Батыс Қазақстанда үйі суға кеткен тұрғындар баспанамен қалай қамтылды

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында көктемгі су тасқынынан бес аудандағы отбасылар мен Орал қаласындағы саяжай тұрғындары зардап шекті. Үйлері суға кетіп, тұруға жарамсыз болып қалған тұрғындар мәселесі қалай шешілді? Жаңа баспанаға қол жеткізгендер қалай орналасып жатыр? Міне, осы орайда Kazinform тілшісі лауазымды қызметкерлермен және тұрғындармен тілдесіп, мәселені сараптап көрді. 

жер үй
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

Облыста 775 үй қайда салынды?

БҚО әкімінің орынбасары Тілепберген Каюповтың мәлім еткеніндей, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар үшін сатып алынған пәтерлерді қоспағанда, облыста 775 (аудандарда 400, Оралда 375) үйдің құрылысы аяқталды. 

Тілепберген Ерсайұлының сөзіне қарағанда, Бөрлі ауданының төрт ауылында 60 үйді (Ақсуда — 23, Кеңтүбек — 11, Пугачев — 12, Аралтал — 14) үш мердігер салды. Бұл мақсатқа 1 млрд 664,7 млн теңге («Ақжайық» қоры — 942,5 млн теңге, «Демеу» қоры, «Qazaq Stroy» ЖШС — 722,1 млн теңге) жұмсалды. Құрылыс 24 маусымда басталып, ай жарымда, 1 тамызда мәресіне жетті. 

Теректі ауданындағы 130 үйдің (Подстепный — 105, Аңқаты — 23, Теректі — 2) құрылысына 10 мердігер мекеме қатысты. Бұған 3 млрд 479,3 млн тенге («Жайықмұнай» ЖШС — 374,7 млн теңге, «Демеу» қоры, «Qazaq Stroy» ЖШС — 3 104,6 млн тенге) бөлінді. Мұндағы құрылыс төрт айға (27 сәуір — 1 қыркүйек) созылды. 

Қаратөбе ауданы Қоржын ауылында алты мердігердің қатысуымен 90 үй бой көтерді. Құны 2 млрд 830,7 млн теңгеге («Ақжайық» қоры және «КазАзот» компаниясы) түскен үйлер 3,5 айда (10 мамыр — 3 қыркүйек) бітті.

үй
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

Бәйтерек ауданы Махамбет ауылында 6 үй «Жайықмұнай» ЖШС қаржысы (159,4 млн теңге) есебінен 2,5 айда, 1 тамызда пайдалануға берілді. 

Су тасқынынан зардап шеккен ауданның бірі — Сырымда 114 үйді (Жымпиты — 48, Өлеңті, Жетікөл — 40, Бұлдырты — 25, Жаңақоныс — 1) сегіз мердігер үш айда (10 мамыр — 21 тамыз) тұрғызды. Оған «Қазақстан халқына» қоғамдық қорынан 3 млрд 065 млн теңге берілді.

«Облыс орталығы Орал қаласында жалғыз баспанасы суға кетіп, жарамсыз болған саяжай тұрғындары үшін „Жұлдыз“ шағынауданында 192, Деркөлде 103, Зачаган кентінде 80, барлығы 375 үй 2,5 айда (13 маусым — 1 қыркүйек) салынып бітті.

Бұған барлығы 34 мердігер компания атсалысты. Құрылысқа 9 млрд 375,0 млн теңге («ERG» компаниясы) кетті», дейді Т.Каюпов. 

Айта кетейік, су тасқыны салдарынан күрделі жағдайды басынан кешкен Қаратөбе ауданы Қоржын ауылындағы жаңа үйлерді тапсыру рәсіміне қатысқан облыс әкімі Нариман Төреғалиев болашақта медициналық пункт, мәдениет үйі, екі көпір және елді мекенге кіреберіс жол салу қарастырылатынын жеткізді. 

Мұндай әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылымдардың дер кезінде салынып, тартылуы су тасқыны болған әр ауылмен қатар облыс орталығында да маңызды. 

Орал қаласы әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиевтің айтуынша, Деркөл кентіндегі үйлер бұрыннан бар жол бойында тұр. Сондықтан оған жол салынбайды. 

«Жұлдыз» шағынауданы мен Зачаган кентіндегі жаңа үйлер орын тепкен көшелерге асфальт төселеді. Бұлардың жобалары жасалды. Мердігерлер бір апта төңірегінде кіріседі. Олар биыл бітірмесе, келесі жылы аяқтайтын болады. Сонымен қатар алдағы жылы аталған үш ауданда балалар ойын алаңын салу жоспарлануда», деді Ж.Дүйсенғалиев.

үй
Фото: Ғайсағали Сейтақ/ Kazinform

Жаңа үйдің кілтін алғандар қалай орналасып жатыр?

Зачаган кентіндегі жаңа үйлер Ә.Молдағұлова атындағы № 38 мектеп-лицейінің маңында сап түзеген. 

Жаңа қоныс иелерінің бірі Билал Абдрахманов бастарына қиындық түскен кезде қолұшын созған Мемлекет басшысына, жергілікті билікке риза екендігін жеткізді.

«Біз Меловые горки кенті жағындағы „Комарово“ бау-бақша серіктестігінде тұрған едік. Сәуірдің 25-терінде жалғыз баспанамыз суға кетіп, үй-күйсіз қалдық. Эвакуациялық қосында тұрдық. Жұбайым Нұржамал Ермекова, бала-келінім, төрт немеремді қосқанда, сегіз жанбыз. Міне, 30 тамыз күні қолымызға жаңа үйдің кілті тиіп, қуанып жатырмыз. Оған қоса балам Амангелді отбасымен „Қаладан — ауылға“ бағдарламасы аясында Казталов ауданы Көпкүтір ауылына көшіп барды», дейді Б.Абдрахманов. 

