Батыс Қазақстанда су тасқынынан егіс даласы да зиян шекті

егін даласы
Фото: Pixabay

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында аудан әкімдіктері ұсынған мәліметтерге сәйкес 266 мың гектарға (60 пайыз) ылғал жабылды.

БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Берік Ситқазиевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, сондай-ақ 18 мың гектарға (7 пайыз) культивация жүргізіліп, 2,7 мың гектар (54 пайыз) жер жыртылды. 

Берік Маратұлының сөзіне қарағанда, күні бүгінге дейін 8,4 мың гектарға дәнді дақылдар, 1,5 мың гектарға майлы дақылдар және 1,8 мың гектарға мал азықтық дақылдар егілсе, 70 гектарға картоп, 55 гектарға көкөніс отырғызылды. Егіс егу жұмыстары жалғасуда.

Оның айтуынша, биылғы су тасқыны салдарынан облыс орталығы мен бірқатар ауданда ауыл шаруашылығы нысандарына зақым келді. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы нысандары да бар. 

«Қардың тез еруі және түскен жауынның салдарынан күздік егістіктерге, шағын шаруашылық қоймаларындағы тыңайтқыштарға, жылыжайларға зақым келген. Бұл нысандар Бәйтерек, Теректі, Бөрлі аудандары мен Орал қаласында орналасқан. Су тасқынынан зардап шеккендердің барлығына қолдау көрсету мақсатында мемлекет барлық қажетті шараларды, соның ішінде келтірілген залалды өтемақы түрінде өтеуді қолға алуда. Осы мақсатта жеке және заңды тұлғаларға келген зиянды өтеу қағидасы әзірленді, қазіргі уақытта барлық мүдделі органдармен, соның ішінде кәсіпкерлер палатасымен және басқа да бизнес құрылымдармен келісілуде. Аудандарда құрылған комиссия су тасқыны болған жерлерді аралап, актілеуде. Қорытындылары тиісті органдарға ұсынылады» деді Б.Ситқазиев.

Оның нақтылауынша, комиссияларға 22 өтініш түскен, оның ішінде Теректі ауданында — 3, Бөрліде — 1, Бәйтерек — 16, Орал қаласында — 2.

Кейбір нысандарда әлі де су бар, сондықтан оларды барып қарау мүмкін емес. 

Қайткен күнде де мемлекет тарапынан қолданыстағы заңнама аясында жан-жақты қолдау көрсетіледі. 

Басқарма мәліметі бойынша биыл барлық ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы 607 мың гектар болса, соның 97 мыңы — күздік дақылдар. 

«Күздік егістің 31 мың гектары немесе 32 пайызы жақсы, 61 мыңы (63 пайызы) қанағаттанарлық деп бағаланды. Ал нашары — 5 мың га немесе 5 пайыз. Жаздық егіске қажет тұқым (28 мың тонна) толық дайындалды. Техника жеткілікті. Маусымдық жұмыстарды жүргізу үшін диқандардың арзандатылған дизель отынымен қамтылуы өте маңызды. Батыс Қазақстанға Атырау мұнай өңдеу зауытынан егіс жұмыстарына 8,5 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Жеткізуші оператор „Нефтэк“ серіктестігі, 1 литрдің бағасы — 238 теңге. Бұл -республика бойынша төмен бағалардың бірі. Бүгінде шаруалар 7,1 мың тонна дизель отынына оператормен келісімшартқа отырды, бұл — бөлінген көлемнің 84 пайызы. Дегенмен дизель отынының бүгінде тек 1,9 мың тоннасы ғана алынды. Бұл ретте қажет дизель отыны көлемі шаруалардың өздері ұсынған өтінімдері бойынша электронды түрде қалыптастырылғанын айта кеткім келеді» деді Б.Ситқазиев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 600 мыңнан астам гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын егілетінін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар