Батыс Қазақстанда судан алынған сынамалар сәйкессіздік бар екенін көрсетті
АСТАНА. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында өткен жылы орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесі бойынша санитарлық-химиялық көрсеткіштерге 4 137 сынама алып, зерттелген.

БҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлдана Керееваның өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлімдегеніндей, соның 6,2 пайызы немесе 257-сі талапқа сай келмеген.
Оның сөзіне қарағанда, сәйкессіздіктер Ақжайық, Бөрлі, Бәйтерек, Казталов, Қаратөбе, Сырым, Тасқала, Теректі, Шыңғырлау аудандарына тән болып шықты.
- Сонымен қатар микробиологиялық көрсеткіштерге облыс бойынша 4 337 сынама зерттеліп, соның 135-і немесе 3,1 пайызы сәйкес келмеді. Мұндай кемшілік Бөкей ордасынан басқа барлық аудан мен Орал қаласында анықталды. Орталықтандырылмаған сумен жабдықтау жүйесі бойынша 360 сынаманың 45-і (Ақжайық, Казталов, Қаратөбе, Сырым, Тасқала, Теректі аудандарынд) талапқа сай болмады. Сол секілді санитарлық-микробиологиялық көрсеткіштерге 425 сынама зерттеліп, 41-інен (Жаңақала, Бәйтерек, Казталов, Қаратөбе, Сырым, Тасқала, Теректі ауданы) сәйкессіздік табылды. Сәйкессіздік анықталған барлық су құбырларында жуу және дезинфекция жұмыстары жүргізілді, - деді Г.Кереева.
Департамент мәліметінше, оған қоса санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг кезінде 389 бақылау нүктесінен 42 508 атмосфералық ауа сынамасы алынып, соның 63-і төрт көрсеткіш – шаң, күйе, көміртегі тотығы, күкіртті сутек бойынша гигиеналық нормативтерге сай болмай шыққан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда сумен қамту жүйелерінде сәйкессіздіктер анықталғанын жазған болатынбыз.