Батыс Қазақстанда шегірткеге қарсы күрес жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр

шегіртке
Фото: Kazinform

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында саяқ және үйірлі шегірткелерге қарсы күрес жұмыстары жүргізілуде.

БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рүстем Зұлқашевтің Kazinform тілшісіне мәлім еткеніндей, биыл саяқ шегірткелерге қарсы облыстық бюджет есебінен 551 млн теңгеге 95,8 мың гектар жер өңделуі тиіс.

шегірке
Фото: БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы

Рүстем Мүлкәйұлының сөзіне қарағанда, саяқ шегірткелерге қарсы жер өңдейтін мекемелер анықталды. Атап айтқанда, «ЗапКазФумигация» ЖШС (басшысы Жасұлан Сағат) Теректі, Жәнібек, Ақжайық, «Магтоксин» ЖШС (Данияр Базарбаев) - Бәйтерек, Бөкей ордасы, Жаңақала, Бөрлі, Казталов, Сырым, Тасқала аудандарында және Орал қаласында өңдеу жүргізетін болады.
«Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдау әдістемелік орталығының облыстық филиалы мамандарының ақпараты бойынша қазіргі уақытта Ақжайық, Жәнібек, Бәйтерек, Тасқала, Шыңғырлау, Теректі, Бөкей ордасы, Бөрлі, Казталов, Сырым аудандарында саяқ шегірткелер дернәсілдері жаппай жанданды. Күні бүгін 10 700 га жер зерттелсе, соның ішінде Ақжайық ауданында 1 300, Бәйтеректе 5 650 гектарда шегіртке дернәсілдерінің көлемі экономикалық зиянды шегінен асқан. Осыған байланысты Ақжайықта ұсақ бақша шаруашылықтарында 50 га өңделді, жұмыстарға 5 адам қатысты. Бәйтеректе жаңбырға байланысты өңдеу жасалмады. Техникалар сол жақта болады, қолайлы сәтте жұмысқа кіріседі», - дейді Р.Зұлқашев.

шегіртке
Фото: БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы

Оның айтуынша, жылдағы тәжірибе бойынша аудандағы мамандар техникаларды қарсылап, өңдеу кезінде бірге болуы қажет. Сондай-ақ өңдеу жұмыстары жүретіні туралы тұрғындар хабардар етілуі тиіс.

Саяқ шегірткелер мекендеген алқаптарды зерттейтін, өңдеуден кейін биологиялық тиімділікті анықтайтын комиссия құрамы облыс әкімдігінің 2021 жылғы 11 маусымдағы №110 қаулысымен бекітілген. Комиссия құрамына ауылдық округтің әкімдері, жер қатынастары бөлімінің және болжамдар әдістемелік орталығының мамандары кіреді, комиссия төрағасы – аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы.

у себу
Фото: БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы

Рүстем Зұлқашевтің мәлімдеуінше, облыс аумағында үйірлі шегірткелерге қарсы республикалық бюджет есебінен 113,5 мың га жерде химиялық өңдеу жоспарлануда. Соның ішінде италиялық прустан 112,0 мың га және азият шегіркесінен 1,5 мың га жер өңделеді.

Үйірлі шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізуге қажет пестицидтер облыс аумағына жеткізілді. Өңдеу жұмыстарын «Магтоксин» ЖШС мен «АгроСЛА» ЖШС мекемелері жүргізеді.

«Үйірлі шегірткелерді өңдеу жұмыстары басталып кетті. 7 маусымдағы мәлімет бойынша облыста 45 мың гектарға жуық жер өңделді, биологиялық тиімділігі оң нәтиже көрсетуде. Химиялық өңдеу жұмыстарына 33 адам 9 техникамен қатысуда. Жұмыстар жаппай басталғанда 151 адам, 88 техника жұмылдырылатын болады. Облыстың барлық аудандарында шегірткеге қарсы күресу жұмыстарын үйлестіретін штабтар құрылды, бүгінге дейін аудандарда барлығы 11 штаб отырысы өткізілді. Сонымен қатар осы кезге дейін облыстық штабтың төрт отырысы болып, атқарылған жұмыстар жөнінде есеп беріліп, алдағы жоспарлар талқыланды», - деді Р.Зұлқашев.

Өңірде кей жерлерде шегірткелердің бой көрсете бастауы мал баққан ағайынды да алаңдатып отыр. Шаруалар шегірткімен күрестің уақтылы, кешіктірілмей және сапалы жүргізілгенін қалайды.

Соңғы жаңалықтар