Батыс Қазақстанда жол апатынан жүргізуші мерт болды

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында «Лада Ларгус» жеңіл көлігі «КамАЗ» автомобилімен соқтығысты.

ДТП, авария, знак
Фото: freepik

БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 21 қыркүйек күні шамамен сағат 17.00-де Орал-Кирсанов автожолының 5-шақырымында Бәйтерек ауданы Байқоныс ауылы маңында болды. 

Алдын ала мәлімет бойынша жүргізуші «Лада Ларгус» автокөлігімен қарсы бетке шығып кетіп, «КамАЗ» автомобилімен түйіскен.

- Жол апаты салдарынан жеңіл көліктің жүргізушісі оқиға орнында қаза тапты. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр, - деп хабарлады ведомстводан. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда ток соққан 10 жастағы баланың көз жұмғанын жазған едік.