Орал қаласы аумағындағы 1-саяжай қауымдастығында тұрған Нұрлан Әбілов кезінде өздері үй салып алғандығын айтады.

«Өзім құрылысшы болғандықтан, үлкендеу етіп салып едім. Суға кетеді деп ойлаған жоқпыз. Үш ай суда тұрып құлап қалды. Бес ай пәтерде жүріп, міне, жаңа қонысқа орналасып жатырмыз. Дүние-мүлікті қайтадан алып дегендей, бәріне шүкіршілік қылып отырмыз. Отбасымда зайыбым Арайлым, бала-келінім мен немерем бар. Немеремді „Айгөлек“ жеке балабақшасына апардық. Алдағы уақытта осы маңнан жаңа балабақша бой көтереді дейді. Жолымыз тез салынып бітсе, бәрі қалыпқа келеді деп ойлаймыз», деді Н.Әбілов. 

Бұрын 2-саяжай қауымдастығын мекендеген Гауһар Сыдихова да баспаналы болғанына қуанышты екендігін жеткізді.

«Өзім Орал қаласына іргелес орналасқан Теректі ауданы Подстепный ауылындағы Теректі балалар музыка мектебінде кітапханашы қызметін атқарамын. Жалғыз басты анамын. Үлкен ұлым студент, Астанада оқиды, кішісі мектепте. Енді оны осы Зачагандағы № 38 мектепке ауыстырмақшымын. Үйіміз суға кеткенде, барлығы көмектесті. Мүлкімізге де өтемақы берілді. Бәріне рахмет айтамыз», деді Г.Сыдихова. 

тұрғын үй
Фото: Ғайсағали Сейтақ/ Kazinform

Ә.Молдағұлова атындағы № 38 мектеп-лицейдің директоры Ақұштап Сүйінғалиева жаңадан көшіп келген отбасылардың балалары білім ордасында оқып жатқанын жеткізді.

«Ата-аналардың бірқатары 1 қыркүйекке дейін құжаттарын тапсырып үлгерсе, қалғандарын көшіп келу уақытына қарай қабылдап жатырмыз. Кемінде 200-дей оқушы келеді деп отырмыз. Мектептің өзі 2 348 шәкіртпен жаңа оқу жылын бастады. Соның ішінде 1017-сі бастауышта (272-сі 1-сыныпта), 1 132-сі 5-9-сыныпта, 218-і жоғары сыныптарда білім алады. Мектепалды даярлық сыныбында 215 бүлдіршін бар. 1 175 бала жергілікті тұрғындар „Құс фабрикасы“ деп атап кеткен „Зачаганский“ бау-бақша серіктестігінен тасымалданады. Алдағы уақытта медколледж ауданында „Жайлы мектеп“ жобасы аясында 600 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілсе, бау-бақша серіктестігінен келетін балалар түгелдей сонда ауысады. Сөйтіп жүгіміз жеңілдейді деп ойлаймыз. Жалпы, мектеп кадрлармен жеткілікті түрде қамтамасыз етілген», деді А.Сүйінғалиева.

Үйсіз қалған тұрғын мәселесін кім шешеді?

Орал қаласында көктемгі су тасқынынан кейін мәселем шешілмеді деп, әкімдіктің есігін күзетіп, табалдырығын тоздырып жүргендер де бар. 

а
Фото: Қайырлы Бекқалиев

Солардың бірі Қайырлы Бекқалиев «Энергетик» бау-бақша серіктестігінде 2016 жылдан бері тұрған. Үйі суға кеткеннен кейін мүлкіне байланысты бір жолғы әлеуметтік көмек берілген. Алайда үйдің жағдайын қарайтын комиссия келмеген.

Мұндағы кілтипан — кезінде Бөкей ордасы ауданы Бисен ауылдық округі Көктерек елді мекенінде тұрған үйі өзінің атағында қалып қойған. 

«Мен ол үйді 2021 жылдың қыркүйек айында туған інім Абай Бекқалиевке сатып едім. Бірақ уақытында ресімделмей қалған. Сол себепті Бөкей ордасы аудандық сотына жүгінуіме тура келді. Сот тараптарды тыңдай келіп, аталмыш тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілесі 2021 жылдың қыркүйек айында жасалды деп таныды. Сот шешімін Орал қаласы әкімдігіне тапсырдым. Енді қорытындысын күтудемін. Ай жарым суда тұрған үйім жарамсыз, содан бері туысымның пәтерін паналап жүрмін», деді Қ.Бекқалиев.

үй
Фото: Қайырлы Бекқалиев

Егер түрлі себептермен үйсіз қалғандар соттың оң шешімімен жүгінетін болса, онда комиссия қарап, тиісті қорытындысын шығарады.

«Соттың оң шешімі шықпаған жағдайда сол күйінде қалады. Дегенмен соның өзінде отбасылық жағдайы өте қиын азаматтардың тізімін қайырымдылық қорларының қарауына береміз. Олар демеуші іздеп, комиссиямен үйді қарап, шешетін болады», деді қала әкімінің орынбасары Ж.Дүйсенғалиев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда тасқыннан жапа шеккендерге арналған үйлер қалай салынып жатқанын жазған болатынбыз.

Оралда Деркөл кентінде 100-ден астам үйдің кілті берілді.

Орал қаласында тағы 200-ге жуық отбасына жаңа баспана берілді. 

Соңғы жаңалықтар