Батыс Қазақстандағы Жәңгір хан сарайы қалай салынды
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданы Хан ордасы ауылында тарихи ғимараттар аз емес. Соның бірі – Жәңгір ханның сарайы. Бұл қазақ тарихында сақталып қалған бірегей нысан болып есептеледі. Осы орайда Kazinform тілшісі БҚО Хан ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығының бас қор сақтаушысы Мира Құтышевамен сұхбаттасқан еді.
- Мира Ерболатқызы, Жәңгір хан сарайының құрылысы қалай бастау алды? Ғимараттың эскизін әзірлеу, жобалау және құрылыс жұмыстарын жүзеге асыру қалай жүргізілді, кімдердің басшылығымен атқарылды?
– Жәңгір хан сарайының салыну тарихы – бір ғана ғимараттың бой көтеруі ғана емес, Бөкей ордасында жаңа әкімшілік орталықтың қалыптасуына ықпал еткен маңызды кезең. Бұл мәселені зерттегенде, ең алдымен мұрағат құжаттарына жүгінуіміз қажет. Өйткені сол кездегі ресми хаттар, инженерлік рапорттар, жобалық құжаттар мен сметалық есептер сарайдың салыну барысын кезең-кезеңімен қалпына келтіруге мүмкіндік береді.
1824 жылғы 24 қаңтарда Орынбор әскери губернаторы Петр Эссеннің Астрахань азаматтық губернаторына жолдаған хатында Жәңгір ханға арнап үй салу мәселесі көтеріліп, болашақ құрылыстың орнын алдын ала тексеру және оны мемлекет қазынасына тиімді жолмен жүзеге асыру қажеттігі айтылған. Осы мақсатта инженер-поручик Капитон Тафаевты хан ауылына жіберу туралы шешім қабылданған. Осы күні Жәңгір ханның өзіне жолданған хатта да губернатор оның тұрақты үй салу жөніндегі тілегін орындау үшін инженер Тафаевты жіберіп отырғанын хабарлап, құрылыс жұмыстары барысында оған қажетті көмек көрсетуді сұраған. Бұл құжаттар сарай салу жұмыстарының 1824 жылдың өзінде ресми деңгейде қарастырылғанын дәлелдейді. Жәңгір ханның бұл бастамасының астарында жеке басына арналған тұрақты баспана салу ғана емес, көшпелі өмір салтын біртіндеп отырықшылыққа бейімдеп, тұрақты қоныстарда өмір сүру үлгісін қалыптастыру болған. Мәселен, 1824 жылдың шілде айында Орынбор ерекше корпусының полковнигі Федор Бергтің Сыртқы істер министрлігінің басқарушысы граф Карл Нессельродеге жолдаған хатында Жәңгір ханның Каспий теңізі жағалауында қыс айларында тұрақты баспанада тұру ниеті болғаны баяндалып, ханның бұл үлгісіне бірқатар сұлтандардың да қолдау білдіргені айтылады.
- Ендеше, хан сарайының орны қалай таңдалды?
- Құрылыс жұмыстарының алғашқы кезеңінде болашақ сарайға қолайлы жер таңдау мәселесі туындаған. Бастапқыда хан үйіне Жәңгірдің ұсынысымен Каспий теңізі жағалауындағы, Николаевское елді мекенінен Астрахань бағытына қарай 10-13 верст шамасындағы жер белгіленіп, үйдің жобасы мен құрылысына байланысты мемлекеттік мекемелер арасында хат алмасу қарқын алады. Қажетті материалдардың бағасы мен тасымалдау шығыны есептеле бастайды.
Осы кезде Жәңгір хан таңдаған алғашқы орынның жеке меншік жерлерге қатысты мәселесі анықталады. 1825 жылғы 28 мамырда инжернер-поручик Тафаевтың инженерлер бастығы Григорий Генске жазған рапортында Жәңгір ханмен бірге жаңа құрылыс орны таңдалғаны баяндалады. Яғни, ханның алғашқы таңдаған орны өзгеріп, Нарын құмы, бұрынғы Подчищенная Осокорь кордоны маңындағы, Эльтон тұзды көлінен 75 верст қашықтықтағы жер белгіленген. Таңдалған жердің табиғи ерекшеліктері, құдықтың болуы, бау-бақша өсіруге қолайлылығы ескеріліп, үйдің қасбетін оңтүстікке қаратып орналастыру жоспарланған.
Тафаевтың есебінен Жәңгір ханның құрылыс жұмысына тікелей араласқаны байқалады. Хан құрылыс шығынын азайту мақсатында жобаны қайта қарауға, кейбір құрылыстарды қысқартуға келісіп, сылақ жұмыстарын, шатырды бояуды және кейбір құрылыс жұмыстарын өз мойнына алуға дайын екенін білдірген. Мұның барлығы ханның үй құрылысына жай ғана тапсырыс беруші ретінде емес, жобаның ұйымдастырылуына тікелей қатысқан тұлға ретінде араласқанын көрсетеді. Рапортта Жәңгір ханның болашақ қоныстың тек хан үйінен тұрмай, мешіт, мектеп және аурухана орналасқан тұрақты елді мекенге айналуын көздегені де айтылады. Ханның өтініші бойынша инженер Тафаев болашақ қоныстың жоспарын жасауды қарастырған. Бұл мәліметті 1825 жылғы 1 маусымдағы хатында Эссен де растайды. Ол Жәңгірдің бастамасын пайдалы деп бағалап, оның қызметін тек үй салу мәселесімен шектемейді. Ханның Неплюев училищесінде білім алу үшін үш жас сұлтанды жібергенін, шешекке қарсы алдын ала егу шарасын енгізуді, медицина мен ветеринария маманын Ордаға тартуға ұмтылғанын және қазақтар мен орыс кәсіпкерлері үшін сауда жасауға қолайлы екі айырбас орнын белгілегенін, бірі – Еділ жақтағы Чапчачи тауының маңында, екіншісі Жайық жақтағы Ұялы қонысында екенін атап өтеді. Бұл деректер Жәңгір ханның тұрақты қоныс қалыптастыру идеясын білім беру, денсаулық сақтау және шаруашылықты дамыту шараларымен ұштастырғанын көрсетеді.
- Ол кезде үй салу да оңайға түспеген болар?
- Иә, Жәңгір ханның тұрақты қонысы бірден бой көтермеген. Құрылыс орны анықталып, жоба мен смета әзірленіп, қажетті материалдар мен шығындар есептелген. Осы аралықта хан отбасына уақытша баспана қажет болған. Орыс зерттеушісі Модест Киттары өз еңбегінде хан 1826 жылдың күзінде құрылысқа кірісуді жоспарлағанын, алайда алғашқы кезде хан Дубовка мещаны Антиптен шағын ағаш үй сатып алып, оны сол кездегі Ставка орналасқан жердің батыс жағына, шамамен бір верст жерге орналастырғанын жазады. Жәңгір ханның отбасы 1826 жылдың қысын осы үйде өткізген.
Киттары ханның қоныс таңдауына да тоқталып, солтүстікке қарай орналасқан, қысы қарлы әрі аязды жердің қысқы қонысқа ғана емес, тұрақты мекенге де қолайлы болғанын атап өтеді. Жәңгір хан бұл жерді Бөкей ордасының саяси-әкімшілік орталығына айналдыруды көздеген. Сонымен қатар Еділге, Черный Яр, Камышин және Саратов бағыттарына жақындығы сауда-саттықты дамытуға мүмкіндік берген. Демек, қоныс таңдау кездейсоқ емес, оның болашақтағы әлеуметтік, экономикалық және әкімшілік маңызын ескерген шешім болды.
Жалпы, хан үйінің жобасы мен сметасын әзірлеу, тексеру және бекіту жұмыстары бірнеше мекеменің қатысуымен жүргізілген. Инженер Тафаев құрылыс орнын анықтап, жобалық есептерді дайындаса, инженерлік қызметтің басшысы Генс оның жұмысын қарап, сметалық есептерді тексеруге қатысқан. Орынбор әскери губернаторы Петр Эссен жобалық құжаттарды тиісті мекемелерге жолдап, құрылыс мәселесінің әкімшілік деңгейде шешілуіне ықпал еткен. Құжаттар Сыртқы істер министрлігі арқылы Ішкі істер министрлігі мен Мемлекеттік шаруашылық департаментіне жіберіліп, нәтижесінде Құрылыс комитетінде қайта қаралған. Жобаның түпкілікті бекітілуі 1827 жылғы 22 ақпанда императордың мақұлдауымен аяқталған.
Алғашқы жобалық есеп бойынша құрылыс құны 92 643 рубль 25 тиын болып белгіленген. Кейін инженерлік есептеулер нәтижесінде Санкт-Петербургтегі Құрылыс комитетінің қарауынан соң 36 102 рубль 73 тиын көлеміндегі смета бекітілген.
Құрылыс барысында жергілікті жағдайға байланысты тағы бір мәселе туындаған. Құрылыс жүретін жерде халық арасында беделді қазақ биінің қабірі орналасқаны хабарланған. Қабірді бұзу жергілікті халықтың көңіліне тиіп, наразылық туғызуы мүмкін болғандықтан, Жәңгір хан құрылыс орнын басқа жерге ауыстыруды ұсынған.
Бұл дерек хан үйін тұрғызуда тек инженерлік есеп қана емес, жергілікті халықтың дәстүрі мен тарихи-рухани құндылықтары да ескерілгенін әйгілейді.
Құрылыс жұмыстары 1827 жылдың тамызында басталып, 1828 жылдың көктемінде толық аяқталған. Яғни, хан сарайының бой көтеруі Жәңгір ханның жеке бастамасы мемлекеттік деңгейде келісіліп, инженерлік мамандардың жобалық еңбегі және Орынбор әкімшілігінің ұйымдастырушылық қолдауы нәтижесінде жүзеге асқан.
- Хан сарайында қандай қызметтер атқарылды?
– Хан сарайының тарихи маңызын онда атқарылған қызметтер арқылы тереңірек түсінуге болады. Бұл ғимаратты тек Жәңгір ханның отбасылық тұрағы ретінде қарастыру жеткіліксіз. Ол өз кезеңінде саяси, әкімшілік, қоғамдық және мәдени өмірдің тоғысқан орталығы болды. Ең алдымен сарай ханның ресми резиденциясы қызметін атқарды. Мұнда Жәңгір хан отбасымен бірге тұрған, күнделікті тұрмыс-тіршілігін жүргізген. Сонымен қатар ханның жұмыс кабинеті мен қабылдау бөлмелері орналасып, ел басқару мәселелері қарастырылған. Хан билерді, ру басшыларын, старшындарды және әртүрлі ресми қонақтарды қабылдаған. Маңызды қоғамдық мәселелер талқыланып, кеңестер өткізілген.
Хан сарайының мәдени-тарихи маңызы да айрықша. 1828 жылы Жәңгір хан үйінің бір бөлмесінде әулеті үшін маңызды заттарды сақтайтын «Қару-жарақ палатасын» ұйымдастырған. Онда арғы атасы Әбілқайырдың, Нұралының, әкесі Бөкейдің ұстаған қылыштарымен қоса, қазақ халқының тарихынан сыр шертетін көне қару-жарақтар мен ат әбзелдері жинақталған. Бұл «Қару-жарақ палатасы» қазақ даласындағы музей ісінің алғашқы бастамасы болды. Жан-жақтан келген құрметті меймандарын осы бөлмеде қабылдап, ондағы қару-жарақтардың тарихына өзі түсінік беріп, таныстырған. 1845 жылы Орынбор шекара комиссиясының төрағасы Михаил Ладыженскийге жазған хатында хан атасы Нұралыға берілген грамотаның түпнұсқасын немесе көшірмесін сұрап, қызығушылық танытқан. Яғни, ханның тек қару-жарақтарды емес, әулеттік жазба мұраларды да жинақтауға ұмтылғанын көрсетеді.
Жәңгір хан кейде осы хан сарайында шәкірттерден емтихан алып, жақсы оқығандарға сыйлықтар берген. Ал хан дүниеден өткеннен кейін ғимарат бірнеше тарихи кезеңді бастан өткерген.
- Сонда қандай мақсатта пайдаланылды?
- 1846 жылдан бастап ғимараттың батыс бөлігінде хан отбасы тұрып, орталық бөлігіне Ішкі Қазақ ордасын басқару жөніндегі Уақытша кеңестің кеңсесі орналастырылды. Сонымен қатар орыс шенеуніктері мен кеңесшілеріне пәтер ретінде берілген. Осы екі бөліктің одан кейінгі жайы қашан, қандай жағдайда бұзылғаны бізге белгісіз. Тек шығыс бөлігі ғана сақталып, кеңестік кезеңде 1921-1959 жылдары Надежда Крупская атындағы балалар үйі, 1960-1966 жылдары механизаторлар мектебі, 1967 жылы мектеп интернатына беріліп, одан соң тұрғын үй ретінде пайдаланылса, кейін электр желісінің мекемесі орналасты. Бұл кезеңдер ғимараттың тарихи келбетіне де, сақталу жағдайына да әсер етті.
