Оралда бұрынғы полицейдің пышақ жарақатын алуына қатысты қылмыстық іс қозғалды
ОРАЛ. KAZINFORM — Оралда 8 қараша күні бұрынғы полиция қызметкері пышақ жарақатымен медицина мекемесіне жеткізілді.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қазіргі кезде оқиғаның барлық мән-жайы анықталу үстінде.
Жәбірленушінің сөзіне қарағанда, ол өзінің абайсыздығы салдарынан жарақат алған.
Сонымен қатар тергеу аясында барлық жорамал, соның ішінде басқа бұрынғы полиция қызметкерінің іске қатысты болуы мүмкіндігі тексеріліп жатыр.
— Тергеудің объективтілігін қамтамасыз ету үшін оған өзіндік қауіпсіздік бөлімшесінің қызметкерлері тартылды. Сондай-ақ қызметтік тексеру жүргізілуде. Аталған екі полиция қызметкері де бұрын ішкі істер органдарынан қуылған. Осы орайда жекелеген әлеуметтік желілерде таратылып жатқан жанжалдың бірге спирттік ішімдік ішу барысында шыққаны жөніндегі ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Көрінеу жалған ақпаратты таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске саламыз. Түпкілікті құқықтық баға тергеу қорытындысына сәйкес беріледі, — деп хабарлады ведомстводан.
Еске салайық, бұдан бұрын БҚО-да құрылыс алаңында кран құлап, ер адамның мерт болғанын жазған едік.