Батыс Қазақстанда жол шала-шарпы салынған – әкімдік жауап берді

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданы Дариян ауылына кіреберіс жолдың жарым-жартылай салынғаны жөнінде әлеуметтік желіде бейнежазба жарияланды.

Батыс Қазақстанда жол шала-шарпы салынған – әкімдік жауап берді
Фото: Видеодан алынған скрин

Ауыл тұрғынының мәлім еткеніндей, жаңадан төселген асфальт талапқа сай келмейді.

- Міне, қараңыз, асфальт жолдың жарты бөлігіне салынған да, екінші жартысына төселмеген. Жолдың кей тұстары тарылып кеткен. Сондықтан автокөліктерге жолдан түсіп жүруіне тура келеді. Оған қоса асфальт үгітіліп жатыр. Бұған тиісті органдар қалайша жол берген? Алда жаңбыр жауады, қыс келе жатыр. Тездетіп комиссия құрып, себебін анықтап, кінәлілерді жауапқа тарту керек, - дейді тұрғын. 

Осы мәселеге байланысты Kazinform тілшісі Бәйтерек ауданы әкімдігіне арнайы сауал жолдаған еді.

Аудан әкімінің орынбасары Ерлан Тоқсанбаевтың айтуынша, қазіргі кезде Дариян ауылына кіреберіс жолға ағымдағы жөндеу жүргізілуде. 

Оның сөзіне қарағанда, мердігер ұйым «Вектор Б» болса, келісім-шарт құны – 33 млн теңге. Келісім-шарт аясында жолдың шұңқырын жөндеп, 1,1 шақырымға қалыңдығы 4 см, ені 6 метр асфальт төсеу көзделген. 

- Таяу уақытта жолдың жиегі нығайтылып, белгі салынып, кедір-бұдыры тегістелетін болады. Жұмыстар аяқталған жоқ. Ағымдағы жөндеу жол қабатын тұрақты ұстау, ақаулықтарын түзеу мақсатында жүргізіледі. Бұған шұңқырды толтыру, жарылған жерлерін жабу, жекелеген учаскелерге жаңа асфальт төсеу кіреді, - деді Е.Тоқсанбаев. 

«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК БҚО филиалының бөлім басшысы Дәурен Әміровтің нақтылауынша, жолды ағымдағы жөндеу болғандықтан, тапсырыс беруші келісім-шартқа отырмаған.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да ауыл тұрғындары жолды бастады да, тастағаны жөнінде дабыл қаққанын жазған едік. 

Ерлан Тоқсанбаев бұл бағыт бойынша мердігер мекеме өз қаржысы есебінен 3,7 шақырым жолға асфальт төсегенін жеткізді. 

Соңғы жаңалықтар