Батыс Қазақстанда жергілікті жолдар қалай жөнделіп жатыр

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында биыл 44,3 млрд теңгеге 262,7 шақырымнан астам жергілікті және ауылішілік жолдарды жөндеу жоспарланып отыр.

Батыс Қазақстанда жергілікті жолдар қалай жөнделіп жатыр
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Марат Қуаншалиевтің мәлім еткеніндей, соның ішінде облыстық (7 жоба) және аудандық маңызы бар (16 жоба) автожолдарға 38,9 млрд теңге бөлініп, 223,9 шақырымын ретке келтіру көзделген еді.
Оның сөзіне қарағанда, қазіргі уақытта соның 118,3 шақырымына асфальтбетон жабыны төселді.
Сонымен қатар «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында 15 елді мекеннің ауылішілік жолдарына 5,3 млрд теңге қаралып, күні бүгін 38,8 шақырымның 15,5-іне асфальтбетон жабынын орнату аяқталды.

— Жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес құрылыстың техникалық күрделілігі мен ұзақтығына байланысты екі облыстық жолда қайта жаңарту жұмысы жалғасуда. Атап айтқанда, Бөрлі-Ақсай-Жымпиты автожолына (68-139 км) осы уақытқа дейін 7,3 млрд теңге игеріліп, 24,4 шақырымына асфальтбетон төселді. Биыл бұған (20 км) республикалық бюджеттен 7,9 млрд теңге беріліп, қазіргі уақытта соның 5,8 шақырымының төменгі қабаты салынды, — дейді басқарма басшысы.

Батыс Қазақстанда жергілікті жолдар қалай жөнделіп жатыр
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

Облыс тұрғындарының назарын аударып отырған тағы бір бағыт — Чапаев-Жаңақала-Сайқын автожолы (130-191 км) үшін осы уақытқа дейін 7,6 млрд теңге жұмсалып, 31 шақырымы асфальтбетонмен жабылды. 2025 жылы 15 км жолды жөндеу үшін республикалық бюджеттен 3,9 млрд, жергілікті қазынадан 0,4 млрд қаралған еді. Күні бүгінге дейін 5,1 шақырымға төменгі қабаты төселді.

Сонымен қатар аталмыш жолдың (307-337 км) 30 шақырымын күрделі жөндеуді өткен жылы қарағандылық «СМУ-5» ЖШС ұтып алған. Алайда Бөкей ордасы ауданы Бисен ауылы тұсынан Жаңақалаға қарай асфальт төсеу мардымсыз болып отыр.

Батыс Қазақстанда жергілікті жолдар қалай жөнделіп жатыр
Фото: БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы

— Мұның себебі өткен жылы «СМУ-5» компаниясы жұмысты қосалқы мердігерлерге жасатты. Әйтсе де ақшаларын уақтылы төлемей, араларында келіспеушіліктер болды. Биыл аталмыш компания басқа қосалқы мердігерді алып келді. Егер жыл соңына дейін жағдайды түземесе, біз «СМУ-5» ЖШС-мен қоштасатын боламыз, — деп түсіндірді М.Қуаншалиев.

Басқарма деректеріне сәйкес Барбастау-Ақжайық-Индер (93-145 км) және Теректі-Ақсай (51,7-73 км) автожолдарын күрделі жөндеу жұмыстары да жүргізіліп жатыр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да тендерді жеңіп алған депутаттың компаниясы жол салмай отырғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар