Батыс Қазақстанда су қоймаларын қалай тиімді пайдалануға болады

ОРАЛ. KAZINFORM — Қазіргі таңда қолданыстағы су қоймаларын тиімді пайдаланудың маңызы зор екені анық. Сонымен қатар өңірде жаңа су қоймаларын салудың мүмкіндіктері қандай? Осы орайда Kazinform тілшісі «Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалының инженер-гидротехнигі Шынболат Ермағамбетовпен сұхбаттасқан еді.

а
Фото: Қазсушар БҚО филиалы

— Шынболат Бекұлы, алдымен «Қазсушар» Батыс Қазақстан филиалы атқарып отырған жұмыстарға тоқтала кетсеңіз.

— Қазсушар филиалы республикалық меншіктегі су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарын күтіп ұстау, пайдалану, сондай-ақ олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеті жүктелген мемлекеттік су шаруашылығы ұйымы есептеледі. Филиалдың суландыру жүйесінің құрамына он төрт су қоймасы, төрт су торабы, екі сорғы станциясы, елу үлкен гидротехникалық имарат, 1808 км магистралды, таратушы және суландыру каналдары кіреді. Бүкіл суландыру жүйелері бойынша мелиоративтік су алуға арнайы су пайдалану рұқсаттары рәсімделген, төлқұжаттар мен пайдалану ережелері жасақталып, бекітілген. 

Жалпы көлемі 260 млн текше метр болатын Жайық-Көшім суландыру жүйесінің бойында 5 су қоймасы орналасқан. Қазіргі таңда су қоймалары 44,83 пайызға толтырылған. Қараөзен және Сарыөзен өзендері бойында 6 су қоймасы орналасқан. Су қоймаларының толтырылуы — Қараөзенде 38,6, Сарыөзен бойынша 75,2 пайыз. Өңірдегі Шаған, Емболат, Сұлусай су қоймалары қысқы режимге көшірілді.

а
Фото: Ғайсағали Сейтақ / Kazinform

— Облыс тұрғындарын сумен қамтамасыз ету үшін қандай іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр?

— Облыстың оңтүстік бөлігіндегі халықты сумен қамтудың негізгі кепілді көздері — Жайық-Көшім, Сарыөзен, Қараөзен және Жәнібек суару жүйелері. Филиал жыл сайын Су кодексіне сәйкес бастапқы су пайдаланушы ретінде Жайық-Каспий бассейндік су инспекциясының арнайы су пайдалануға берген рұқсаты бойынша Жайық, Сарыөзен, Қараөзен және Шаған өзендерінен су алады. Онда айлар бойынша су алу лимиті мен су алу түрлері көрсетіледі. Арнайы су пайдалануға берілген рұқсатқа сәйкес 2025 жылға арналған су алудың рұқсат етілген көлемі 1 219,295 млн текше метр болды.

Мекеменің басты мақсаты — халықты және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін тұрақты және лиманды суару жерлерін суару, жайылымдарды суландыру. Сондай-ақ балық шаруашылығы су айдындарына су беру және өңірдегі қолайлы экологиялық жағдайды қолдау үшін мелиоративтік сумен қамтамасыз ету де маңызды. 

а
Фото: Қазсушар БҚО филиалы

Кәсіпорын теңгеріміндегі нысандарды ағымдағы жөндеуден өткізу ұмыт қалған емес. Осыған орай 2025 жылы филиал өз күшімен Әжімбет, Баубек-Айдархан, Бударин, Первомай, Киров, Тайпақ, Киров-Шыжа, Қарақұдық каналдарын және Сарыөзен бойында орналасқан Мамай гидроторабын, Казталов 1, Казталов 2 су қоймаларын ағымдағы жөндеуден өткізді. 

Бұдан бөлек, Қазсушар нысандарында «Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Тоған ауылы маңында Киров су қоймасын реконструкциялау» және «Шаған тармағының және Жайық-Көшім суару-суландыру жүйесінің Көшім магистральдық каналының арналарын механикаландырылған тазарту» жұмыстары жүргізілуде. Жобаларды іске асыру мерзімі ретінде 2025-2026 жылдар белгіленген.

— Су қоймаларын ұтымды пайдалану бағытында өңірде не істеліп жатыр?

— Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары Жайық-Көшім суару жүйесі мен Жәнібек суландыру жүйесінің кейбір каналдары мен лиманды суару жүйелері республикалық меншіктен коммуналдық меншікке, яғни ауылдық округтің теңгеріміне берілді. Суару жүйесінің жекелеген пайдаланушыларға ыдырауы жүйені ұтымды пайдалануға кері әсерін тигізді. Жайық-Көшім және Жәнібек суару жүйелерінің тұтастығы, су шаруашылығы кешенін бірыңғай басқару және орталықтандырылған бақылау жойылды.

