Батыс Қазақстанда 2 мыңға жуық адам ит пен мысықтан зардап шекті

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында биылғы тоғыз айда 1 959 адам ит-мысық және басқа жануардан зардап шекті.

қаңғыбас иттер
Фото: Ғайсағали Сейтақ

БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың Kazinform тілшісіне мәлім еткеніндей, бұл өткен жылғыдан (1 793) көп болып отыр. 

Оның сөзіне қарағанда, 1 537 адам итке, 357-сі мысыққа және 65-і басқа жануарға тістеліп, тырналып немесе солардан сілекей жұқтырған.

«Барлық жануар ветеринария мамандарының бақылауына алынып, құтыру ауруына шалдықпағаны анықталды. Зардап шеккен 1 959 адамның 1 954-і антирабиялық көмек алды. Қазіргі таңда облыс бойынша жануардың тістеуінен, тырнауынан және сілекейінен пайда болатын құтыру ауруы тіркелмеді», - деді Н.Мұстаев.

Ит
Фото: Ғайсағали Сейтақ

БҚО ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Нұрқайыр Құсайыновтың нақтылауынша, облыс аумағында қаңғыбас үй жануарларын аулау, биостерилизациялау жұмыстарымен жергілікті ветеринарлық станциялар айналысады. Оралда қалалық ветеринарлық станция аулау, ал Жәңгір хан атындағы аграрлық-техникалық университеті жанындағы қоғамдық ұйым ит-мысықты уақытша ұстау және биостерилизациялау шараларын атқарады.

Биыл 5 203 қаңғыбас ит-мысық ауланып, 3 084-і биозарарсыздандырылып, мекендеу ортасына кері қайтарылды. 2 119 бұралқы ит тұрғындардың өтініші негізінде жансыздандырылды.

Н.Құсайыновтың айтуынша, күні бүгін үй жануарларына арналған бірыңғай дерекқорда облыс бойынша 24 030 чиптелген ит, мысық тіркелсе, соның 6 388-інің иесі ғана бар. 

Облыста 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Заң талаптарына сай үй жануарларын міндетті есепке алу жұмыстары жүргізілуде. Жануарларды тіркеуге қою және стерилизациялау шаралары мемлекеттік ветеринариялық ұйымда немесе ветеринариялық емханаларда ақылы түрде жүргізіледі. Бұл қызметтің құны веринариялық станцияларда – 1 мың, ал жеке ветеринариялық клиникаларда – 1 500-2 500 теңге. Егер жануар иесі әлеуметтік аз қамтылған топқа жататын болса, тіркеуге қою ветеринариялық станцияларда тегін жүргізіледі. 

«Қазіргі уақытта өңірде ветеринариялық станцияларға тиесілі уақытша ұстауға арналған 12 орын (сыйымдылығы – 180), Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да тағы біреуі (75 орын) және жануарларды қорғау ұйымдарына тиесілі 6 панажай бар. Бұл бағытта Орал қаласына қарасты Круглоозерный ауылында бос тұрған ғимаратты жөндеп, иесіз иттерге арналған жаңа панажай ғимаратын жасақтау көзделіп отыр. Күні бүгін құрылыстың жобалық-сметалық құжаттары дайындалу үстінде», - деді Н.Құсайынов. 

Орал қаласының тұрғыны Орынай Смағұлова Оралда иттердің көбейіп кеткенін, қаңғыбас иттердің мәселесі әлі шешімін таппай отырғанын айтты. 

«Қалада иттердің көбейіп кеткені ешкімге жасырын емес. Әсіресе, аялдамаларда, мектеп, үйлердің аулаларында өріп жүреді. Күшіктеп жатқаны қаншама. Немерелерімізді қауіп ала ма деп қорқамыз. Бір баланың қасында 5-6 ит жүреді. Кез келген уақытта шабуыл жасауы мүмкін ғой. Қаншама айтылып жатса да, қаңғыбас ит мәселесі шешілер емес. Осыны неге дұрыстап қолға алмайды?», - деді ол. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда қойға шапқан иттің иесі анықталып, жауапқа тартылғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар