келтірумен, мүлкін бүлдірумен немесе жоюмен қорқыту) екі мың айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға дейін жауапқа тартылады.
Сол секілді ҚР ҚК 378-бабына сәйкес билік өкiлiн өз қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде немесе оларды атқаруына байланысты қорлауға барғандар сексен айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не сексен сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не жиырма тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады. Бұл бап бойынша 23 іс тіркеліп, соның жетеуі сотқа жолданды. 3 қылмыстық іс өндіріспен қысқартылды.
Е.Әлиев заң жүзінде тәртіпке бағынбаған адамдарға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелген деректердің бірқатарына тоқталды.
Мысалы, сот шешімі шыққан оқиғаның бірі биылғы 4 наурыз күні түнгі сағат 04.00-де болды. Орал қаласындағы Е.Брусиловский көшесінде Орал қаласы полиция басқармасы Шаған полиция бөлімі жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторы, полиция лейтенанты мен оның көмекшісі қолына ішімдік ұстап, шайқалып бара жатқан адамды көріп, заң тәртібін түсіндіре бастайды. Алайда әлгі тұрғын тәртіп сақшыларын елемей, балағаттап, сұрақ-жауап алу кезінде полиция қызметкерінің ар-намысан тиетін ауыр сөздер айтқан. Кейін осы әрекеті үшін Зачаган кентінің 1987 жылғы тұрғыны ҚР ҚК 378-бабы 1-бөлігі (билік өкілін өз қызметтік міндеттерін атқару кезінде немесе оларды атқаруына байланысты қорлау) және 380-бабы 3-бөлігіне (билік өкіліне қатысты қорқыту немесе күш көрсету әрекеттері) сәйкес заң алдында жауап берді.
Тағы бір дерек, Орал қаласы полиция басқармасының қызметкері, полиция кіші сержанты орталық базарда жаяу патрульдеу кезінде белгісіз біреудің өз автокөлігін көлік тұрағындағы арнайы мүгедек белгісі көрсетілген тыйым салынған жерге қойғанын көрген. Соған сәйкес ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 597-бабы 4-бөлігіне сәйкес хаттама толтыру үшін көлік құжаттарын сұрағанда, әлгі адам келіспей, тәртіп сақшысына қарсылық танытқан. Бірақ толтырылған хаттамаға наразылық білдірген ол полиция қызметкерінің талаптарына бағынбай, балағат сөздер айтып, қоқан-лоққы көрсеткен. Тіпті қызметтік міндетін атқару барысында жүрген тәртіп сақшысына қарсы күш қолданып, дене жарақатын келтірген. Нәтижесінде полиция қызметкеріне қарсы күш қолданғаны үшін қажетті материалдар мен анықтамалар жинақталып, іс сотқа жолданды.
Осыған ұқсас оқиға 4 тамыз күні тіркелді. Кезекші бөлімге Орал қаласында Жамбыл көшесі бойындағы үйлердің бірінің ауласында бірнеше адамның ішімдік ішіп, жанжалдасып жатқаны туралы хабар түскен. Оқиға орнына келіп жеткен полиция қызметкерлері құқық бұзушыларға заң талаптарын түсіндіре отырып, түнгі уақытта ішімдік ішіп, бұзақылыққа барғандарға қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 440 және 437-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтыратындарын айтады. Алайда бұған келіспеген құқық бұзушылар тәртіп сақшыларын балағаттап, қарсы шығып, оларға дене жарақаттарын келтірген. Ақыры ҚР ҚК 378-бабы (билік өкілін қорлау), 379-бабы (билік өкілінің заңды талабына немесе өкіміне бағынбау) және 380-бабына (билік өкіліне қатысты күш қолдану) сәйкес Б. есімді азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
«Құқықтық тәртіпті сақтау әр адамның жеке басының жауапкершілігіне, құқықтық сауаттылығына байланысты. Тәртіп сақшыларына қатысты құқыққа қайшы іс-әрекеттерге жол берген кісі кім болса да, әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескергендері жөн», - деп түйіндеді сөзін Е.Әлиев.

Соңғы жаңалықтар