а
Фото: Қазсушар БҚО филиалы

2025 жылы су шаруашылығы нысандарын ұтымды пайдалануды ұйымдастыру, сумен жабдықтаудың барлық технологиялық процесінің барысын бірыңғай оператордың басқаруын қамтамасыз ету және тарифтік баға саясатын әділ жүргізу, сондай-ақ суды тұтынушылардың мүдделерін қорғау үшін маңызды қадам жасалды. Сөйтіп Жайық-Көшім суару алабы мен Жәнібек суландыру-суару жүйесінің коммуналдық меншіктегі суландыру каналдары және Жайық-Көшім суару алабының лиманды суару жүйелері Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің ұсынысына сәйкес Су ресурстары және ирригация министрлігінің шешімімен республикалық меншікке алынды.

Бұлар — Жайық-Көшім суару массиві бойынша жалпы ұзындығы 504,944 километр болатын 24 канал, ауданы 51480 гектар 17 лиманды суару учаскесі, Жәнібек суландыру суару жүйесі бойынша — жалпы ұзындығы 200,724 километр болатын 11 канал. Коммуналдық меншіктен жаңадан қабылданған нысандар бойынша қайта жаңартудың маркетингтік негіздемесін жасақтау үшін көрсеткіштері әзірленіп жатыр. Жобада суды есепке алуды автоматтандыруды енгізе отырып, гидротехникалық ғимараттарды жаңарту қарастырылған.

— Батыс Қазақстан облысында су қоймаларының қазіргі жағдайы қалай деп ойлайсыз?

— Облыста бас-аяғы 39 су қоймасы бар, соның ішінде 14-і — республикалық меншікте, яғни Қазсушар филиалының теңгерімінде болса, қалған 25-і — коммуналдық меншікте. Су қоймалары 1961-1984 жылдары аралығында салынған, яғни ең соңғы су қоймасына да 41 жыл уақыт өткен. Көпшілігі күрделі жөндеуді, қалпына келтіруді қажет етеді. 

Қазақстан су саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекіту туралы Үкімет қаулысына сәйкес Батыс Қазақстан облысы бойынша кешенді жоспарға қайта жаңғыртуды қажет ететін 8, күрделі жөнделуі тиіс 19 су қоймасы енгізілді. 

Қазіргі таңда қайта жаңғыртуды қажет ететін Бітік, Дөңгелек, Пятимар су қоймаларына жобалық-сметалық құжаттары дайындалу үстінде.

а
Фото: Қазсушар БҚО филиалы

— Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жаңадан салынатын су қоймаларын қашан пайдалануға беру көзделіп отыр?

— Батыс Қазақстан облысында 2028 жылға дейін екі су қоймасын салу жоспарланған. 

Біріншісі — Казталов ауданы Қараөзендегі Жалпақтал су қоймасы. Ресейден Еділ суын алу жөніндегі қызметтерге республикалық бюджеттің шығындарын 30 пайызға дейін төмендету және 12 мыңнан астам тұрғынды сумен қамтамасыз ету үшін бұл жобаның маңызы зор. Жобаны іске асыру нәтижесінде 28,36 млн текше метрге дейінгі көлемде су жинақтау қамтамасыз етіледі. Бұл 12 мың га лиманды суаруға, сондай-ақ 23 мың га жайылымды суландыруға мүмкіндік береді. Биылғы 1 желтоқсанда мемлекеттік сатып алу порталында Жалпақтал су қоймасын салу жұмыстары жарияланды.

Екіншісі — Казталов ауданы Сарыөзендегі Сексенбай су қоймасы. Бұл су қоймасын салудағы мақсат — шамамен 6-8 млн текше метр су жинап, Ресейден Еділ суын алу жөніндегі қызметтерге кететін республикалық бюджет шығындарын азайту. Күні бүгін Сексенбай су қоймасының техникалық-экономикалық негіздемесі жасақталып жатыр. 

а
Фото: Қазсушар БҚО филиалы

— Оңтүстік аудандардың судан таршылық көретіні белгілі. Осы орайда мемлекет Еділ суын сатып алып келеді. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?

— Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасы Үкіметтері арасында трансшекаралық су объектілерін бірлесіп пайдалану және қорғау жөнінде келісім бар екені мәлім. Соған сәйкес жыл сайын 95 мыңнан астам тұрғыны бар төрт ауданның (Жаңақала, Казталов, Жәнібек, Бөкей ордасы) аумағын сумен қамтамасыз етуді жақсарту және қалыпты экологиялық жағдайды сақтау мақсатында Еділ суын алуға шарт жасалады. Қазақстандық тарап Еділ өзенінен машиналық су көтеруге және Батыс Қазақстан облысының аумағына тасымалдауға жұмсалған пайдалану шығындарын республикалық бюджет қаражаты есебінен өтейді. 

Бөлінген қаражатқа 103,9 млн текше метр көлемінде, оның ішінде Қараөзен және Сарыөзенге — 77,2 млн, Жәнібек суару-суландыру жүйесіне — 26,7 млн текше метр көлемінде шарт жасалды. Бүгінгі таңда Еділ суының келісімшарттық көлемі толық алынды. 

а
Фото: Қазсушар БҚО филиалы

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да сумен тиімді қамтамасыз ету бағытында бірнеше жоба қолға алынғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар