Батыс Қазақстанда шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға 2,7 млрд теңге бөлініп отыр

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы аясында 2,7 млрд теңге қарастырылды.

бюджет
Фото: Kazinform

БҚО кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұржан Өтепбаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, соның ішінде пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға – 2 403,1 млн теңге, несиелерді ішінара кепілдендіруге – 170,1 млн теңге, гранттық қаржыландыруға 142,1 млн теңге бөлінді.

Оның сөзіне қарағанда, жыл соңына дейін пайыздық мөлшерлемені субсидиялау тетігі бойынша 334, ішінара кепілдендіру үшін 52, мемлекеттік гранттар беру бағытында 29 жобаны мақұлдау жоспарланған.

«Биылғы жылдың төрт айында пайыздық мөлшерлемені субсидиялау тетігі бойынша 135 жоба мақұлданып, субсидия төлемі 1 174,4 млн теңге болды. Несиелерді ішінара кепілдендіру аясында 50 шартқа (85 млн теңге) қол қойылды», - деді басқарма басшысы.

Н.Өтепбаевтың айтуынша, 2023 жылы бұл мақсатқа 2 млрд теңге қаралды. Жыл қорытындысы бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау тетігі аясында 429 шартқа (1 681,5 млн теңге) қол қойылды. Несиелерді ішінара кепілдендіру үшін 331 шарт (162,8 млн теңге) жасалды. Мемлекеттік гранттар бойынша 137,8 млн теңгеге 33 жоба қолдау тауып, қаржыландырылды.

Батыс Қазақстанда 1 мамырдағы мәлімет бойынша 57 486 шағын және орта кәсіпкерлік нысандары жұмыс істеп тұр. Соңғы бес жылда аталмыш нысандар 9,1 трлн теңгенің өнімін шығарса, соның 2 319 млрд теңгесі өткен жылдың үлесіне тиеді. Жыл басында 125,4 мың адам жұмыс істесе, бұл өткен жылғы осы кездегіден 2,5 пайызға артық.

«2010 жылдан бастап «Бизнестің жол картасы – 2020, 2025», «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту бойынша ұлттық жоба» аясында мемлекеттік қолдау шараларымен 146,9 млрд теңгеге 16 мың жоба қаржыландырылды. Құпталған жобалар нәтижесінде 30 мыңнан астам жұмыс орны сақталып, 7 мыңнан астамы жаңадан ашылды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады», - деді Н.Өтепбаев.

Соңғы жаңалықтар