БҚО-да су басқан аумақтарда сынамалар алынып, дезинфекциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр

дезинфекция жұмыстары жүргізіліп жатыр
Фото: БҚО ТЖД баспасөз қызметі

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында су  тасқыны басталғаннан бері орталықтандырылған және орталықтандырылмаған сумен жабдықтау жүйесінен барлығы 1 489 ауыз су сынамасы алынды.

БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, соның ішінде микробиологиялық зерттеуге 749 сынама алынып, одан 33 сәйкессіздік (4,4 пайызы) анықталды.

Мұхамғали Қайыржанұлының сөзіне қарағанда, сонымен қатар санитарлық-химиялық зерттеуге алынған 740 сынаманың 41-інен (5,5 пайызы) сәйкессіздік анықталып отыр. Мұның басым бөлігі судың кермектілігі мен лайлылығы бойынша сәйкес келмеді.

«Судың сәйкес келмейтін сынамалары бойынша су шаруашылығы ұйымдары сумен жабдықтау жүйелерін жуу және дезинфекциялау іс-шараларын жүргізеді. Содан кейін ауыз судың бақылау сынамасы алынып, тексеріледі. Судың сапасы мен қауіпсіздігінің зертханалық мониторингінің нәтижелері бойынша жұқпалы аурулардың су арқылы пайда болу қаупі жоқ», - деді департамент басшысы. 

М.Арыспаевтың айтуынша, су басқан аумақта халықтың патогендік микроорганизмдерді жұқтыру және инфекциялық, оның ішінде аса қауіпті аурулардың таралу қаупі артады.

Сондықтан облыстың төрт ауданында осы көктемде су басқан үйлер мен нысандарды дезинфекциялау жұмыстары жүргізілуде. Мысалы, Сырым ауданы Өлеңті ауылында орналасқан сібір жарасынан өлген 3 мал көміндісі, Жымпиты, Өлеңті, Бұлдыртыға қоса Қаратөбенің Қоржынында 4 мал қорымы, әкімдік пен мектеп ғимараты, тұрғын үйлер, аула аумақтары мен дәретханалар дезинфекцияланды.

Сондай-ақ Сырым ауданы Қосарал ауылында су құбыры, аула аумақтары бар 124 тұрғын үй, септик пен дәретханалар, Теректіде Кемер ауылының ұңғымасы, Подстепный, Ұзынкөл, Шөптікөл, Төңкеріс мектептері, Подстепныйда 52 тұрғын үй, оның септиктері мен дәретханалары, Бөрліде Ақсу елді мекенінің медициналық пункті мен тұрғын үйлерінде осындай жұмыстар атқарылып жатыр.  

«Облыс бойынша барлығы 14 сумен жабдықтау жүйесі суға кетсе, соның 9-ы – жер астында орналасқан ұңғымалар. Қазіргі таңда осы орындардың бәрі дезинфекцияланып, қатаң бақылануда. Тағы бір айтарымыз, өңірде 10 эвакуациялық пунктте 2 325 адам жатса, соның 1 006-сы – балалар. Аталмыш пункттерде департаментке қарасты аумақтық басқармалар мамандары кезекшілік атқаруда. Кезекшілік кезінде су басу орындарынан эвакуацияланған халықты тамақтандыру және олардың уақытша мекен-жайын таза ұстауға ерекше назар аударылады. Осы мақсатта дезинфекциялау және желдету жұмыстарына бақылау орнатылған. Тұрғындардың су тасқыны кезеңінде қарапайым және тиімді ережелерді сақтауы керектігін еске саламыз», - деді М.Арыспаев.

Департамент мәліметі бойынша А вирустық гепатитінің алдын алу мақсатында уақытша орналастыру пункттерінде бұрын жоспарлы екпелерін өткізіп алған 14 жасқа дейінгі 28 балаға вакцинация жасалған.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жайық өзенінің деңгейі Тайпақ ауылы тұсында қауіпті шектен асып кеткенін жазған болатынбыз.

Батыс Қазақстан облысында жаңадан су қоймалары қашан салынады.

Соңғы жаңалықтар