Батыс Қазақстанда сумен қамту жүйелерінде сәйкессіздіктер анықталды
ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында Қазақстан Республикасы 2020 жылғы 7 шілдедегі № 360-VI ҚРЗ «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 114-бабына сәйкес қоршаған орта нысандарына қатысты санитарлық-эпидемиологиялық мониторинг жұмыстары жүргізіліп келеді.
БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлдана Керееваның өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, аталмыш мониторинг аясында сыртқы қоршаған ортадан (су, топырақ, атмосфералық ауа) сынамаларды іріктеу тоқсанына кемінде бір рет атқарылады.
Оның сөзіне қарағанда, облыс бойынша сумен жабдықтау бойынша бақылау нүктелерінің барлығы – 469.
«Биылғы тоғыз айда орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйелері бойынша 3 210 сынама санитарлық-химиялық көрсеткіштерге зерттелсе, соның 215-і сәйкес келмеген, бұл – 6,7 пайыз. Сәйкессіздіктер Ақжайық, Бөрлі, Бәйтерек, Казталов, Қаратөбе, Сырым, Тасқала, Теректі, Шыңғырлау аудандарында анықталды», - дейді Г. Кереева.
Оның айтуынша, микробиологиялық көрсеткіштер бойынша зерттелген 3 360 сынаманың 104-і (3,1 пайызы) талапқа сай болмаған. Мұндай сәйкессіздіктер Ақжайық, Бөрлі, Жаңақала, Жәнібек, Бәйтерек, Казталов, Сырым, Тасқала, Теректі, Шыңғырлау аудандарына қоса Орал қаласында белгілі болды.
Сол секілді орталықтандырылмаған сумен жабдықтау жүйелері бойынша алынған 296 сынаманың 36-сы (Казталов, Қаратөбе, Сырым, Тасқала, Теректі) санитарлық-химиялық көрсеткіштерге сай болмай шықты. Оған қоса 378 сынаманың 35-і (Жаңақала, Бәйтерек, Казталов, Қаратөбе, Сырым, Тасқала, Теректі) санитарлық-микробиологиялық көрсеткіштерге сәйкес келмеген.
«Сәйкес келмейтін сынамалар бойынша шаруашылық жүргізуші субъектіге сумен жабдықтау нысандарын тазалау, жуу және дезинфекциялау қажеттігі туралы хаттар жіберілді», - деді Г.Кереева.
Департамент басшысының орынбасары келтірген мәліметке қарағанда, облыс бойынша атмосфералық ауа сынамаларын алатын бақылау нүктелерінің саны – 719. Тоғыз айда атмосфералық ауаның жай-күйіне мониторинг жүргізу үшін 31 482 сынама алынып, соның 60-ында (шаң – 18 сынама, күкіртті сутек – 6, көміртегі оксиді – 15, күйе – 21) шекті рұқсат етілген концентрациядан ауытқу байқалды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 2 мыңға жуық адамның ит пен мысықтан зардап шеккенін жазған болатынбыз.