Батыс Қазақстанда Шағандағы су деңгейі бір тәулікте 88 сантиметрге жоғарылады
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында өзендердің басым көпшілігінде су деңгейі көтерілді.

«Қазгидромет» РМК БҚО филиалының бүгін таңдағы мәліметі бойынша Жайық өзені Орал қаласындағы гидробекетте бір тәулікте 26 см жоғарылап, 215 сантиметрге (қауіпті шегі — 850 см) жетті.
Жайыққа құятын Шаған өзені Бәйтерек ауданы Чувашин ауылы тұсында 631 см (+88 см, қауіптісі — 1 280-1 300 см), Орал қаласына жақын орналасқан Мичуринде 274 сантиметрді (+53 см, 1 100 см) көрсетті.
Деркөл өзені деңгейі Тасқала ауылында кешегіден 2 см төмендегенімен, Бәйтерек ауданы Зеленый елді мекенінде 359 см (+55 см, 450 см), Белесте 499 сантиметр (+68 см, 600-650 см) болды.
Тасқала ауданында кеше қауіпті шектен (780 см) асып кеткен 2-Шежін өзенінің қарқыны бәсеңдеп, бірден 73 сантиметрге (қазір — 728 см) түскен.
Шағын өзендердің ішінде Көпіраңқатының ерекше «тулап» жатқаны байқалады. Мұнда Алғабас ауылы тұсында бір тәулікте 179 см көтеріліп, 384 сантиметрден (қауіпті шегі — 945 см) бір-ақ шыққан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да Деркөлдегі су деңгейі Тасқала тұсында қауіпті шекке жақындағанын жазған болатынбыз.