Батыс Қазақстанда жаңадан 5 жағажай ашу көзделіп отыр
ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында су айдындарында тұрғындар шомылатын 31 орын белгіленді.

БҚО ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Руслан Шариевтің мәлім еткеніндей, соның 10-ы – коммуналдық, мұның бесеуі балалар лагерьлерінде орналасқан. Сондай-ақ 21 жеке жағажай бар.
Оның сөзіне қарағанда, жаңа қаулы жобасы жасалып, облыс әкімдігіне келісуге жолданды. Соған сәйкес қосымша 5 жағажай ашу көзделіп отыр.
- Су айдындарының түбін тексеру және тазарту өтінімдерге және алдағы аптадан бастап бекітілген кестеге сәйкес жүргізілетін болады. Күні бүгінге дейін жағажай иелерінен 19 өтініш түсті. Облыста 35 рамалық-модульдік бассейн болса, соның 21-і балалар лагерьлерінде.Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында департаментпен 5 мобильді сүңгуір тобы, 28 жүзу құралы (оның ішінде 2 құтқару, 15 металл моторлы қайық және 11 үрлемелі резеңке қайық), сондай-ақ 34 сүңгуір жабдығы дайындалды, - дейді Р.Шариев.
Оның айтуынша, су айдындарының қауіпті және жабдықталмаған учаскелерінде 279 тыйым салу белгісі мен 44 ақпараттық баннер орнатылған. Мұндай жерлерде құтқарушылар патрульдейтін болады.
Департамент деректері бойынша өткен жылы 16 адам суға кетсе, соның алтауы – балалар. Биыл су айдындарында адам өлімі тіркелген жоқ.
Жыл басынан бері су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларын бұзғаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 412-бабына сәйкес 8 адам және 1 заңды тұлға жауапкершілікке тартылып, оларға 143 518 теңге айыппұл салынды. Мұндай құқық бұзушылық үшін жеке адамдарға 7 АЕК (27 734 теңге), заңды тұлғаларға 10 АЕК (39 620 теңге) көлемінде айыппұл салу қарастырылған.
- Су айдындарында адам өлімінің негізгі себептері тыйым салынған және жабдықталмаған жерлерде, сондай-ақ мас күйінде шомылу, жүзе алмау, балаларды қараусыз қалдыру екендігі белгілі. Сондықтан қауіпсіздік қағидаларын ұмытпау керек, - деді департаменттің басқарма бастығы.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да үш Жайық өзеніне батып кеткенін жазған болатынбыз.