Батыс Қазақстанда жол апатынан екі адам көз жұмды

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында екі адамның өліміне соқтырған жол-көлік оқиғасы болды.

дтп
Фото: Canva

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 2 маусым күні шамамен сағат 22.30-да жаңа көпір маңындағы Подстепный-Меловые горки айналма жолында болды.

Жүргізуші «Лада Калинамен» қарсы бетке шығып кетіп, «КамАЗ» жүк көлігінің бүйіріне соғылған. Содан кейін тоқтай алмай, «DAF XF440» жүк көлігімен бетпе-бет түйіскен.

- Жол апаты салдарынан жеңіл көліктің жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды. Сол көлікте отырған ер адам Орал қалалық көпбейінді ауруханасының жансақтау бөліміне жеткізілді. Ол 3 маусым күні есін жимастан қайтыс болды. Қазіргі кезде ҚР ҚК 345-бабы 4-бөлігіне сәйкес тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиғаның мән-жайы анықталу үстінде, - деп хабарлады ведомстводан. 

БҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің нақтылауынша, аталған ауруханада жеңіл көлік жолаушысына ота жасалғанымен, бүгін таңда көз жұмды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да есірткі таратумен айналысқан қылмыстық топ ұсталғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар