Батыс Қазақстанда жаз кезінде 620-ға жуық лагерь жұмыс істейді
ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында бос уақытты ұйымдастырудың әр түрлі бағытымен жаз кезінде 111 мың оқушы қамтылады.

БҚО білім басқармасы басшысының орынбасары Ақжарқын Темірханованың өңірлік коммуникация қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, бұл – өңірдегі 1-10 сынып оқушыларының 96 пайызы.
Оның сөзіне қарағанда, 1 маусымда басталатын шәкірттердің жазғы демалысы кезінде түрлі бағыттағы 617 лагерь жұмыс істейді.
– Жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған, сондай-ақ аз қамтылған отбасы балаларын түгелдей, мүмкіндігі шектеулі жеткіншектердің 94, девиантты мінез-құлықты оқушылардың 98,2 пайызын жазғы демалыспен қамту жоспарланып отыр. Облыс бойынша 111 479 оқушы немесе 96,6 пайызы жазда жұмыс істемек, - деді А.Темірханова.
Оның айтуынша, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорынан 271 оқушыға квота берілген. Балалардың демалысын қауіпсіз және тиімді ұйымдастыру жұмыстары бақылауға алынды.
– Қазіргі таңда облыс бойынша Халықаралық балаларды қорғау күніне орай түрлі іс-шаралар өткізілуде. Бұл ретте ойын-сауыққа ғана емес, оның әлеуметтік мән-маңызына назар аударылды. Мұндай іс-шаралармен 120 мыңнан астам бала қамтылмақшы, - деді А.Темірханова.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 106 мыңнан астам оқушының жазғы демалыспен қамтылатынын жазған едік.