Батыс Қазақстанда су басқан аумақтарда эпидемиологиялық ахуал тұрақты

Орал қаласы әкімдігі
Фото: Орал қаласы әкімдігі

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында су басқан аумақтарда эпидемиологиялық ахуал тұрақты.

БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың Kazinform тілшісіне мәлім еткеніндей, су тасқыны болған Қаратөбе, Сырым, Бөрлі, Теректі, Бәйтерек аудандары және Орал қаласында жіті ішек жұқпалары тіркелген жоқ.

Нұрлыбек Ермекұлының сөзіне қарағанда, жіті ішек жұқпаларымен сырқаттанушылық биылғы төрт айда өткен жылғы деңгеймен салыстырғанда бірдей.

Жыл басынан бері топтық сырқаттану, құтыру, тырысқақ, оба, сібір жарасы сияқты аса қауіпті инфекциялар, сондай-ақ дифтерия, қызамық, іш сүзегі, полиомиелит, безгек, сіреспе тіркелген жоқ.

«Облыс бойынша 9 адамның жедел А вирустық гепатитіне шалдыққаны тіркелді, бұл өткен жылғыдан (12) аз. Мұның бәрі су тасқынына байланысты емес. Аурудың себептері – вакцинация арқылы қалыптасатын иммунитеттің төмендеуі. Қазіргі таңда жоспарланған вакцинадан басқа А вирустық гепатитіне қарсы толықтыра вакцинация жүргізілуде. Осы орайда үйлерін су басқан тұрғындар тұрып жатқан уақытша орналастыру пункттері де назардан тыс қалған жоқ. А вирустық гепатитінің алдын алу мақсатында эвакуациялық пункттерде бұрын жоспарлы екпелерін өткізіп алған 14 жасқа дейінгі 38 балаға вакцинация жасалды», деді Н.Мұстаев.

Бір айта кететін жайт, өңірде қызылшаға байланысты эпидемиологиялық ахуал тұрақсыз болып қалып отыр.

«Облыста жыл басынан бері 853 адамның қызылшамен ауырғаны тіркелді. Дегенмен наурызбен салыстырғанда, сәуір айында сырқаттанушылық 33 пайызға төмендеді. Науқастардың негізгі бөлігі – екпе жасындағы балалар, екпе жасына жетпеген бір жасқа дейінгі сәбилер, сондай-ақ екпеден бас тартқан ата-аналардың ұл-қыздары. Қызылша ошақтарында қарым-қатынаста болған адамдарға медициналық бақылау орнатылып, эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша шұғыл вакцинация жасалды. Қосымша жаппай иммундау аясында қызылшаға қарсы 47 177 бала егілді. Сондай-ақ көкжөтелмен ауырған 14 адамның басым көпшілігі (10) – 1 жасқа дейінгілер, үшеуі – 1-5 жас аралығындағы балалар. Ауырғандардың барлығы ата-аналарының бас тартуына байланысты екпемен қамтылмаған», деді Н.Мұстаев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да су басқан аумақтарда сынамалар алынып, дезифекциялау жұмыстары жүргізіліп жатқанын жазған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар