Батыс Қазақстанда ірі қара мал басы 715 мыңға жеткізілмек
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында барлық шаруашылық санаттарында ірі қараны 715 мыңға, ұсақ малды 1 млн 213 мың басқа жеткізу көзделіп отыр.

БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллиннің мәлім еткеніндей, тұқымдық түрлендірумен қамтылған аналық мал басының үлесін 80 пайызға жеткізіп, 1 300 бас асыл тұқымды малды импорттау ойластырылуда.
Жасұлан Жолдыбайұлының сөзіне қарағанда, сонымен қатар «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 5,5 млрд теңгені 815 адамға шағын несие ретінде беру арқылы 886 жұмыс орнын ашу жоспарлануда.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде инвестициялық саладағы жұмысты күшейту керектігін атап көрсетті. Осы орайда облыс бойынша ауыл шаруашылығы саласында 14,4 млрд теңгеге 12 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақшы, — дейді Ж.Халиуллин.
Оның айтуынша, қазіргі таңда өңірде мал қыстағы қалыпты өтіп жатыр. Алдыңғы жылдан қалған қалдық шөпті есептегенде, барлығы 2 128 мың тонна (2023 жылы — 2 439 мың тонна) пішен дайындалған болатын, бұл — қажеттіліктің 105 пайызы.
Оған қоса қыстаққа 233,2 мың тонна (2023 жылы — 185,5 мың тонна) жем азығы, 8,9 мың тонна (2023 жылы — 3,4 мың тонна) пішендеме, 20,5 мың тонна (2023 жылы — 9,8 мың тонна) сүрлем, 15,8 мың тонна (2023 жылы — 15,7 мың тонна) сабан әзірленді.
— Өткен жылы Бөкей ордасы, Жәнібек ауданында, сондай-ақ Жаңақалада 5, Казталовта 5 ауылдық округте қуаңшылық болғаны мәлім. Осыған байланысты агроқұрылымдарға ауыл шаруашылығы жануарларының аналық басының азығына жұмсалған шығындар құнын арзандатуды субсидиялау жұмыстары жүргізілді. Бұл мақсатқа жергілікті бюджет есебінен 3,6 млрд теңге бөлінді. Бұдан бөлек, Бөкей ордасы және Жәнібек аудандарының жеке қосалқы шаруашылықтары мал азығымен қамтылды. Оларға мал азығын тасымалдау шығынын өтеу үшін жергілікті қазына резервінен 531 млн теңге қаралды. Соның нәтижесінде мал азығын дайындай алмаған 2 467 аулаға 59 267 рулон шөп және 1 863 тонна жем жеткізілді. Бұл мал баққан ағайын үшін үлкен көмек болды, — деді Ж.Халиуллин.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда шаруалар мал қыстағына қаншалықты дайын екендігін жазған болатынбыз.