Батыс Қазақстанда жол апатынан екі адам мерт болды

ОРАЛ. KAZINFORM - Батыс Қазақстан облысында екі адамның өліміне соқтырған жол апаты болды.

с
Фото: Kazinform

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, 15 қараша күні шамамен сағат 18.09-да Жымпиты-Қособа автожолында Hyundai Solaris және ВАЗ-2110 автокөлігі соқтығысқан.

Алдын ала мәлімет бойынша анықталғанындай, Hyundai Solaris автокөлігінің жүргізушісі қарсы бетке шығып кетіп, ВАЗ-2110 автомобилімен түйісуге жол берген.

Жол апаты салдарынан ВАЗ-2110 автокөлігінің жүргізушісі мен жолаушысы оқиға орнында жан тапсырды.

Hyundai Solaris жүргізушісі мен екі жолаушысы медициналық мекемеге жеткізілді.

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті сот санкциясымен қамауға алынды. Басқа ақпарат тергеу мүддесінде ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды, - деп хабарлады ведомстводан.

Тұрғындардың сөзіне қарағанда, марқұм болған екі ер адам Ақжайық ауданы Сайқұдық ауылында тұрған. Соңдарында шиеттей балалары қалды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда бұрынғы полицейдің пышақ жарақатын алуына байланысты қылмыстық іс қозғалғанын жазған болатынбыз.