- Хан сарайының шығыс бөлігі кезінде азып-тозып тұрғанын біз де көре қалдық, ал ғимарат қашан қалпына келтірілді?
– Шын мәнісінде хан сарайының шығыс бөлігі – қазақ даласындағы бүгінге дейін сақталған бірден-бір Хан ставкасы.
1988 жылы ғимараттың мемлекеттік қорғауға алынуы оны сақтау мен қалпына келтіру жұмыстарына жол ашты. 2002 жылы сол шығыс қанатында «Хан сарайының қару-жарақ палатасы» музейі жасақталып, келушілерге ұсынылды. 2004 жылы мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында, тарихи материалдар негізінде хан сарайының орталық және батыс флигелі қайта салынды.
- Қазіргі таңда хан сарайында қандай экспонаттар орналастырылған?
– Бүгінде Хан Ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығының құрамындағы Жәңгір ханның мемориалдық музей-үйінде мұрағат құжаттары мен зерттеушілердің жазбалары бойынша сол заманға сай жиһаздар мен жәдігерлер жинақталып, экспозиция жасақталған.
Атап айтар болсақ, хан сарайының шығыс флигеліндегі «Қару-жарақ палатасы» музейінде хан үйінің салыну тарихын баяндайтын құжаттар, қазақтың ұлттық бес қаруы, күміспен әшекейленген ат-әбзелдері, ас үй жиһаздары, зергерлік бұйымдар қойылған. Ал сарайдың қайта жаңғыртылған бөлігінде үлкен зал, сурет галереясы, Жәңгір ханның жұмыс кабинеті, кеңсе бөлмесі, Фатима ханымның жатын бөлмесі, билер кеңесінің залы және қонақ қабылдау бөлмелері ұсынылған.
Экспозицияда тарихи түпнұсқа жәдігерлермен қатар, сол дәуірдің интерьерін көрсету мақсатында қалпына келтірілген және қайта жасалған бұйымдар да пайдаланылып, ХIХ ғасырдан қалған көне жәдігерлермен толықтыру жұмыстары жүргізілуде. Осы орайда айтарымыз, қазіргі кезде Қырымдағы «Бақшасарай тарихи-мәдени, археологиялық музей-қорығында» сақталған Бөкей мен Жәңгір ханға тиесілі екі қылыш «Қару-жарақ палатасы» музейіне, яғни өзінің орнына қайтарылса, бөкейліктер үшін үлкен қуаныш болар еді.
Бүгінде музей ісі заман талабына сай дамып келеді. Сондықтан тарихи ғимаратты сақтау жұмыстарымен қатар, экспозицияларды жаңарту, қордағы жәдігерлерді ғылыми айналымға енгізу, цифрлық каталогтарды қалыптастыру және заманауи таныстыру тәсілдерін пайдалану да маңызды бағыттардың қатарында.
Қорыта айтқанда, Жәңгір хан сарайы – екі ғасырға жуық уақыт бойы талай тарихи кезеңнің куәсі болған ғимарат. Оның әрбір сақталған бөлшегі, әрбір музейлік залы мен жәдігері халқымыздың өткенінен сыр шертеді. Біз үшін бұл мұраны сақтау ғана емес, оның тарихын терең зерттеп, шынайы деректер негізінде кейінгі ұрпаққа жеткізу үлкен жауапкершілік. Өйткені хан сарайы – өткен мен бүгінді жалғап тұрған тарихи көпір, Бөкей ордасының өркениеттік даму жолын танытатын баға жетпес мәдени мұра.
- Әңгімеңізге рахмет! Еңбектеріңіз жемісті болсын!
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-дағы Хан ордасындағы қазынашылық ғимаратының тарихы қандай екендігін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ академик Тұяқбай Рысбековтің Бөкей хандығының тарихын әлі де кеңінен зерттеу қажеттігі туралы айтқаны хабарланды.