Батыс Қазақстанда жасөспірімдерге қатысты қылмыс 75 пайызға өсіп отыр

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында кәмелетке толмағандар жасаған қылмыс 30 пайызға (30-дан 39-ға) көбейіп кеткен.

л
Фото: polisia.kz

БҚО полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Арман Оразалиевтің мәлім еткеніндей, соның 27-сі немесе көпшілігі – мүліктік қылмыстар (14-і – бопсалау, алтауы – ұрлық, бесеуі – тонау, екеуі – алаяқтық). 

Арман Молдиярұлының сөзіне қарағанда, жасөспірімдерге қатысты қылмыс 75 пайызға (49-дан 86-ға) өссе, соның 26-сы – жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар. 

- Жазғы демалыс кезеңінде кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ересектердің қарауынсыз тұрғын-жайдан тыс жерлерде жүруі көбейеді. Жыл басынан бері 2 774 дерек анықталып, заңды өкілдері жауапкершілікке тартылды. Оған қоса 35 кәсіпкерлік субъектісіне балалардың ойын-сауық орындарында болуына жол бергені үшін әкімшілік хаттама толтырылды. Полиция департаменті тарапынан жұмыстар күшейтілді. Барлық лагерьде, су айдындарында, демалыс саябақтарында, ойын-сауық орталықтарында, көшелерде құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қабылданып жатыр, - деді А.Оразалиев.

Оның айтуынша, балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының көбеюі алаңдаушылық туғызуда. Бес айда 146 жол апаты (2024 жылы осы мерзімде – 88) тіркеліп, соның салдарынан 173 бала (101) түрлі дене жарақатын алды. Өкінішке қарай, төртеуі (6) көз жұмды. 

- Бәйтерек ауданында автокөлік апаты орын алды, онда жасөспірім көлікті басқарып, салдарынан оқиға орнында жүргізуші мен жолаушы қаза тапты, олар – 9 және 10 сынып оқушысы. Осыған байланысты балаларды бақылаусыз қалдырмау керектігін еске саламыз. Баланың қауіпсіздігі – әр ата-ананың тікелей міндеті, - деді департамент бастығы.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да баласы түнгі уақытта жүргені үшін 2 300-ге жуық ата-ананың жауапқа тартылғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар