Батыс Қазақстанда үшем дүниеге келді
Батыс Қазақстан облысында үшем дүниеге келді, деп хабарлайды Kazinform.

Шыңғырлау ауданының тұрғыны, 36 жастағы Жанна Кенжебаева Орал қаласындағы облыстық перинаталдық орталықта үш қыз тапты.
Аталмыш орталықтың директоры Жанна Ділманова Республика күні қарсаңында қуанышты оқиға тіркелгендігін жеткізді.
Қазіргі уақытта Жанна мен оның үш қызының жағдайлары бірқалыпты, жақсы. Жұлдыздың салмағы 2260 грамм, Айым – 2700 грамм, Аңсаған –1950 грамм.
«Шақалақтар екі апта бойы перинаталдық орталықта дәрігерлердің бақылауында болды. Бүгін анасымен бірге үйіне шығарып жатырмыз», - деді Ж.Ділманова.
Ерлі-зайыпты Бақытжан Нұрмұханов пен Жанар Кенжебаеваның үшемнен басқа тәрбиелеп отырған 4 баласы бар. Осылайша, олар бірден 7 баланың ата-анасы атанып отыр.
Жас ананың сәбилерімен бірге ауруханадан шығуына байланысты БҚО денсаулық сақтау басқармасы мен Шыңғырлау ауданы әкімдігінің өкілдері құттықтап, ізгі тілектерін білдірді.
Айта кетейік, бұл – облыста биылғы екінші үшем.